• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
10 Қыркүйек, 2016

Ажалға аттанғандар

525 рет
көрсетілді

...2012 жылы «Елім-ай» киностудиясына қайта соққаным бар. Сол көше, сол үй, сол екінші қабат. Сол Асекең, Асанәлі аға... Жүз­десуіміздің бұл жолғы мәнісі «Ата­ман­ның ақыры» фильміне бай­ланысты осыдан 16 жыл бұрын­ғы айтылған әңгімелерді қайта жаңғырту, кей тұстарын нақтылап, анықтап алу-тын. Біз – сұрақ қоюшы, ол кісі – жауап беруші. – Бұл кинолентаны түсіру қашан, қай уақытта басталды, Асеке? – Сценарийдің жазылып бітіп, талқылаудан өтіп, қолға тиген кезі 1969 жылдың ортасы-ау деймін шамасы. Ал түсіруге әзірлік пен алғашқы жұмыстың басталуы – 1970 жылдың қаңтары. Аяқталған уақыты – сол жылдың қарашасы. Сөйтіп өзіміз сөз еткелі отырған екі сериялы фильмнің 11 ай ішінде өмірге келгені бар. Бұл кино саласының сол кездегі өлшемімен алып қарағанда ре­кордтық көрсеткіш. – Аталмыш кинолентаны өмірге әкелген кімдер? Бұл жер­­де біз сізден бар жұмыстың ыстығына күйіп, суығына тоңған, аты-жөндері титрда тұратын шығар­машылық топты сұрап отырмыз. – Фильмді қойған – кинорежиссер Шәкен аға Айманов. Операторы – Асхат Ашрапов. Ал композиторы – Еркеғали Рахмадиев. Ұмытпай тұрғанда айта кетейін, мұндай екі сериялы, кең панорамалы, түрлі-түсті кинотуындыда тағы бір режиссер болады. Ол жұмысты Қуат Әбусейітов атқарды. Сондай-ақ шығарманы қажет жерінде музыкамен сүйе­мелдеп отыруды дирижер Ғазиз Дугашев жетекшілік ететін Абай атындағы академиялық опера және балет театрының оркестрі мойнына алса, монтаж жасау Роза Жанғозинаға жүктелді. Киноны дыбыстауға Лина Додонованың қатысып, сурет-безендіру жұмыс­тарына Валентин Пере­летовтің тартылғаны есімде. Қысқаша айтқанда мен білетін ұжым мү­шелері, міне, осы адамдар болатын. – «Атаманның ақыры» қай жерлерде түсірілді? Сіздердің тілдеріңіздегі киноэкспедиция деп аталатын ұғым ғой біздің айтып отырғанымыз. Соған таңдалып алынған қала мен дала, жер-су аттары есіңізде ме? – Сұрайын деп отырғаның сюжеттік кадрлар мен эпизодтық көріністерге қажет кино түсіру алаңдары ғой. Ондай жерлер Алматыдағы көне шіркеу төңірегі мен Жаркенттегі Уәлібай мешіті аумағынан, Шарын өзені мен оның арғы бетіндегі Ақсай жа­зығы және соның Қайқы асуы­на жалғасатын тұсындағы Темірлік сайы маңайынан, Хиуа шаһарындағы орталық базар, керуен сарай, қамал қабырғалары мен махалла орамдарынан табылды. Қазір емес, ол күнде де электр сымдары мен асфальт жолдары жоқ кентті немесе қаланың бір бөлігін табу қиынның қиыны еді. Соның бәрі, яғни ХХ ғасырдың 20-жылдарына тән көріністер түу сонау алыстағы Хиуада болып шықты. Сөздің тоқетер түйініне келсек былай. Фильмнің 90 па­йызы Өзбекстанда, 10 пайызы Қазақстанда түсірілді. – Осы кинотуынды тура­лы сөз бола қалса жазушы-дра­матург Әкім аға Таразидің: «Асан­әлі Әшімов қос сериялы «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдеріне қатар тү­сіп, ондағы рөлдерді абыроймен тамаша орындап шықты», деп ризашылықпен әлденеше рет айтқанын естігеніміз бар. Жоғарыдағы жағдай нендей себепке байланысты болған еді? Сол уақытта екі рөлді қатар ойнау сізге қиындық келтірген жоқ па? – 1968 жылы «Қазақфильм» студиясындағы Ғабең, Ғабит Мүсіреповтің жазған ғажап сценарийі бойынша халқымыздың жыр мұраларының ішіндегі інжу-маржаны «Қыз Жібек» екі сериялы кинотуынды болып түсірілсін деген шешім қабылданды. Он­дағы кейіпкерлерді сөзбен сом­дағанда классик жазушымыз ел аузындағы дөрекі, ұрда-жық Бекежан бейнесін көрерменге мүлде басқа қырынан көрсетіп, сол арқылы оны халқына арашалай жеткізуге тырысыпты. Мұнда ол бұрынғы «атаңа нәлет жауыз» емес, бір басында ақылдылығы да аңғалдығы да бар, сондай-ақ жақсылығы мен жамандығы да қатар жүретін нағыз дала көк­жалы болып шыққан екен. Жасыратыны жоқ, эпос варианттары мен соның негізінде қойылған бұрынғы спектакльдерде де Бекежан бейнесі бізге Төлегеннен бір сүйем жоғары тұрғандай көрінетін. Енді мына сценарийден кейін әкем театрдағы өзімнің сүйікті кейіпкерім тіпті «ақтала» түскендей, бұрынғысынан биіктеп кеткендей әсер қалдырды. Бір күні осы киноға жауапты сарапшылар тобынан сүйінші хабар келді. Олар фильмдегі Бекежан рөлін менің қанжығама байлапты! Қуанышымда шек жоқ! «Құдайым көктен іздегенімді жерден берді», деп бөркімді аспанға атып жүрмеймін бе? Сол кезде Шәкен аға Аймановтан да хабар келсін... «Атаманның ақыры» фильмінің сценарийі бекіп, оған актерлер іріктеу басталғанда: «Басқа кейіпкерлерде шаруам жоқ. Қасымхан Чадияровтың рөліне даярлап отырған адамым бар. Ол – Әшімов», деп комиссия жиналысында отырып алыпты. «Оу, ағасы, өмірімдегі армандап жүргенім Бекежан образы емес пе? Қолымнан бірдеңе келсе осы арқылы көрсете алармын деуші едім. Соған енді жете бергенімде, бұл қиын болды ғой?» деймін мен Шәкеңе артық сөз айта алмай қипақтап. «Фильм маған жүктелгенде осылай ойлағанмын. Енді осылай болды. Болашақта осылай болады», деп шарт ете түсті ол кісі. Жарықтық, қайтымы тез адам еді. Біраз үнсіз отырды да: «Қазірдің өзінде сезіп, біліп, тіпті көріп отырмын. Сенің Чадияров рөліндегі бұл бейнең өзгелерге өмір бойы үлгі болады. Қалған әңгімені кейінге қалдырайық»,  деді қамқор үнмен. Екі-үш күннен соң қос қожа­йыным – кинорежиссерлер Сұл­тан Қожықов пен Шәкен аға Айманов бірлесіп отырып менің «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдеріндегі мәселемді түбегейлі шешуге кірісті. Ар­найы жұмыс кестесі жасалды. Атқарылатын істің үлкен-кішісі демей, бәрі ескеріліп, талқыланды. Ең бастысы түсіністіктің болуы­на көп көңіл бөлінді. Осыдан кейін бір күннің ішінде, яғни түске дейін – Бекежан, түстен кейін Қасымхан болып ойнаған күндерім басталды. Екі рөлдің бір-біріне тигізген көмегі көп болды дер едім. Бекежанның эпизодына түсіп келген соң, Қасымхан «оңайлау беріледі». Қызу қанды, от болып жанып тұрған Бекежан мінезін сәл сабаға түсіре қойсам, Қасымхан мінезін дәл ұстаймын. Себебі Қасымхан әр ісін он ойланып, жүз толғанып шешер байып пен ақылдың адамы. Өйтпесе ол барлаушы атанып, мемлекеттік маңызды тапсырманы орындай алар ма еді. Керісінше, Қасымханнан кейін Бекежанның ішкі «жан сарайына кіру» тіптен қиын-тын. Оған төзімді, өте сақ чекист сияқты ұзақ ойланып отырсаң, қате қадам жасамауға тырысамын деп қарайлай берсең, кең қолтық, аңғал батырдың бейнесінен мүлде аулақтап кетер едің. Сон­дықтан сол күндері талғамға талап қоя отырып, психологиялық тұрғыдағы арпалыспен өмір сүруге тура келді. Осылайша, мы­салы, атаман Дутовтың каби­нетіне келген жас офицер мен Сырлыбайдың алдына кірген жас батырдың сөйлеу ерекшелігі мен өзін-өзі ұстау мәнеріндегі, тіпті жүріс-тұрысындағы титтей де қайталаулардың болмауы сияқты сан сыннан аман-есен өтіп, қос кейіпкерді экранға алып шықтық қой әйтеуір. – Енді мына мәселеге қарай ойысайық. Біз осы фильмдегі актерлердің біразының шеттен шақырылғанын білеміз... – Иә. Бұл дұрыс та болды. Себебі олар анау-мынау емес, алды сол кездің өзінде 40, арты 20 шақты кинотуындыға түсіп, одақ көрермендеріне кеңінен танымал болған тұлғалар еді. Мысалы, атаман Дутовтың рөліне шақырылған Владислав Стржельчикті алып қарайық. Ленинградтағы Үлкен драма театрының артисі ол Ұлы Отан соғысына қатысқан, өмірдің ыстық-суығын бір кісідей көріп, 60-жылдардың аяғына дейін-ақ талай марапаттарға ие болған адам еді. Кейін, 70-80-жылдары театр мен кинодағы ерекше еңбегі үшін КСРО халық артисі атанып, кеудесіне Социалистік Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын тақты. Ал фильмдегі екінші кейіпкер – Жаркент ЧК-сының төрағасы Николай Суворовтың рөлін ойнаған Виктор Авдюшкоға келсек, ол «Мосфильмнің» байырғы актерлерінің бірі-тін. 40-50-жылдардың өзінде «Жас гвардия», «Кубань казактары» атты киноленталарда жалт етіп көрінген бұл әріптесіміз 60-жылдары атақты «Өлілер мен тірілер» және өзіміздің «Қазақфильм» түсірген «Мәншүк туралы ән» фильмдерінде өзінің қандай талант иесі екенін дәлелдеген жан болатын. Виктор Антоновичтің түсіру алаңдарындағы сәл толас тапқан бір жұмыс арасында бізге: «Бұл менің кинодағы 46-шы рөлім»,  деп ғибраты мол қызықты әңгіме айтқаны есімде. Айтпақшы бұл кісінің қызы – қазақтың келіні. Актердің екінші әйелінен туған Варвара Авдюшко Голливудтағы қандасымыз, атақты кинорежиссер Тимур Бекмамбетовке тұрмысқа шыққан. Енді Түркістан майданы барлау басқармасы бастығының орын­басары Давыдов пен Жетісу ЧК-сының арнаулы өкілі Юханның бейнелерін сомдаған өнер иелеріне тоқталып өтейік. Оның алғашқысын атақты кинорежиссер Михаил Роммның шәкірті, М.Горький атындағы киностудияның актері Юрий Саранцев ойнаса, соңғысын шығармашылық еңбек жолын Е.Вахтангов атындағы драма театр­ында бастап, содан кейінгі өмірін Мәскеудегі киноактерлер студиясы театрымен тығыз байланыстырған Геннадий Юдин орындап шықты. Олардың екеуі де өз мамандықтарының бір деген білікті өкілдері, сол кездің өзінде әрқайсысы 20-30 фильмге түсіп үлгерген өнер шеберлері болатын. Ал діндар әкей Иона поп ше? Оны кім орындады  дейсіздер ғой. Моссовет театрының атақты артисі, киноактер – Борис Иванов. Сондай-ақ өзіміз сөз етіп отырған фильмдегі сатқын Кривенко мен атаман Дутовтың адъютанты Лопатиннің рөлдеріне Владимир Гусев пен Юзеф Мироненконың шақырылғаны да есімде. В.Гусев Мәскеудегі актерлер студиясы театрының талантты өкілі болатын. «Атаманның ақырына» дейін ол одақ көрермендеріне «Солдат Иван Бровкин» «Нормандия – Неман», «Гусар балладасы», «Майор «Вихрь» және бұлардан басқа да 30-дан астам фильм­ге түскен танымал тұлға еді. Владимир Михайлович біздің жоғарыдағы шақыруымыздан кейін «Қазақфильм» киностудиясымен өте жақсы шығармашылық қарым-қатынаста болды. Сөйтіп «Жаушы» және «Қан мен тердегі» өзіне тапсырылған рөлдерді өте нанымды ойнап шықты. Ал атаман Дутовтың адъютанты бейнесіндегі Юзеф Мироненкоға келсек, ол Ташкент көркем театр институтының түлегі еді. 1965-1968 жылдары Киевтегі Леся Украинка атындағы өнер ұжымында еңбек етті. 1969 жыл­дан өмірінің соңына дейін Ленинградтағы Үлкен драма театрын­да қажымай-талмай жұмыс істеді. Сахнада «Король Генрих ІҮ», «Ревизор», «Борис Годунов», «Пиквик клубының хаттары» секілді атақты пьесаларда ойнады. Юзеф Николаевич негізінен театр артисі болатын. Кинодағы рөлдерінің ішінен қазір тек ертеректе түсірілген «Андромедтің адасуы», «Оно­ре де Бальзактың қатесі» фильм­дер­індегі бейнелері ғана есімде. – Дұрыс екен. Енді мына сұраққа жауап беріңізші, аға. Өзімізден таңдау кімдерге түс­ті? Сұрайын дегенім, осы кино­лентаға біздің актерлердің қаты­суы қалай болды деген ой ғой... – Әңгімені атақты аға­лары­мыздан бастайын. Фильмдегі атаман Дутовтың оң қолы болып жүретін ақ гвардияшы полковник Абылайханов бар емес пе? Міне, сол кейіпкер рөліне ел-жұрт жақсы білетін, бәріміз өзін ерекше құрметтейтін Нұрмұхан Жантөрин шақырылды. Осы кинотуындыда екі-үш-ақ рет көрінсе де көпшілік көкейінде қалып қоятын бір бейне бар. Ол Қасымхан Чадияровты күдікті адам ретінде ұстап, оны көше аралатып жүргізіп әкеп түрмеге қамайтын сәттегі қарт қызыләскер образы. Бұл эпизодқа түсу атақты Елағаң, Елубай Өмірзақовқа жүктелді. Ал прототипі Махмұд Қожамияров болып табылатын Ахмет рөлі республикалық ұйғыр театрының танымал артисі Құрбан Абдрасуловқа берілді. Танымал дейтініміз, «Атаманның ақыры» фильміне түсуге шақырылғанға дейін бұл кісі Ташкент көркем театр институтын бітірген, одан соң Алматыдағы өзіміз ай­тып өткен өнер ұжымы сахнасында қойылған «Анархан», «Ғариф-Санам», «Садыр палван» спектакльдерінде белді рөлдерді ойнаған талант иесі еді. Енді фильмдегі бас кейіпкер Қасымхан Чадияровтың зайыбы, жас келіншек Салтанат пен сол үйдегі балақай рөлдері жөнінде бірер сөз. Атақты чекистің жарын бейнелеуге конкурстық іріктеу арқылы студент Алтынай Елеуова алынды. Ол сол кезде Алматы халық шаруашылығы институтындағы бухгалтерлік есеп факультетінің екінші курсында оқиды екен. Ұмытпасам бұл қарындасымыз осы дебютінен кейін тағы екі кинолентаға түсті-ау деймін. Содан кейін өмір­ден өзінің әу бас­тағы таңдаған мамандығы бо­йынша жолын тапты. Осыдан біраз уақыт бұрын Ұлттық банк­те бөлім меңгерушісі  болып қыз­мет істеп жүр деп естігенмін. Ал фильмдегі чекистің үйіндегі бүлдіршін, яғни Салта­наттың ұлының рөліне өзімізбен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген кинооператор Асхат Ашраповтың баласы Тимур түсті. Сөзімді енді осы кино­туын­дыдағы соңғы екі кейіпкерді айтумен аяқтайын. Оның біре­уі шек­араның арғы-бергі бетіне апиын тасып үйренген әккі аткезші Үсен. Көрермендердің есінде ол басына терсіңді тақия киген, ұзын сырма шапанын қаусырына киіп, көзі төңіректі тіміскілей қараудан танбайтын жан ретінде сақталып қалған болар. Міне, сол сылыңғыр қараның рөлін ойнау ұйғыр жігіті Зейнулла Сетековке жүктелді. Ол кезінде Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген, содан соң «Яшлық» па,  «Назугум» бе, сондай фольклорлық халық аспаптары ансамблінің бірінің көркемдік жетекшісі болып жүрген өнер иесі-тін. Хо-о-ш... Енді... Иә, ең соңғы айтайын деген кейіпкерім – шабарман-хабаршы Әкім. Құл­жадан маңызды мәлімет әкеле жатқан оны ақтардың шолғыншы отряды ұстап алып, қанша қинаса да ештеңе айтпаған соң өз көрін өзіне қаздырып, атып өлтіреді ғой. Міне, сол қыршын жастың рөлін ол кездегі бозбала, қазіргі белді де белгілі актеріміз Нұржұман Ықтымбаев ойнайды. Нұржұман соның алдында «Қазақфильм» түсірген «Қилы кезең» кинолентасында бақыршы баланың бейнесін орындаған болатын. «Атаманның ақыры» фильміндегі біз сөз еткен бейне оның екінші рөлі-ау деп ойлаймын қазір. – Ғафу етіңіз!.. Елдің есінде ерекше сақталып қалған қытай малай ше? Әрі тыңшы, әрі үй күтуші бұл кейіпкер туралы ештеңе айтпадыңыз ғой. – Е, айтпақшы... Иә-иә, оны және атаман Дутовтың зайы­бының рөліндегі актрисаны ұмытып барады екенмін ғой. Сырт көзге иіліп-бүгіліп, бетіңе күле қарайтын, ал былайғы өмірде басқан-тұрған ізіңді аңдып, қараулықпен шұғылданатын малай Лиді республикалық корей театрының артисі ойнады. Оның да фамилия­сы Ли еді. Аты есімде жоқ. Ал Дутовтың әйелі Натальяның рөлін Елена Немченко орындап шықты. Ол Ленинградтағы Үлкен драма театрының өкілі болатын. БДТ деп аталатын аталмыш өнер ордасы қазір атақты театр тарланы Г.Товстоноговтың атында ғой. ...Осымен Асекеңмен арадағы әңгіме аяқталды. Жасырмайық, көкейімізде: «Жоғарыдағы мәскеулік, ленинградтық және қазақстандық әріптестеріңізден бұл күнде кімдер бар, кімдер жоқ? Олардан хабарыңыз бар ма?» деген соңғы сұрақ бар еді. Бірақ бұл ағамызға ауыр тиер деп ойладық. Сөйттік те ол сауалды қоймадық. Редакцияға оралған соң жоғарыдағы жайдың жауабын интернеттен алмақ болып компьютер клавиштерін басқанымызда, монитор экраны мына мәліметтерді алдымызға жайып салды. В.Авдюшко (Су­­воров) 1975 жылы, В.Стр­жельчик (Дутов) 1995 жылы, Ю.Саранцев (Давыдов) 2005 жылы, Г.Юдин (Юхан) 1989 жылы қайтыс болыпты. Сондай-ақ В.Гусев (Кривенко) 2012 жылы, Ю.Мироненко (Лопатин)  2011 жылы өмірден озыпты. Өзіміздің отандастарымызға келер болсақ, «Атаманның ақыры» фильмін түсіруге қатысқан шығар­­ма­шылық және жұмыс тобынан қазір ешкім қалмапты. Ал кинодағы рөлдерде ойнағандардан бес актеріміз аман-есен, сау-сәлемет жүріп жатыр екен. Олар: Асанәлі аға Әшімов (Чадияров), Алтынай Елеуова (Салтанат), Құрбан Абдрасулов (Ахмет), Нұржұман Ықтымбаев (Әкім) және Тимур Ашрапов (балақай). * * * Сөз соңын мына бір жайтты ес­ке түсірумен, сөйтіп сондағы оймен түйіндегенді жөн көріп отырмыз, құрметті оқырман. 70-жылдардың аяғында Қазақстанда Кеңес әдебиетінің күндері деген форум өтті. Алматыда басталған бұл жиын республика облыстарында өз жалғасын тапты. Мақсат – ел-жұртпен жүздесу, ауыл-селодағы адамдардың өмірімен етене танысу. Құрамында Кав­каз елдері мен Орталық Азия республикаларының шығар­ма­шы­лық өкілдері бар сондай бір топты Алматы облысының Нарынқол ауданына Тәжікстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Мумин Каноат бас­тап келді. Олармен бірге қазақ әдебиетінің ақсақалдары да болды. Қайтар кезде қонақтар өздерінің ел мен жерге деген ризашылықтарын Әбекең, Әбділда Тәжібаевтың айтуымен жеткізуді жөн деп шешті. Сонда мінбеге көтерілген поэзия ақсақалы: «Әлде Зейін Шашкин бе, жоқ Ғабдол Сланов па екен, Мүмкін Мұхамеджан Дүзенов болар... – деп бастады сөзін. – Біздің Жазушылар одағында осы үш қаламгер ініміздің біреуі айтты деген мынадай әңгіме бар. Ол: «Жарықтық Жетісудың жері-ай! Топырағы құйқалы, құнарлы ғой. Түрен түспеген тың тақырып қаншама. Жазамын, шұрайлы шығарма тудырамын деген қалам иесі болса, мұндағы шым топырақтың біреуін ойып алсын да ой тербеуге отырсын. Одан оқиғасы қою, бояуы қалың роман, повесть туарына біз кепіл». Бұл сөз тектен-текке айтылмаған, жарандар. Оған жоғарыдағы сөзді айтты деген Зейін Шашкин, Ғабдол Сланов, Мұхамеджан Дүзеновтің осы Жетісу өңірінен жазған «Тоқаш Бокин», «Асау арна», «Ант» романдары анық дәлел. Сіздердің өмір сүріп, еңбек етіп жатқан жерлеріңіздің осындай ерекшелігі бар. Шекаралы өңірдегі тұнып жатқан сырды ашу, көрсету – қаламгерлер, мына біздердің міндетіміз». Ол кездегі кеңестік идеология­да ақтаңдақ деген ұғым жоқ-тын. Әдебиет ақсақалы оны «ерекше тақырып», «айтылмаған, сыр» деп жеткізіп еді жиналған жұртқа. Жетіс­у жеріндегі Жаркент өңі­рінде болған оқиға ішіне сыр бүккен сондай күрмеуі көп күрделі үлкен сюжеттің  бірі еді, құрметті оқырман! Біз бұған дейін бұл тақырып жазылған жоқ, сөз болған емес демейміз. Қаламгерлер Жүсіпбек Арыстанов, Алексей Брагин, Кемел Тоқаев, Бексұлтан Нұржекеев, Николай Милованов секілді аға ұрпақ өкілдері қалам тартып, 70-80-жылдары қадери-халдерінше баяндаған.  90-жылдары заң ғылымдарының докторы С.Молдабаев құжаттар жинағын құрастырған. Бірақ, одан бері жағдайдың, уақыттың, өмір талабының өзгергенін есепке алмай болмайды. Атап айтқанда олар: әдебиеттегі бір кездегі баяндау мен көркемдік сипат қана емес, деректілік мәселесінің алға шығуы, соңғы ширек ғасырдағы ақ эмигранттар жазбаларының көптеп жариялануы, мұрағаттардағы құжаттарға қолжетімділіктің артуы сияқты мәселелер. Соның нәтижесінде тың деректер мен соны фактілер қылаң беріп, беймәлім жайдың белгісіз сырлары ашылуда. Сондай-ақ бұған дейін жарық көрген зерттеулер мен жинақтарда сол атышулы операцияға қатысқан адамдардың кейінгі тағдыры жөнінде көп ештеңе айтылмай келді. Олардың ұрпақтарын іздеушілер болмады. Біз, міне, тақырыптың осы жағына да назар аударып, соларды ашып көрсетуге күш сал­дық. Оқыңыздар, кел­тірілген деректерге назар аударып, пікір білдіріңіздер демекпіз сөзіміздің соңында. Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан»