• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
10 Қыркүйек, 2016

Шағын стансалардың шаруасын кім шешеді?

376 рет
көрсетілді

Ақ бас Алатаудың басынан төменге құлап ағып жатқан ақ көбік суды қажетке жаратудың алғашқы әрекеттері өткен ғасырдың 65-жылдары басталған екен. Содан бері осынау алып таудың «Меркі» шипажайы орналасқан қойнауындағы арыны қатты өзенге шығыршық қойып, шыр айналдырып, энергия өндіріп жатқан үш шағын ГЭС бар. Елімізде Тәуелсіздік туы желбіреген алғашқы жылдарда жұмысы тоқырап қалған бұл кәсіпорынға француз инвесторлары қаржы саламыз деп келіп, өз бидайымызды өзімізге қуырып бере жаздап, ақырында қолдарын бір сілтеп кетіп қалыпты. Француз кәсіпкерлері бұл кәсіпорында жарық өндіргенімен оны тасымалдау мәселесінде біраз әуре-сарсаңға түскен көрінеді. «Барамыз да пайдаға бата қаламыз» деп қолдарын ысқылап келген олар осынау әбігерден кейін «нартәуекел» деп бұл жобаға ақша салуға қорыққан сияқты. Сөйтіп, ақырында стансаларды сатып құтылады. Содан кейін электр қуатын өндіретін бұл стансалар отандық кәсіпкерлердің қолына көшті. Бүгінде отызға жуық адам жұмыс істейді. Өткен жылы ғана Қытайда жасалған қуаттылығы 1,29 МВт болатын жаңа қондырғылар орнатылды. Осының арқасында тұтынушылар санын 110-ға жеткізді. Оның 51-і заңды тұлға, 59-ы жеке тұлға. Алғашында таудың етегінде орналасқан осынау шағын стансалар 150-200 шақырым қашықтықта жатқан Тараз қаласындағы қаптаған мекемелердің ішінен керектісін таңдап, дәл соған қалай өнімін жеткізеді деп аң-таң болғанымыз рас. Сөйтсек, алыста отырып поштамен хат жіберген сияқты, арадағы тасымалдаушы мекеме ақшасы төленсе Меркіден шыққан электр энергия­сын желілер арқылы қаланың кез келген түкпіріне жеткізіп бере алады екен. Бірақ арада қаншама жыл өтсе де бір кездері француздардың бастарын қатырған электр энергиясын тасымалдау мәселесі әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ. Әңгіменің ашығын айтсақ, өндірілген электр энергиясы тұтынушыларға «ЖЭС» ЖШС желілері арқылы келісімшарт бойынша таратылады. Меркілік стансалардың бағасы заңды тұлға үшін – 17,40 теңгені, жеке тұлға үшін 11,61 теңгені құрайды. Бүкіл электр желілері мен бағаналарына қожайындық етіп отырған «ЖЭС» мекемесіне электр қуатын тасымалдағаны үшін 5,40 теңге төлейді. Бағалары арзан болғандықтан әрине, дәл осы кәсіпорыннан жарық алғысы келетіндер көп. Бірақ, электр қуатын тасымалдаушы мекеме оған мүмкіндік бере қоймайды. – Осы Меркі ауданындағы ірі мекемелердің барлығы дерлік электр қуатын бізден алады, – дейді «Гидроэнергетикалық компаниясы» ЖШС-нің директоры Бедел Мырзабаев. – Тараз қаласындағы бірқатар мекемелер де біздің стансаның энергиясын тұтынады. Әрине, тұтынушылардың қатарын бұдан да көбейтуге болар еді. Мысалға, Тараз қаласындағы «Тараз су» мекемесі бізден тікелей қуат алғысы келді. Бірақ тасымалдаушы ЖЭС-пен арада проблемалар туындап, бұл мүмкін болмады. Тіпті бұл мекеме бір кездері біздің энергиямызды тасымалдағысы келмей, соттасқан кездеріміз де болды. Осыдан-ақ ЖЭС-тің шағын электр стансалар жұмысының қанат жаюына мүмкіндік бермей отырғанын байқауға болады. Жалпы, соңғы жылдары елімізде электр стансаларының қатары көбейіп келеді. Көрші Т.Рысқұлов ауданында соңғы жылдары пайдалануға берілген «Қарақыстақ» шағын су электр стансасы соның бір дәлелі. Шу ауданындағы «Тасөткел» стансасы да нағыз қуатында. Тасымалдау мәселесінен бөлек тағы бір ортақ проблема бар. Қыстың күндері тауда мұз қатып, судың арыны бәсеңдейді. Өзеннің арнасы тартылады. Яғни, өндірілетін электр қуаты да азаяды. Бұрын қыстың күндері тұтынушыларды жоғалтпас үшін біз басқа жақтан қосымша электр энергиясын сатып алатынбыз. Мұны алыпсатарлық деуге болмайды. Өйткені қанша бағаға сатып алсақ, тура сол бағада тұтынушыларға береміз. Ешқандай пайда көрмейміз. Бұл тек қыстың екі-үш айында тұтынушыларымызға уақтылы электр қуатын жеткізіп, солар бізден кетіп қалмас үшін жасалған амал екенін түсініңіз. Енді соңғы жылдары біздің кәсіпорындарға басқа жақтан электр энергиясын сатып алуға заң аясында тыйым салып тастады. Осыдан кейін қыс күндері электр энергия­сын ілдәл­далап әрең жеткіземіз. Менің­ше, бұл дұрыс емес. Қайта мемлекет жоқ­тан бар жасап отырған осындай кәсіп­- орындардың жұмысының жандануына қолдау көрсетуі керек емес пе? Иә, шынында жақында ғана Т.Рыс­құ­лов ауданындағы «Қарақыстақ» шағын су электр стансасында болғанымызда да осы мәселелер әңгіме болған еді. Сондықтан осынау мәселенің мәнісін Жамбыл облыстық энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаевтан сұрадық. – Электр қуатын өндіруші стансалар мен оны тасымалдаушы мекемелердің арасындағы келіспеушілік бұрыннан бар, – дейді бұл жөнінде Ерік Әубәкірұлы. – Әрине, әрқайсысы заң аясында өз мүдделерін қорғайды. Сондықтан бұл жерде пәлендікі дұрыс, түгендікі бұрыс деп нақты айту қиын. Ал, қыстың күні қосымша электр энергиясын сатып алу мәселесіне келетін болсақ, энергия өнді­руші мекеме өзіне міндеттелген жұмыс­ты атқаруы тиіс. Меніңше, олар қосым­ша электр энергиясын сатып алуға рұқ­сат беретін лицензияға қол жеткізсе, ешқан­дай мәселе болмайды деп ойлаймын. Әрине, басқарма басшысының бұл сөзінен осы мәселеге деген жанашырлық пен алаңдаушылықты байқадық. Бірақ, осы салада ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі басшы Бедел Мырзабаев соңғы рет заң өзгергеннен кейін қосымша электр энергиясын сатып алуға рұқсат беретін лицензияның да жолы кесілгенін айтады. Яғни, бұл мәселенің шешімі жоғары жақта жатыр деген сөз. Бәлкім еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл мәселенің түйінін тарқатып берер. Қалай айтсақ та, шағын электр стансаларының шаруасы әл-әзірге оңалмай тұр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы