• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
12 Қыркүйек, 2016

Берел қорғаны бірегей мұражайға айналды

1546 рет
көрсетілді

Өр Алтайдың төріндегі Патшалар жазығында елімізде баламасы жоқ ашық аспан астындағы мұражай ашылды. Енді Берел қорғандарына келуші этнотуристер 8,5 метр тереңдікке түсіп, құнды археологиялық қазбаларды жақыннан көре алады. Бұдан бұрын Шығыс өңірінде археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытудың аймақтық жоспары аясында Берел қорғандарына да қазба жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлағанбыз. Ғалымдар жаз бойы Берелде б.з.д IV ғасырға жататын адам сүйегі мен құрбандыққа шалынған жеті жылқының қаңқалары бар №2 қорғанды қазған болатын. Табылған жылқылардың барлығы да скифтік жануарлар нақышымен, атап айтқанда ежелгі көшпенділер мәдениетінде сирек кездесетін қораз бейнесінде безендірілген. Сонымен қатар қорғаннан қыш құмыралар шықты. Жуырда Катонқарағай ауданындағы жұмыс сапары аясында қазба жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен құнды жәдігерлерді келушілердің көруіне мүмкіндік жасау үшін қорғанның үстінен бір жарым айдың ішінде шынылы шатыр тұрғызылды. Қатты шыныдан жасалған жабық кешен аумағы – 90 шаршы метр, ал биіктігі жәдігерлер жатқан тереңдіктен бастап 8,5 метрді құрайды. – Ашық аспан астындағы мұражай – маңызды мәдени құбылыс. Бұл шараның Тәуелсіздік тойының 25 жылдығымен тұспа-тұс келуі баршамызды қуантады. Яғни, біз айтулы мемлекеттік мерейтойға зор ұлттық құндылықтарымызды ала келдік. Осы орайда Зейнолла Самашев бастаған археологтар қауымына үлкен алғыс білдіремін, – деді нысанның тұсаукесер салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар. Айта кету керек, Берелдегі бірегей кешенмен шетелдік ғалымдар да танысты. Арнайы шақырылған мәртебелі меймандардың бірі, Ресейдің Санкт-Петербург қаласының мәдениет институтының профессоры Николай Боковенко осы іспетті зерттеулер Тува мен Хакасия жерінде жүргізіліп жатқанын жеткізді. Шетелдік ғалымдар қысқа мерзімде мұндай мұражайды ашудың мүмкін бола бермейтінін, Шығыс өңірінде археологиялық табыстарға үлкен көңіл бөлінетіні қуантатынын атап өтті. 10 қыркүйек күні Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы аумағында жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесіне арналған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оның жұмысына Франция, Оңтүстік Корея, Ресей және Моңғолия мемлекеттерінің дипломаттық корпустарының өкілдері, Қазақстан, Түркия, Ресей, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Польша, Қытай елдерінің үздік археологтары мен түркітанушылары қатысты. Думан АНАШ, Шығыс Қазақстан облысы.