• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2011

Білім мен ғылым – астыңдағы пырақ, алдыңдағы шырақ

719 рет
көрсетілді

Жасампаздық жолбасшысы

Бүгінде Қазақстанның аз ғана жылдар ішінде адам нан­ғы­сыз жылдамдықпен дамы­ға­нын ешкім де жоққа шығара ал­майды. Істеліп жатқан шаруа­лар­ды қанша жерден көргісі, мойындағысы келмейтіндердің өздері іштей бұл уәжге мойын­сұ­нады. Өткен 20 жыл ішінде демократиялық жолмен жүріп келе жатқан, бүкіл әлем та­ныған нарықтық экономикасы бар, дамыған демократиялы Қа­зақстан құрды. Мұның да­быра сөз еместігін біз ғана емес, әлем саясаткерлері де жақ­сы біледі. Әрине, батыстағы сарап­шылардың біразының кө­ңі­ліндегі «нағыз» демократия деңгейіне жетпейтін шығар, бір­ақ демократия деген осы екен деп, халықты бос даурық­ты­ра­тын, еш нәтижесіз алауыз­дыққа апаратын хаосты о бастан-ақ мансұқ еткенбіз. Басты қағидасы бүкілхалықтық билік орнату болды. Солай жасалды да. Біздің одақтастарымыз на­рық­тық анархияға бой ұрып жатқан кезде, Қазақстан нарық­тық экономиканы халықты әлеу­меттік қорғаудың жоғары деңгейімен ұштастырды. Ал демократия күшті мемлекетпен қамтамасыз етілді. Мемлекет мықты болса, демократия да өз арнасымен дамып отыратынына көз жете түсуде. Оны нарықтың арнасынан шығып кеткен алып толқындар халықты келіп соқ­қанда, іргетасы мықты мемлекет экономикаға да, қоғамдық өмірге де араласып, қолдау мен жанды көмек көрсету арқылы ауыртпалықтардан аман-алып шыққанынан-ақ көруге болады. Соның арқасында ғана бізде көршіміз Ресейдегі секілді «шок терапиясы» орын алмады. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында-ақ Қазақстан жетекші державалармен терезесі тең дәрежеде және өзара тиімді негізде қарым-қатынас орнату секілді шешуі күрделі түйінді тарқата білді. Сол кездің өзінде-ақ еліміз жаhандану жағ­дай­ында бірде-бір халықаралық ұйымның адамзатты қауіпсіз­дік­пен қамтамасыз ете алмай­тынын мәселе етіп көтерді. Бұл жағдай қазіргі кезде ең өзекті проблемаға айналып тұрғанын бастан өткерудеміз. Мен деген халықаралық ықпалды ұйымдар мен алпауыт мемлекеттер сол жылдары ондай жағдайлардың өз бастарына төнбейтініне сенімділік танытып, аталы сөзге құлақ түруге енжар қарағаны жа­дымызда. Ал бүгін әлемде ты­ныштықтың, адамзаттың қауіп­сіздігінің шеті сетіней бас­тады. Осыдан он жыл бұрын да дәл бүгінгідей тұрғындардың ба­сына төніп тұрған қауіпті оқи­ғалар аз болатын. Күні кеше ғана Ресейдегі Домодедово әуежайын­да­ғы жарылыс қаншама бейбіт қарапайым жандарды о дүниеге аттандырғанының куәсі болдық. Көне Еуропаның өзі аяқ астынан болатын мұндай қауіп-қатер­лер­дің алдын ала алмай отыр. Қауіп­сіздік орнату үшін аймақтардан бастап жаhандануға дейін қам­ти­тын инте­грацияланған құры­лым­дардың бір­тұ­тас жүйесі қажет еке­нін әлемде бірінші болып Қа­зақстан тарабы айтып, еліміздің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымдастыру ту­ра­лы идеясы жал­­пы континен­тал­дық қауіп­сіз­дік құрылымы ретінде өмірге енгізіліп, қазіргі кезде әлем­дік қауіпсіздік жүйесінде өзінің сал­мақты үлесін қосуда. Отаны­мыз­­дың әлемдік деңгейдегі абы­рой-беделі, адамзаттың дамуына бай­ланысты идеялары ЕҚЫҰ-ға төр­аға болуына жол ашты. Сол төр­ағалықтың өте жоғары деңгей­де өтіп, Астана саммиті Қазақ­станның бүкіләлемдік деңгейдегі жетекші мемлекеттердің бірі ретінде оң жол көрсетіп, көш бас­тауға дайын болғанын айғақтады. Өзім ғалым болғандықтан, елі­мізде ғылым саласындағы бо­лып жатқан оң өзгерістер мен жаңа бетбұрыстарды айтпай кете алмайтыным белгілі. Бүгінде да­мыған елдерде 1 млн. халыққа 1-6 жоғары оқу орнынан келеді. Ал Қазақстанда 149 университет пен 200 ғылыми кеңес ғылым кандидаттарын, докторларын «ба­сып шығарып» жатыр. Ондайлар біздің арамызда да бар, соның ішінде 60 кандидаттың біреуі, 37 ғылым докторының біреуі ғана ғылым жолына түсетіні, бұған тосқауыл қоятын кездің келгені мәлімделді. Тағы да осы жерде мұның кімге қажеті бар деген сұрақтың басы қылтияды. Би­ылдан бастап осы ғылыми кеңес­тер жұмысын тоқтатады. Бұл кеңестердің қалай жұмыс істейтінін, дипломдардың қалай берілетінін ел жақсы біледі. Қаптап кет­кен саны бар да, сапасы жоқ ғы­лым докторлары мен кандидат­тарының ғылымның парқын да, сыйын да кетіре бастағаны шын­дық. Лауазымды таққа отыру үшін шенеуніктерге ғылым дәре­же­сін сатып алуға жол беріліп, бү­гінде екінің бірі доктор болып отырған кезде одан елге келіп жат­қан пайда бар ма? Одан да нағыз ғылыммен айналысып жүр­ген ғалымдардың дәрежесін көте­ріп, сол арқылы жастардың ғылымға деген ынтасын оятуға жол ашқанымыздың дұрыс екенін ұққанымен, бүгінгі ғана күннің өлшемімен ойлайтындар дәрежені станоктан басып шығарып, лауазым иелеріне беріп жатты. Енді бұған жол берілмейтін болды. Жалған ғалымдардың жолын жабу арқылы алдағы кезде ғылымның жаңа тынысы ашы­лады. Біз оған сенеміз. Қазақ­стан­ның стратегиялық мақсат­та­ры­на жетудегі табысының ажы­рамас бір бөлігі ретінде халық­тың денсаулығына баса назар аударылуы да өте орынды деп білеміз. Соңғы уақытқа дейін бизнес тарапынан ғылымға деген ықы­лас соншалықты бола қой­ма­ды. Бүкіл әлем ғылымның соңғы жетістіктерін енгізгенде ғана алға ілгерілеушілік, бәсекеге құрыл­ған мына заманда ойып тұрып өз орныңды сөрелерден белгілеп алуға болатынына көз жеткізіп, сол бағытта әрекет жасап жат­қан­да, біздің бизнесмендер мен өнім өндірушілер отандық ғылымға енжарлық танытқаны бірден көзге ұрып тұрды. Осындай шақта шикізат елі деген атаудан арылып, отандық нақты өнімдер өндіруге бағыт алып жатқан еліміз үшін ғылымның, оның ішінде отандық ғылымның жетістіктерін игілікке жаратпаса болмайтыны анық аң­ға­рылды. Сөйтіп, отандық ғы­лым­ды дамытуға, оның жетістіктерін өмірге ендіруге бағыт ұстандық. 2011-2020 жылдарға арналған стратегиялық жоспардағы білім мен ғылым туралы қамтылған мәселелер «Ғылым туралы» жаңа заң жобасының дүниеге келуіне түрткі болды. Ғылым мен білімді ұштастыруда жоға­ры білім беру­дің мазмұны мен құрылымын Болон процесінің параметрлеріне сәйкестендіру ар­қылы қазақ­стан­дық жоғары білім алушылардың әлемдік ең­бек нарығында өз орнын іркілмей табуына жол ашу керектігі айқын білінді. Біздің мемлекет әлемдегі 47 мемлекеттің бірі бо­лып, Болон процесіне қосыл­ды. Біздің университет осы үдерістің негізі болып есептелетін Университеттердің ұлы хартиясына алғашқылардың бірі болып 2003 жылы қол қойды. Аталған шара білім ордасында дайындалатын мамандықтар­дың оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларын еуропалық стандарттарға сәйкестендіруге, академиялық дәрежелердің ха­лықаралық деңгейде мойын­да­луына, кредиттік технология бойынша сынақтардың бірлік жүйесін енгізу арқылы акаде­мия­лық ұтқырлықты қамтама­сыз етуге, екі дипломдық білім бағдарламасының жүзеге асуына мүмкіндіктер тудыруда. Білім мен ғылымды ұштас­тыруда республикалық жоғары оқу орындарының бес түрі жос­парланып отыр. Олар – ұлттық зерттеу университеттері, ұлт­тық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттері, университет, академиялар мен институттар. Бұлар ғылым мен білімді жалаң формулалар мен әдістемелер арқылы ғана беріп қоймай, жастарды ғылым мен білімнің қырлары мен сырла­рына терең бойлатып, сол ар­қы­лы өзі өмір сүріп жатқан мем­лекеттің, яғни, отанының әлеуетін көтеруге әр жастың үлес қоса алатынына көздерін жеткізу керек екенін Елбасы қадап айтуда. Мысалы, АҚШ-тағы Массачусетс технология­лық университетінің түлектері сол аймақта 450 мың жоғары технологиялық кәсіпорындар аш­қан. Бұл оқу орнының мық­ты әлеуетін көрсетсе керек. Одан білім алып шыққан жастар елдің экономикасын дамы­ту­ға барынша үлес қосуда. Бізде әрбір білім ошақтарынан тү­леп ұшқан жастардың өз Ота­нының әлеуетін көтеруге сондай үлес қосуын армандаймыз. Армандап қана қоймай, солай болса екен деп тілейміз және солай болатынына сенеміз де. Қалау­ын тапсақ, білім мен ғы­лымның астымыздағы пырақ, алдымыз­дағы шырақ болуы үшін елімізде бар мүмкіндік жасалуда. Бүгінде алдағы 10 жылдың асқаралы мақсаттары белгілі. Ендігі мақсат белгіленген бағдарлама бойынша еліміздің әлеуеті мен экономикасын әрі қарай дамыту болып табылады. Рақымжан ЕЛЕШЕВ, академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.