• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2011

Қуғын көрген немістер

1986 рет
көрсетілді

Қазақ пен немісті тоғыстырған қасіретке толы тарихи тағдыр. Сол бір қатыгез, қиын-қыстау кезеңнің өзінде екі халық жақындасып, рухани ынтымақтаса түсті. Билік: «бұ­лар­ға жылы қабақ көрсетуге бол­майды – фашистердің жәрдем­ші­лері», – деді. Қазақ сенбеді. Сталиндік жалған үгіт, оның рақымсыз, жауыздық мәні қазақ халқының адам­гершілігін, жүрек жылуын тұн­шықтыра алмады. Тыйым салынуы­на қарамастан, қазақ әйелдері өздері ішіп-жемнің жетіспеушілігін көріп жүрсе де қарны ашқан неміс бала­ла­ры­на қолындағы барын – құрт, ірімшік, бауырсақ, жұқа нан ұсынды. Қазақ та сергелдеңді көп көрген. Татар-моңғол, жоңғар жаугершілігі, ақ патша, кеңес дүрбелеңі. Кәмпеске, қолдан жасалған екі дүркін ашар­шы­лық. Қызыл террор. Елін тастауға мәжбүр болған қазақтың үштен бірі қыр асты, тентіреп кетті. Респуб­ли­каға концлагерлерді қаптатып жат­қан­да, жер аударған халықтарды кө­ші­р­генде, ядролық полигонды сал­ған­да, тың игеруді күштеп міндеттегенде «сендерге осы керек пе еді?» деп бізден ешкім сұраған жоқ. Сөйт­кен қазақ бүгін тәуелсіздікке қолы жетіп, не істеу керектігін енді өзі шешпек. 1941 жылғы зорлықпен жер ау­дарылғанның жөнсіз екені ресми түр­де мойындалды, бірақ неміс хал­қы то­лық ақтала қоймады. Олардың Еділ жағалауындағы бұрынғы неміс авто­но­миясын қалпына келтіру жө­нін­дегі заңды талабы орындалмады. Іс насыр­ға шауып, ушыға бастағанда Мәскеу қазақ жерінен неміс облысын ашпақ болды. Бұған қазақтар ғана емес, немістердің өздері де қарсы шық­ты. Алайда, шовинистік пиғыл­да­ғы Кеңес Одағы, кейін Ресей бас­шылығы бұл мәселені шешкен жоқ. Немістер тарихи отанына жаппай кете бастады. Қазақ пен неміс тағдыры осылай тоғысып жатты. Қуғын-сүргін ұйымдастырып, құ­қық­тарын шектеп, немістерді қайғы-қа­сіретке ұшырату ақ патша за­ма­нында басталған. Большевиктер билікке келместен бұрын-ақ оларды итжеккенге жіберу жобасы болған. Демек, Кремль ешқандай жаңалық аш­қан жоқ, патша заманындағы пи­ғыл­ды жалғастырды. Олай болса, оқи­ға­ның біртіндеп қалай өрістегеніне назар аударғанымыз жөн. Қазақстан талай уақыт Ресей отаршылдығын бастан кешіргенін мойындасақ, мұның да ортақ тарихымызға қатысы бар­лы­ғын жоққа шығара алмаймыз. * * * Әлбетте, ресейлік немістердің та­ри­хын Германия мен Батыс Еуропа тұрғындарын Ресейдің құлазыған кең даласын игеруге шақырған II Ека­терина патшамен байланыс­ты­ра­ды. Дей тұрсақ та, бұл тұжырыммен келісе қоймайтындар бар. Белгілі тарих­шы Н.М.Карамзиннің пікірінше, не­міс­тердің бұл елге қоныс тебуі осы жыл санауымыздың алғашқы мың­жыл­дығының соңында басталған. Византияның ықпалын азайту үшін орыстың атқамінерлері Батыс Еуропа елдерімен қарым-қатынасты күшейте бастайды. Мәселен, Игорь князінің жесірі Ольганың хатына жауап ретінде 961 жылы Киев Русіне дін қызметшісі Альберт бастаған өкілетті делегация жіберілген. Бұдан кейінгі жылдары неміс-орыс қатынасы діни жолмен жал­ға­сып, ны­ғая түседі. Кейін немістер орыс жерінде тек саяхатшы немесе елші болып қана келмейді. Олардың көбі Киевте және оның төңірегіндегі маңайда қа­лып тұрақтайды. Орыс князьдерімен құда болып, өрістерін ке­ңейтеді. Ай­талық, Ярослав князь­дің балалары неміс қыздарына үйленген. XII ғасырдың аяғында сауда-сат­тық жағдайының кеңінен өрістеуіне байланысты біразы орыс қалаларына орналасады. Осыған орай новгород­тық және псковтық көпестердің көп­теген құжаттары – келісімшарттары бүгінгі күнге дейін сақталғанына назар аударған жөн. Қазіргі немістердің біраз бөлігі XII ғасырдың соңынан бастап бал­тық жағалауына жеткен неміс рыцар­ларының ұрпағы екенін тарихи деректер айғақтап отыр. Ал кейбіреулері славян тектес князьдерінің ша­қы­руымен келді. Тағы бір бөлігі орыс қалаларында әртүрлі себептермен қалып қойған алыстағы ата-бабаларының тұяқтары. Бұлар негізінен қолөнер кәсібі мен тоқыма өнді­рі­сін өркендету үшін шақырылған қол­өнер шеберлері, ғалымдар, әске­ри қызметшілер. Қазіргілердің ба­сым көп­шілігі Ресей патшаларының жар­лы­ғымен қоныс тепкен неміс қауым­дас­тықтарының ұрпағы. Немістердің едәуір бөлігі III Иван (1462-1505), III Василий (1505-1533) патшалық құрған кезде Ресейге жеткендер. Бұлардың бірталайы әскери өнер, қол­өнер сырларын жақсы меңгер­ген­діктен татар-моңғол басқын­шы­лығы­нан азат ету күресі деген уақытта орыс халқына көп көмек көрсеткендер. Карамзиннің мәлімдеуінше, олар­дың көмегімен әскери бекіністер, қа­мал-қорғандар салынып, қопарғыштар мен минашылар дайындалған. Ресей мемлекеттігінің экономи­ка­лық, әскери және мәдени жағынан өсіп өркендеуіне неміс қауымының елеулі үлес қосқандығын паш ететін деректер жетіп артылады. Мәселенки, Печора жағалауындағы аса ірі күміс кешенін кезінде осында арнайы шақырумен келген екі кен қазатын неміс 1491 жылы ашқан көрінеді. 1517-1521 жылдары орыс әс­кери­лері неміс жерінен бірнеше зеңбірек­шілерді жалдап, Ресейге әкел­ген. Тарихшы Ю.Му­равьевтің мәлімдеуінше, олар Мәскеу іргесіндегі мекен-жайға орнала­сыпты. Мұндай жалдамалы шебер­лер­дің Мәс­кеу мен Рязаньға татар шабуы­лы (1521) кезінде көп пайдасы тиген. Мәскеу қабырғасын қорғауда Шпайер деген жерден келген Николай есім­ді зеңбірекші ерекше ерлік көр­сеткен. Ал Рязань маңайындағы майдан шебінде Иоганн Иойрдан жауға оқ атқанда дәл тигізіп, айрықша мергендігімен таныла білген. Соның айғағы бо­лар, басқа қорғаушылармен бірге оның есімі рязаньдық Кремльдің стела­сына ойы­лып жазылыпты. Немістердің орыс қалаларына кейде өз еркінсіз келген кездері де болды. Ливон соғысы кезінде (XVI ғасырдың 60-жыл­дары­ның ортасында) орыс әс­кер­лері Дерпт, Нарва, Феллин және бас­­қа қала­лар­ды алған еді. Жеңіліске ұшы­раған қор­ған­дардың тұрғындары, оның ішінде немістер де, Владимир, Кострома, Төменгі Новгород, Тула, Углич, Қа­зан қалаларына ор­налас­ты­ры­лады. Кейін шлезвигтік герцог Магнус Мәскеуде болған сапарында IV Иванмен одақ құруына орай Ресейдегі не­міс­­тердің жағ­дайы күрт өзгерді. 1570 жылы олар­дың бірсыпырасын Мәс­кеу­дің солтүстік-шығыс жағына жинап, Яуза өзені­нің жағасында Неміс сло­бо­дасы (қа­ла шетіндегі басыбайлы емес тұрғындар мекені – А.К.) ұйым­дасты­рыл­ды. Ал IV Иванның қолдауымен 1576 жылдың қазан айында лютеран шіркеуі салынды. Солай бола тұрғанымен немістерге бөтен жерде өмір сүру оңайға түсе қой­мады. Бірде қаһарына мініп, жыны ұс­та­ған IV Иван слободаны өртеп, көп­те­ген немістерді татарлармен бірге түр­меге қамаған. Сонда тұтқынға түскен татар мырзасының біреуі: «О, немістер, сендерге сол керек! Сендер орыстарға қару-жарақ бердіңдер, онымен бізді ұрды, соқты. Ал бүгін сол қамшымен сендерді тоқпақтап жатыр», деген екен. Жатжұрттық Иоганн принцке қызын ұзат­қан Борис Годунов патша тұсында неміс ағайындардың Ресейге келуі жиілей түсті. Орыстың қарама-қайшы тарихы неміс қауымының тағдырына да әсер еткені сөзсіз. Патшаның сүйіспеншілігі мен езіп-жаншуын немістер орыстар­мен бірдей көрді. I Лжедмитрий қор­ғады, II Лжедмитрий – қуғындады. Немістердің Ресейге қоныстану та­ри­хында I Петрдің алатын орны ерекше. Оны «Неміс слободасының шәкір­ті» деп бекер атамаған. Сол кезде бұл өңір қала іргесіндегі құлпырып гүл­ден­ген жұ­мақ­қа айналды. Патшаның 1702 жылғы манифесіне орай немістер ұйым­­дасқан түрде орыс еліне келуін жал­ғастыра түсті. Мыңдаған әскери қыз­метшілер, ғалымдар, мұғалімдер, су­ретшілер, сәу­летшілер үн қосып, оған «Еуропа терезесін ашуға» және Ресей елінің жаңа астанасын салуға көмектес­ті. I Петрдің қызы – Елизавета Петро­в­наның тақта отырған кезінде Ока, жо­ғар­ғы және орта Еділ өзендері бассейніндегі кең байтақ алқапты отарлау мәселесі күн тәртібінде тұрған. Нәти­жесінде орыс үкіметі осы құнарлы жерді игеріп, шаруашылық айна­лы­мына енгізу қажеттігінен туындаған іс-шара­ларды жүзеге асыра бастады. Штеттинде туған, пруссиялық әс­кердің генерал-майоры герцог Ангальт-Цербст-Бернбургскийдің қызы София-Фредерика-Августа деген принцесса пра­вославие дініне өтіп, Бүкілресейлік император тағына орныққаны белгілі. Тарихқа II Екатерина Алексеевна Великая деп енген бұл жоғары мәртебелі ханымның 1762-1763 жылдары қол қой­ған екі манифесі шетжұрттықтарды Ресейдің бос жатқан жерлеріне ор­на­ласуға шақырған еді. Құжат қыр ас­тын­дағы ағайындар арасында ерекше қол­дау тапты. Өйткені, әйел патша сонау Еуропадан бақыт іздегендерге адам қызығар­лық­тай жағдай жа­сай­мын деген уәдені аяма­ды, үйіп-төк­ті. Қоныс аударушылар өмір бойы әс­кери міндеттен, ал 5 пен 30 жасқа дейінгілер салық төлеуден босатылады, оларға ыңғайлы егістік жер мен жайы­лым беріледі, діни салт-дәстүрді сақ­тау­ға кеңшілік жасалады, жерлестік серіктестіктерін өздері басқарады делінді. Алыс жолға шыққандардың мақсат-мүдделері туралы бірлі-жарым зерт­теу­шілердің өзі әртүрлі пікір айтады. Біреулердің ойынша, герман мемлекеттеріндегі жетіжылдық соғыстан ел күй­зеліп, талан-таражға түскендіктен олар­ды бұлдыр болашақ күтіп тұрған­дығын сезген пысық, жігерлі жандар жа­ңа ай­мақты игеруге аттанған. Салық­тан қаш­қан, дүние-мүлкінен айырылып кедейленген шаруалар, қолөнершілер, бір тілім нанға жарымаған солдаттар деп есеп­тейді басқалар. Қалай десек те, олар Гессеннен, Баденнен, Рейн облы­сынан, Вюртембергтен Балтық теңізіне, сосын Любек арқылы Петербургке, әрмен қарай сатылап, Еділ жағалап дегендей, Саратов маңайына келіп, қоныс тепкен. Еуропадағы толып жатқан соғыстың от-жалынынан ығысқан адам легі көп тілді еді. Голландтар, шведтер, француздар, швейцарлар, болгарлар, грек­­тер... Сөз жоқ, немістер басым болатын. Бұлар бейтаныс жердің кең жазығынан өз еліндегі қатыгездік пен қанжоса алауыздық жайлаған көптеген герман княздіктерінен көрген жан­түр­шігерлік күйден пана іздеді. Сондықтан да неміс қоныстанушыларының арбалы керуенінен таза ақсүйек тұқымынан тара­ған­дар көп бола қойды деу қиын шығар. Бұлар негізінен қолөнер шеберлері мен шаруалар болатын. Келімсектер ешкімді сығылысты­рып, ығыстырған жоқ – патша жар­лығына сай негізінен Еділ бойының бос жерлеріне орналасты. Тек алғашқы үш жылдың ішінде 23 мыңнан астам, ал жүз жылға жетер-жетпесте екі жүз мыңға жуық шаңырақ көтерді. Бұл жерлерде жүзге жуық деревня-колониялар пайда болды. Олардың орыс көршілері славян мақамына салып осынау мекен­жайларды айтуға жеңіл болсын дегендей колонкалар деп атады. Нақты деректерге сүйенсек, 1764-1768 жылдар арасында Германиядан Еділ жағалауына мыңдаған неміс от­басы немесе 30 мың адам көшіп, олар 104 жер­лестік серіктестігін (колония) құр­ған. XVIII ғасырдың соңғы онжыл­ды­ғын­да Ресейге қоныс аударушы не­міс­тердің екінші толқыны – прус­сия­лық меннониттер келді. Бұл дінге құл­шылық жасағандар қолына қару-жарақ алып, яғни әскери қызмет атқаруына тыйым салынады деп есептейді – Ресейге қаш­қан себебі де сол. Шет елден келгендер тобы XIX ғасырда да жалғасын тапты. Кейіннен неміс колонистеріне ертерек тұрақ болған Еділ жағалауына ғана емес Украина, Кавказ, Қырым, Бес­с­ара­бияға да қоныстана бастады. XIX ға­сырдың соңына қарай ірілі-ұсақты ресейлік қалалардың қайсысынан болсын неміс қауымдастығын табуға болар еді. Олардың ең үлкені Санкт-Петербург (51 мың), ал сәл кішілері Мәскеу, Харьков, Киев, Одесса, Қазан қалаларының төңірегіне топтасты. Серіктестер мектеп, кітапхана салып, олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етті, кедейлерге қам­қорлық жасады. Ынтымақшыл, ұқып­ты, тапсыр­маны бұлжытпай орындайтын пе­дант неміс ағайындар аз уақыттың ішінде әлеу­меттік жағдайын тез түзеп алды. Патша үкіметі алыс аудандарда иесіз жатқан бос өңірді тезірек игеру үшін сол аймаққа барғысы келген адам­дардың бәріне дерлік, соның ішінде немістерге де, жеке меншікке жер үлес­тіру сияқты қадам жасады. Мұның өзі шет өңірлердің экономикасын дамыту­ға, Ресейге сол кездегі озық деген еуро­палық ғылым мен білімді жеткізуге жол ашты. II Екатеринаның 1763 жылғы екінші жарлығына сәйкес тұрақты жер алу, зауыт-фабрикалар ашып, кәсіп­кер­лік­пен айна­лы­судың қалай жүр­гізі­летіндігі тура­лы ережелер принципті түрде күні бұрын анықталып қойған­дықтан қо­ныс ау­дару­шыларға жаңа жерде бұ­рын­ғы үйреншікті өмір салтын сақтауға тиісті жағдайлар жасал­ғандығын атап өткен жөн. Сол құжаттың өмірге келгеніне жүз жыл өткен соң Ресейдегі колония 505-ке, ал, неміс азаматтарының саны 2 млн. 70 мыңға жетті. Германиядан кел­ген­дердің өндірісті капиталистік әдіс­пен ұйымдастыруының арқасында Ресейде ірі шаруашылықтар пайда болды. Елдің оңтүстік өңіріндегі эконо­мика саласы алдыңғы орынға шықты. Ресей­дің сыртқа сататын бидайының 42 %-ын империя халқының 0,5 %-ына жетпейтін Новороссия мен Таврияның неміс ко­лониялары өндірді. Бірінші дүниежүзілік соғыс қар­саңын­да тоқыма өнеркәсібінің 50%-ын, ме­таллургиялық және металл өңдеу зауыттарының – 50%, ал электро­тех­ни­ка­­лық өндірістің 90 %-ын, Ресейдің бар­лық химия зауыттарын немістер иеленді. Н. Бычков деген зерттеушінің 1890 жылы жазған дерегіне сенсек, Самар уезіндегі тұрғындардың сол кездегі орташа сауаттылық мөлшері 6,8 % болса, қоныс аударған немістер арасында 74 %-ға жеткен. Таврия губерниясында орташа көр­сет­кіш 11,8 % екен, ал ко­лонистердің сауаттылық деңгейі 63 % болған. Неміс қауымы өздерінің берекелі еңбегімен, өнегелі іс-әрекетімен, үлгілі тәртіптілігімен әрдайым биік деңгейден көріне білсе де орыс империясы оларды ақырын-ақырын ығыстырып, құ­қық­та­рын бірте-бірте шектеп, бұрынғы «боз­торғай жұмыртқалаған заман орната­мыз, жарылқаймыз, көгертеміз» деген көл-көсір уәделерін «ұмыта» бастады. XIX ғасырдың орта шенінде, әсіресе, 1871 жылғы жарлықтан – Қоныс аудару­шыларды орналастыру Ережесі – кейін неміс колонияларының өзін-өзі басқару құқығы біртіндеп шектеле бастады. 1875 жылы әскери міндеттілік туралы құжат шықты. Ол немістерді сол кездің өзінде Ресейден шет елге кетуге итермеледі. Кейін қайту процесін, яғни алғашқы эмигра­цияның неліктен туындағандығының негізігі себебін Э.Тотлебен деген граф «колониялар жуыр­да орыстандырылатын бо­лып­ты; бар­лық мектептерде сабақ орыс тіліне кө­ші­рілмек; орыстар мен неміс селолары бір болысқа біріктіріледі екен» деген сияқты қызметшілер мен жеке адам­дар таратқан алып-қашты лақап сөз­дермен байланыстырады. Алайда, бұл өсек-аяң емес еді. Өйткені, бұл кезде 1871 жылғы жарлық толық күшіне еніп, орын­далып жатқан. Ол уақытта колония­лар­дың өзін-өзі басқару, өмірдің барлық сала­сындағы дербестілік дегеніңіз немістер үшін енді біржола келмеске кеткен болатын. Осы себепті болар, 1870-1880 жыл­дар ішінде Ресейден негізінен Амери­каға көшкендердің саны 150 мыңға жетті. Ал одан кейінгі онжылдықта мұ­хиттың арғы жағына тағы да жүз мынан астам адам қоныс аударды. Тап сол уақытта көптеген неміс серіктестері алғашқы аналық колонияларын тастап Ресейдің шығыс аймағына, сол кезде Түркістан деп аталатын өңірге кете бастады. Осындай тарихи жағ­дай­ларға орай қазақстандық немістердің түп­қа­зы­ғы Ресейден шыққандықтан күні бү­гінге дейін Германияның өзін­де ресейлік немістерміз деуге негіз болып отыр. I дүниежүзілік соғыс басталы­сымен герман банкісінің ақшасына жер алыпты, герман өндірісші­лері­мен және саясаткерлерімен астыр­тын бай­ланыс жасапты, тыңшы­лық­пен айналысады екен деген сияқты жай адамның ойы­на келмейтін пәле­қорлықтың бәрі немістерге жа­была бастады. Мем­лекеттік думаның қара жүзді ко­миссиясы «немістердің оз­быр­лығы­мен» («немецкое засилье») күрес жүр­гізді. Мұның өзі орыс помещиктері мен шет аймақ­тағы бур­жуа­зияның арам пиғылына сай келді де олар астық рыногы мен өнер­кәсіп­тегі бәсекелестерін құртып, сазайын тарттыруға толық мүмкіндік алды. Жер сатып алуға деген тосқауыл күшейе түсті. Кей жағдайда іс на­сырға шауып, ойран, қырғын-бүлікке ұласып жатты. Мұндай келеңсіз оқи­ғалар мемлекеттің ірі мегапо­лис­тері­нің бірі Мәскеу қаласының өзінде бірнеше рет қайталанған. Мәселен, 1914 жылдың 10 қа­занын­да Көпестік басқармада келесі 1915 жылға кәсіптік куәлік беру жө­нін­дегі мәжіліс аяқталысымен-ақ көп­ші­ліктің ойынша, қала эконо­ми­ка­сын­да тым белсенділік көрсетіп кетті-ау де­ген желеумен немістер мен австрия­лықтарға қарсы ойлама­ған жер­ден дәл орталықта (стихия­лық түр­де) көтеріліс шығады. Неміс­тердің бірнеше азық-түлік дүкен­дері мен дүңгір­шіктері, оның ішінде Ильин қақпасы­ның жа­нын­дағы жо­ғар­ғы сауда қа­тарын­дағы қала жұрт­шылы­ғына белгілі Эйнемнің кондитер дүкен­дері бұзы­лып, талан-та­раж­ға түседі. Бұл жолы полиция ши­рақ­тық байқа­тып, бүлік­ші­лерді (21 адам) ұстап, жазасын береді. Мәскеудегі тәртіпсіздік 1915 жыл­­­дың сәуірінде тағы да қайта­ланады. Жүйкені құрту күшейтіліп жатқан қоғамды қорқыныш, үрей, жүрексіну, сескену сезімдері билейді. Барлық пәле-жала шетжұрт­тық­тар­ға, ең алдымен немістерге, бағыт­талады. Соғыстың алғашқы күн­дерінде-ақ өсек-аяң молая береді. «Неміс озбырлығын» сөз еткен газет хабарлары мәскеуліктердің ашу-ызасын күшейте түсті. Мұндай хал-ахуалдың өршуіне ең алдымен қалалық әкімшіліктің немістерге қарсы ресми түрде ашықтан ашық жүргізген іс-шаралары (меншіктегі жерін, мүлкін тәркілеу, тұрған жерінен қуу, мектептері мен басы­лым­дарын жабу, қызметтен шеттету т. б.) себеп болғаны шындық. Немістерге жасалған үлкен қас­тан­дық, сөз жоқ, 1915 жылғы ма­мыр­­дың 26-29-ы аралығында Мәскеуде болған қырғын. Үш-төрт күн­ге созыл­ған бұл бейбастақтықта орын алған бұза­қы­лық пен сот­қар­лық өрши келе бірнеше адамның өлім-жітіміне ұлас­ты. Осы қанжоса оқиғада 475 сауда орындары, 207 пәтер мен үй, 113 гер­мандық және австриялық азаматтар және 489 орыс (фамилиялары шетелдіктерге ұқсас) зардап шекті. Көптеген ресей, француз және ағылшын фир­малары, дү­кен­дері, шетелдік кон­сул­дықтар мен тіпті әс­кери тапсырманы орын­дай­тын кәсіп­орындардың өзі үлкен шығынға ұшы­рады. Оның жалпы құны 50 млн. рубль­ге жеткен (Н.Харламов комис­сиясының дерегі). Ресми билік қырғынды ұйым­дас­тырушыларды анықтай алмады. Бүлікке қатысты-ау деген біраз адам­ға іс қозғалып, абақтыға қамалды. Бірақ көп ұзамай «қылмысы дәлел­денбеді» де бостандыққа шығарыл­ды. Ал шаһардағы тәртіпке жауапты деген Юсупов князь төңірегінде көп шу бола қойған жоқ, қызметтен кетумен ғана шектелді. 1915 жылдың 1 маусымындағы жар­лыққа сәйкес Мәскеу кәсіпорын­дарының бәрінен немістерді жұмыс­тан шығарып, неміс фирмалары жаппай жабылды. Көбі қаладан кете бастады. 1915 жылдың 26-29 мамырын­дағы немістерге қарсы жасалған ой­ранды билік ресми түрде «майские беспорядки» деген бұлыңғыр, тұ­ман­ды анық­тауышпен тасалады. Мың­даған адам қатысқан демонстрациялар со­ғыс бас­та­лысымен-ақ Санкт-Петер­бур­гте өтіп, 1914 жылдың 4 та­мы­зында Германия елшілігіне ша­буыл жасалса, ал гер­мано­фобияның ша­рық­тау шегіне жеткен кездегі Мәс­кеудегі «тәртіпсіздік» «қап, әтте­ген-ай» деген кездейсоқ оқиға емес-ті. Ресейдегі антинемістік ынта-ықы­лас­тың шыңырау тереңдегі қызуы ең ал­дымен әлеуметтік сипаттың жиын­ты­ғынан бастау алатын. Соғыс бұрын­ғы қарама-қайшылықты одан әрі ушық­тырып қана қойған жоқ, сонымен бірге сол кезде қоғам ішінде туындап жатқан жаңаша сезімнің алуан түрін (өкпе-наз, қорлыққа түскен империя­лық ар-намыс) көбейтіп жіберді. Еділ жағалауындағы немістерді Сібірге жер аудару керек деген идея жазушы Г.Бельгер айтқандай, 1915 жылы патриоттық сезіммен тұншық­қан және шетелдіктерге деген өш­пен­ділігі күшейе түскен қаражүзді ақылгөйлер­дің басынан шыққан. Жөн-жосықсыз империядағы ырың-жырың мен шым-шытырықтан және майдан шебіндегі жеңілістерден есінен танған II Николай, ақыр соңында, мұны ұйымдас­тыру­ды 1917 жылдың басына жоспар­лаған. Арамза пиғыл орындалмады. Ақ­пан революциясы, аумалы-төкпелі заман болды дегендей. Солай болса да депортация идеясы өлген жоқ, кезегін күтіп жатты. Мұны 1941 жылы Сталин жүзеге асырды. Автор туралы анықтама Амантай Ғазизұлы КӘКЕН 1941 жылғы ақпанында Ақмола облысында туған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері, полковник, ҚазМУ-ді, Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің академиясын бітірген. Кен орындарында, облыстық «Арқа ажары», халық­аралық «Түркістан» газеттерінде істеді. Қауіпсіздік саласында басшы қызметтер атқарды. Бірнеше медальдармен, төсбелгілермен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. «Жалын» журналының Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлығының лауреаты. «Сәкен шындығын діттегенде», «Түркістан легионы», «Познание себя» (М.Омаровпен бірге), «Қазақтың Сәкені», «Непокоренный сын степи» кітаптарын жазған. Газетіміздің жанашыры әрі белсенді авторларының бірі Амантай Кәкенді 70 жылдық торқалы тойымен құттықтай отырып, оның төменгі материалын оқырман назарына ұсынамыз. Амантай КӘКЕН,  журналист. Астана.