• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2011

Әкім есеп берді. Ел не деді?

418 рет
көрсетілді

Өмір өткелектері ізденісті талап етеді Өмір – керуен. Ол тоқтаусыз алға жылжи береді. Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов есеп беру жиынындағы баяндамасын осылай бастағанда, залға жиналған 700-ден астам жұртшылық өкілдері бұл кездесудің қатып қалған ресми жүйеде өтпейтінін бірден шамалаған. Иә, облыс басшысы өткен жылғы атқарылған жұмыс­тарды жіпке тізіп беруді қажет деп таппағаны бірден байқалды. Есепті кездесу формальді өтпеуі үшін жасалған жұмыстар мен жетістіктерге көп тоқталмаймын. Ол жөнін­де баспа­сөз­де жазылды, бүгінгі бейнефильмде көр­се­тілді. Бүгінгі әңгіме – Тәуел­сіздіктің 20 жыл­дығын лайықты қарсы алу, алда тұр­ған міндеттерді жүзеге асыру туралы болуы керек. Ең басты мақсат – соңғы жыл­дары өзіміз жинаған тәжірибемізді одан әрі байытып, жалғас­тыру,  деді Бақ­тықожа Салахатдинұлы. Содан кейін негізінен ұсыныс-пікірлер мен нақты тапсыр­малар, аудан әкімдері мен сала басшы­ларына бағыт беруі жағы басым болды. Есеп беру кезінде ауыл шаруашы­лығы саласы бойынша алда тұрған мін­деттер көрініс тапты. Мәселен, «Жайық Ет» фирмасының ауысы­мына 20 тонна шұжық өндіретін зауы­тының болашағы мол. Қуаты жы­лына 12 мың тонна құс етін өн­діруге жететін бройлерлік бағыт­тағы құс фабрикасының да индустрия­лан­дыру бағдарлама­сы­на қосар үлесі қо­мақты. Сонымен бірге, 12 мың басқа арналған шошқа кешені және кондитерлік тағамдар өнді­рі­сіне арналған екі жоба, газтурби­на­лы электр стан­сасы ма­ңын­­да жиыр­ма­дан астам жы­лыжай салу жо­ба­лары да өндірісті өңір­ді одан әрі өркен­детуге септігін тигізбек. Бұлар­дың бәрі Орал қаласы мен Зеленов ауданы аума­ғында жүзеге асатын жобалар. – Осы орайда басқа аудан әкім­дері­не де ой салғым келіп отыр. Мәсе­лен, әрбір аудан орталығында сүт өң­дейтін кішігірім зауыттар мен цехтар ұйым­дастыруға болады. Мал­ды тірідей сат­қаннан гөрі, оның етін өңдеп сатқан едәуір тиімді.  Сон­дық­тан аудандар мен қала әкімдеріне, об­лыстық ауыл ша­руашылығы басқар­ма­сына ет, сүт, астық өнімдерін өң­деу жөнінде ұсы­ныстар әзірлеуді тап­сыра­мын, – деді Бақтықожа Салахат­динұлы. Әкім картоптың бағасы өсіп кеткенін айтып, оның не себептен орын ал­ғанын тү­сіндірді. Егер өзімізде кар­топ өнідірісі дұ­рыс жолға қойыл­са, об­лысқа қажетті өнімді өндіруге бо­лады. Оған мүмкіндік те жеткілікті. Баян­дамашы осы мүмкін­дік­тердің то­лық­қанды пай­да­ланылмай жатқа­нына қынжылысын білдірді. Биыл­ғы жы­лы азық-түлік түр­лері бағасын тұ­рақты ұстау үшін астық, картоп, көкөніс, бақ­ша дақылдарын, ет  және сүт өн­дірісі мен қай­та өңдеуді арт­тыру қажеттігін шегелей кетті. Дұрыс-ақ, бүкіл әлемді дағ­дарыс елесі кезіп жүргенде арқаны кеңге са­лып, бү­гінгі бар нәрсемен қа­рын тоғай­туға бол­майды. Өңірде азық-түлік қауіп­сіз­дігін қам­тамасыз ету үшін ша­руа­шы­лық­тар, же­к­еле­ген тұр­ғын­дар Жа­йық өзені жа­ға­сындағы қо­лай­лы жерлерді пай­да­ланып, көкөніс, бау-бақша өсіру­ді қолға алса, өңірде азық-түлік бағасы біршама төмендер еді. – Облыс көлемінде миллион текше метрден астам су жиналған. Өңірде жиыр­­­маға жуық өзен, тағы сондай шамада көл бар екен. Бұл өзен-көлдердің  90 пайы­зы­ның суы тұщы. Яғни, бау-бақ­шаға өте қо­лай­лы. Осы мүмкін­дік­тер неге пайдала­ныл­майды? Оны кім ұйым­дас­тыруы керек? Бұл орайда аудан, ауыл әкім­дерінің жұмы­сы мені қанағат­тан­дыра бермейді. Сон­дықтан аудан, ауыл әкімдерінен картоп, көкөніс егуді биыл қолға алуын қатаң талап етемін, – деді облыс әкімі. «Жайбарақат отырып облыс әкімі­нің есебін тыңдаймыз ғой, өткен жылы атқарылған жұмыс көлемін айтқан са­йын сартылдатып алақан ұрып қояр­мыз», деп келген жергілікті әкімдер мо­йындарында үлкен міндет тұрғанын енді сезгендей, еріксіз бастарын қасып қал­ды. Тіпті, об­лыс басшысының тұр­ғын­дар алдын­дағы есепті кездесуінде олар бастарын бір емес, бірнеше мәрте қасуға мәжбүр бол­ды. Өйткені, олар ұйытқы болуға тиісті міндеттер бастан асар еді. Өңір басшысы, сондай-ақ жол салу мәселесінің күрделі екенін ашып айт­ты. Осы салаға республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының тек 0,9 пайызы ғана Батыс Қазақстан облысы еншісіне бұйыра­ды екен. Облыстық бюджеттен қомақты қар­жы бөлу арқасында «Аң­қа­ты – Сары­өмір», «Чапаев – Жаңақала – Сай­қын», «Ақ­сай – Шыңғырлау», «Жы­мпиты – Қара­төбе» автокөлік жолдарын күр­делі жөн­деу жұ­мыстары одан әрі жалғасын табады. Әкім өткен жылы атқарылған жұ­мыс­тарды жіпке тізбегенімен, жалпы ел о­қыр­ман­дары үшін өңірдің көрсет­кіш­тері жай­лы да тілге тиек еткен артық бол­майтын сияқты. Облыстың өнер­кә­сіп саласы өт­кен жылы 989,2 миллиард  теңгенің өнімін өндірген екен. Еліміздегі индустрия­лан­дыру стратегиясына сәйкес өңірдегі өнді­ріс орындарында сыртқы және ішкі ры­нок­та сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті өнімнің жаңа түрлерін шығару мең­геріле бастады. Облыста екі мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берген елу шақты инвес­тициялық жоба іске асы­рылды. Мұның сыртында республи­калық ин­дус­трия­лан­дыру картасына енген тоғыз жоба бар. Алдағы екі жылда тағы да осындай 12 жоба іске қосылмақ. Соңғы екі жыл ішінде Қарашы­ға­нақ­ты игеруші шетелдік альянстан әлеу­меттік жобаларға 120 миллион доллар тартылған. Бұл қомақты қаржыға облыс­тағы көптеген елді мекендерге газ құ­быры жеткізілген. Бұдан үш-төрт жыл бұрын облыс бойынша ауыл тұрғын­дарын газбен қамту небәрі 27 пайызды құраған болатын. Қазір бұл көр­сеткіш 70 пайыздан асады. Үш жыл ішінде мың ш­ақырымдай газ құ­бы­ры салын­ған. «Қарашығанақ – Орал» газ құбыры құрылысы толық аяқталды. Соның нә­ти­жесінде, бүгінде Теректі, Сырым жә­не Қаратөбе аудан­дарына газ жеткізілді. Биыл енді Жайық өзенінің сол жақ бетіндегі елді мекендер «көгіл­дір отын» қызығына кенелмек. Әкімнің есебінен соң жиналғандар сөз алды. Залдың бірнеше жерінде микрофон орнатылған болатын. Осы мүмкін­дік­терді пайдаланған тұр­ғын­дар облыс әкімімен тікелей үн­­қа­тысуға түсті. Орал қаласы­ның алтын­шы ша­ғын ауданы тұрғын­дары теннис спорт залы мен саябақ сияқ­ты арнайы дема­лыс орындары қашан са­лы­натынын сұра­ды. Сондай-ақ, шал­ғай ау­даннан келгендер апатты жағ­дай­дағы мектептер қа­шан жөнделер екен деген көкейдегі алаң­дау­шылықтарын жеткізді. Жол мәселесіне қатысты түйткілдер де сауал нысанасына ай­налды. Оралмандар проблемасына қа­тыс­ты  жәйт­тер де бұ­дан кейінгі сұ­раққа не­гіз болды. Об­лыс бас­шысы Б.Із­мұхам­бетов қойыл­ған сұрақ­тар­дың бәріне нақты мүм­кіндіктерге сай жан-жақты әрі тұщым­ды жауаптар қайтарды. Осы арада айта кетерлік мәселе, тұрғындар сауал­дарына орай, облыс басшысы қай­тар­ған жауаптар артық уәде берілмеуімен ерекшеленді. Есеп беру жиынына  Президент Әкім­шілігінің мемлекеттік инспек­торы Алтай Көлгінов қатысты. Сауалы мен жауабы – Бақтықожа Салахатдинұлы, жыл ішінде мемлекеттік тілді түбегейлі қолданысқа енгізуге қатысты қандай жұмыстар атқарылды. – Есепті мерзім аралығында тіл саясатын ойдағыдай іске асыруға баса назар аударылды. Атап айтқанда, мемлекеттік тіл іс қағаздарын жүргізу тіліне айналды. Бұл жөнінен біздің облыс елімізде алдыңғы үштікке кіреді. Қазір өңірде мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 99,2 пайызға жетіп отыр. Әйтсе де мемлекеттік органдарда аталған мәселеде кемшіліктер де жоқ емес. Бүгінгі күнге дейін ақпараттар мен баяндамалар алдымен орыс тілінде әзірленіп, тек содан кейін ғана мемлекеттік тілге аударылып келді. Ендігі жерде біз бұл практикамен келісе алмаймыз. Бұл үрдіс керісінше болуы керек. Облыс басшысы ретінде тиісті жергілікті мемлекеттік органдардан мен осыны талап етемін. Сондай-ақ, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді 100 пайызға жеткізу де назарымыздан тыс қалмайды. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.

«Бұл  – әкімнің  ғана  емес, тұтас  атқарушы биліктің  есебі»

Облыс әкімі Сергей Дьяченко бұл сөзді кейбір шешендердің: «Барлығы сіздің арқаңызда, бізге көмектескеніңіз үшін рахмет», дегендей сөздерінің қайтарымы ретінде айтқаны құптарлық. Баяндамның барысында залда отырған облыстық басқармалардың, аудан әкімдерінің, инновациялық жобамен құрылған жаңа кәсіпорындар басшыларының орындарынан тұрып, туындаған сұрақтарға қолма-қол жауап беріп жатқандығы да жауапкершілікті күшейте түскендей. Әкімдер есебінің мақсаты да осы емес пе?! «Көкшетау» мәдениет сарайындағы екі жарым сағаттық жиын жұрт­шы­лық­тың жылдың басты мәслихатына үлкен мән беретінін, үміттерін осы жерден өр­­бітетінін, пікірлерін ашық айтып, сал­­мақты ой қозғауға тырысатынын көр­сетті. Демек, ел есепті жина­лыстарды өзара сенім үнқатысуы, сөз бен істің жемісі төгілер жолайрығы, қол жеткенді місе тұтпайтын мінбері санайтыны анық. Әкім мемлекеттік органдардың жұ­мы­сында мәслихаттардың депутаттық корпусымен, «Нұр Отан» ХДП об­лыс­тық филиалымен, азаматтық қоғам инс­титуттарымен және облыс халқымен бірлесе жұмыс істеуді одан әрі нығайту мен кеңейтуге басымдық берілгеніне кеңінен тоқталды. Өткен жылы барлық деңгейдегі әкімдердің 695 есептік кездесулеріне 79 400 адамның қатысқаны белсенділіктің өсе түскенін білдіреді. Тұрғындарды толғандырған 1761 сұрақ тіркеуге алынып, 1662-сіне жиналыс ба­рысында нақты жауаптар қай­та­рыл­ғаны, бақылаудағы 99 ескертпенің 90-ны қанағаттандырылып, тоғызының орын­далу мерзімі биылғы жылға ауыс­қаны хабарлануын жұртшылық жылы қабылдады. Облыс әкімінің жұмыс ба­бындағы сапарларында 195 тапсырма ба­қылауға қойылып, 178-і орын­да­лып­ты. Аймақтардан келген 250 адам об­лыс әкімінің қабылдауында болған. Мем­лекеттік қызметтің жеделдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақ­сатында 2008 жылдан бері облыс әкі­мі­нің, аудан әкімдерінің, облыстық ме­ке­ме­лердің сайттары жұмыс істеуде. Әкім осы аталғандардың барлығы есепті жылдың еңсесін биіктетуге өзіндік септігін тигізді деп санайды. Ал, жылдың еңселі аяқталғаны, биылғы мерекелі жылға жүктелер міндеттер одан да зор екендігі анық. Соңғы он жылда аймақтық өнім өн­діру 6,8 есеге өсіп, 562 миллиард тең­геге жетті, жан басына шаққандағы ішкі  жалпы өнім 640 доллардан 5200 дол­ларға немесе 8,2 есеге артты. Облыс өнер­кәсіп өнімдерінің индексі бо­йын­ша еліміздегі жетекші орынға шықты. Яғни, дағдарыс толық еңсеріліп, сала­дағы тұрақтылық қамтамасыз етілді, деді С.Дьяченко. Өткен жыл облыстың индустриялық ке­шені үшін бетбұрысты кезең болды. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-ин­новациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру өнеркәсіп өнімдерінің көлемін 175 миллиард теңгеге жеткізіп, 2009 жылмен салыстырғанда 46 миллиард теңгелік өсімді қамтамасыз етті. Ин­дустрия­лан­дыру картасы шеңберінде 2010 жылы 74 миллиард теңгенің 15 ны­саны пайда­ла­нуға берілді. Олардың барлығы көшбас­шылық тұғырдан кө­рін­гені қуантады. «Алтынтау-Көкшетау» алтын айыру фабрикасы еліміздегі ең үздік инвес­ти­циялық жоба саналады. Кәсіпорында алтын өндірудің Қазақстанда теңдессіз жаңа технологиясы қолданылады. Был­тыр мұнда 4 тонна алтын өндірілсе, биыл 15 тонналық деңгейге қол жеткізетін жобалық қуат қамтамасыз етілмек. Мұның өзі Ақмола облысының алтын өндіруде республикамызда бірінші орынға шығуына, ал Қазақстанның әлемдегі жетекші 15 мемлекеттің қата­рына қосылуына мүмкіндік бермекші. Степногор подщипник зауытында өн­дірісті қуаттандыру өнім көлемін 1,6 есеге арттырды. «Степногор жылыжай тех­нологиясы» жобасы жылына 1800 тонна өнім шығаруға есептелсе, Нау­рыз мерекесінің дастарқанына алғашқы 540 кило қияр мен қызанақ ұсынылады деп күтілуде. Көкшетау қаласындағы «Ен­ки» серіктестігінің желтоқсан айын­да іске қосылған керамикалық кірпіш зауытының жылдық қуаты 60  миллион дана болса, бүгінгі жиналыста оның директоры Балдырған  Айтқожин қазірдің өзінде 1,5 миллион кірпіштің әріптестерге жөнелтілгенін хабарлады. Бұл – Орталық Азиядағы 100 пайыздық автоматтандырылған технологиямен жұ­­мыс істейтін бірден-бір кәсіпорын. Мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін жасау, ішкі рыноктағы өнімнің көлемін 80 пайызға жеткізу міндетін қойған бо­латын. Облыс 2010 жылы агро­өнер­кә­сіп саласына 27,7 миллиард теңге инвестиция тарта білді. Диқандар қауымы бар­лық егіс алқабының 60 пайызы ыл­ғал үнемдегіш технологиямен өңдел­ге­нін (2009 жылғыдан 130 мың гектарға ар­тық), қуаңшылыққа қарамастан, республика бойынша жиналған астық­тың ширек бөлігін қамтамасыз еткенін үкі­меттік бағдарламаның жемісі деп біледі. Әкім саланы әртараптандыру қа­да­мы­ның сәттілігін де еске салды. Май­лы дақылдар көлемі үш есеге артып, 130 мың гектарды қамтыған. Осының ар­қасында Атбасар ауданында өсімдік майын шағаратын зауыт, Зеренді, Бурабай, Сандықтау, Целиноград аудан­да­рын­да цехтар салынды. Сондай-ақ, 150 мың тонна картоп, 53 мың тонна көк­өніс жиналды. Кенжелеп қалған өнді­ріс­ті одан әрі дамытудың нақты жол­дары белгіленіп отырғаны да сүйі­нішті. Облыста мал атаулы негізінен жеке меншік пен шағын қожалықтардың еншісінде екендігін білеміз. Мұндай жағ­дайда осы заманғы жаңа техно­ло­гияны қолданудың, асылдандыру жұ­мысын жолға қоюдың, толыққанды азықпен қамтамасыз етудің, одан қалды тиімді нарықтық қатынастарды орнықтырудың мүмкін еместігін жіктеп жатудың өзі артық. Астаналық об­лыс оны шешудің қолайлы мүм­кін­діктеріне ие әрі мемлекет бұл тұрғыда барынша мүдделестік танытып отыр. Ақмолалықтар елорданың азық-түлік белдеуін жасау мақсатында, не­бәрі бір жылдың ішінде 7 миллиард теңгені құрайтын 13 жобаны жүзеге асыра алды. Мұның 10-ы индус­трия­ландыру картасына жатады. Бәрін санап, сипаттап жатпай-ақ, 4 өңдеуші кәсіпорын, 3 қуатты диірмен және 5 астық қоймасының игілік төге бас­тағанын айтайық. Қайтарым – көңіл өсіреді. Есепті кезеңде 96,5 мың тонна ет, 453 мың тонна сүт, 443 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Өнімнің барлық түрінен өсім бар. Бұған қоса, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауында 12,7 миллиард теңгеге есеп­телген 4 жобаның барлығы берекеге шындап бетбұрыс жасалған­ды­ғын айқындайды. Өңір басшысының ендігі жерде білекті сыбанып жұмыс істеу, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын қатаң қадағалауды айтып жатқаны осыдан. Мұндай жағдайда инвестициялық тартымдылық алға шығып, жақсы ой-жоспарларға жетелейтіні анық. Был­тыр негізгі капиталды қаржыландыру 113 миллиард теңгеден асып түсіпті. Мұ­ның ішінде шетелдік инвесторлар белсенділігі 13,4 есеге көтерілгені қа­лай мақтасақ та жарасады. Облыс аума­ғын­да екі жылда ғана 522,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін осыған қатысты әлеуетпен байланыс­тыру­ға болады. Оның үстіне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­сын­да қыруар жұмыстар атқарыл­ды. Саланы дамытуға 2,6 миллиард тең­ге қаржы жаратылса, оның 1,6 мил­лиар­д теңгесі – «Жол картасының» шарапаты. Ал, ауыз сумен қамтамасыз ету шара­ларына 2010 жылы 11 миллиард теңге бөлінуі бұрын болмаған дүние. Тұр­ғындар тіршілігі жанданды, 46 ауылға, 4 қалаға сапалы су келді. Әйткенмен, әлі де суды тасып ішетін ағайын­дары­мыз баршы­лық. Оны ша­ғын ауылдарды жауып тастау жолы­мен шешуді көңіл шіркін қабылдай бермейді. Әкімге судан басқа, жол қатынасы, әлеуметтік сала, тұтыну құны мен бағасы, қоғам­дық тәртіп, басқа да өзекті мәселелерді қамтыған сұрақ­тар­дың көп қойылуы тегін емес. Облысқа жүктелген абыройлы міндет – Астана қаласының агломера­ция­лық аймағын дамыту, Щучье-Бурабай курортты аймағын көркейту ісі облыс әкімінің негізгі екпін түсірген мәсе­лелері қатарында сараланды. Сондай-ақ, аймақты алға бастырудың қам-қарекеті қатталған талдама слайдтар, фильм-жоба көпшілік көңілін өсіре түсті. Облыс әкімінің есепті жиынына Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Талғат Шайзатов қа­тысты. Бақберген  АМАЛБЕК, Ақмола облысы.