Ресей мен Жапония арасында көптен созылып келе жатқан дау бар, ол – Курил аралдары. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ол КСРО-ға берілген. Ал Жапония оны заңсыз санайды.
Сол соғыста Жапония жеңілді. Жеңілген жақтың құн төлейтіні бар, біраз нәрсесінен айырылады. Жеңімпаз ел ретінде КСРО Курил аралдарын және Сахалиннің оңтүстік бөлігін алды. Бұл жөнінде халықаралық келісім бар. Бірақ сол келісімнің азын-аулақ кілтипаны да бар. 1951 жылы Сан-Францискода Жапониямен жаңа бітімгершілік келісімі жасалды. Оған КСРО қол қоймады. Ресейлік сарапшылар да оны Сталиннің қателігі санайды. Жапония да, оның жақтастары да соны бетке ұстап, Курил аралдарының алдымен КСРО-ның, сонан соң оның мұрагері болған Ресейдің иелігінде қалғаны құқықтық тұрғыда негізді емес дейді.
Бұл мәселе әркез көтеріліп жатады. Көтерілгенде, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа айтарлықтай салқынын тигізеді. Екі жақты да түсінгендей боласың. Жер деген қиын. Ол – отанның бөлшегі. Жапондар өздерінің бұрынғы жерін қайтарғысы келеді. Халықаралық келісіммен алған жерден Ресейдің айрылғысы жоқ. Осындай жағдайда екі жақтың да бұл мәселені шешуде барынша әдеп сақтап, бір-бірін ұғынысуға ұмтылғаны, жараның аузын тырнамағаны жөн-ақ дейсің.
Кейде ол сақталмайды. Өткен жылдың қарашасында Ресей президенті Дмитрий Медведев Курил аралдарына сапар шекті. Өз жері, баруға құқы бар, әрине. Сонда ол өзінің бұл қадамы жапондарға қатты тиетінін білмеді дей алмайсың.
Расында да жапондар мұны жүрегіне жақын қабылдады. Солай етті деп оларды жазғыру да қиын. Қалай дегенде де, бұл бұрын олардың жері болған. Тіпті, соны өз еркімен берсе де, оны қимауын түсінуге болады. Ал, жапондардың өз жерін қайтаруды аңсауы заңды. Халықтың көңіл-күйін жете аңғарып отырған жапон үкіметі Ресей басшысының қадамы жапон халқын қорлағандық, деп тұжырымдауын түсінгендейсің.
Ресей жағы жер біздікі, оны не істесек те, өз еркімізде дейді. Сөйтіп, қазір сол жерге жаңадан әскер орналастырылып, оны мұздай қаруландырып жатыр. Уәжі де дайын – жапондар бұл аймақты қайтарып алғысы келеді, бұл қарсы шара дейді. Қазір екі ел арасындағы жағдай айтарлықтай күрделі. Мәскеуге Жапонияның сыртқы істер министрі Сейдзи Маэхара келіп кетті. Тіл табыса алмады. Жапония үкіметінің бас хатшысы Экио Эдано сол Оңтүстік Курил аралдарының маңын ұшақпен барлап қайтты. Енді бұл дау халықаралық сипат ала бастады. АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі «АҚШ үкіметінің бұл мәселеде Жапонияны қолдайтынын, аралдарға жапон егемендігін мойындайтынын» мәлімдеді. Әрине, оған Мәскеу қарсылығын білдірді. Ресейдің бұл наразылығын да орынсыз дей алмайсың.
Біз әсте де аралдар Жапонияға қайтарылуы керек деген ойдан аулақпыз. Халықаралық келісімді кез келген мемлекет құрметтеуге тиіс. Бірақ елдер арасында шешілуі қиын шетін мәселелер болады. Сонда әр қадамды байқап жасаған жөн-ақ. Қапы басқан бір қадам үлкен шиеленіске соқтырады. Жапония мен Ресей қазір сондай жағдайды бастан кешіп отыр.
Мамадияр ЖАҚЫП.