• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2011

Табысы оның көл-көсір

461 рет
көрсетілді

Қазақ – ежелден мал шаруа­шы­лығымен айналысқан халық. Ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірибесі бар халқымыз мал өрі­сін, тіршілік-табиғатын, қа­дір-қа­сиетін әбден танып, білген. «Мал – адамның бауыр еті» деп малдың қадірін, қасиетін ерекше баға­ла­ған. Мал өсіруге аса қ­о­лайлы кең байтақ қазақ жерін малсыз eлес­тету мүмкін емес. Мал шаруа­шы­лығы еліміз үшін аса маңызды шаруашылық болып қала бермек. Малды баптап, мол өнім алудың көзін білетін халқымыздың әлем­дік нарықта ірі ет экспорт­тау­шы­сы атануына әлеуеті жетеді. Мемлекет те осы бағытта қолдау көр­се­тіп, тынбай еңбек етуде. Елбасы биылғы Жолдауында аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды бо­лып көрмеген жоба жүзеге асыры­латынын, 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жететінін хабарлады. Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс ор­нын ашуға мүмкіндік береді, жүз мыңнан астам ауыл тұрғынының кіріс көзіне айналады. Осынау көр­сеткіштерге қол жеткізіп, елі­міздің ауыл шаруашылығы сала­сын дамытуға үлкен сеп болатын жобаны «ҚазАгро» ұлттық бас­қа­рушы холдингі» мен «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ  қолға алды. Етті тұ­қымды жас малды қалпына келтіру үшін аг­ро­өнер­кәсіп кешені субъекті­ле­рі­­не ірі қара мал­дың аналық ба­сын жә­не бұқа-өн­ді­ру­ші­лерді сатып алуды көз­дейтін «Сы­баға» бағ­дар­­ла­ма­сы 2011 жыл­дың басынан бастап шаруа­лар­дың игілігіне ұсынылды. Осы бағ­дар­ла­ма­ның алғашқы шарапатын көрген­дердің бірі – Шығыс Қазақ­стан об­лысының Аягөз ауданы, Ақ­шатау ауылының тұрғыны Ысқақов Берікбол. Аудан халқын сапалы етпен қамтамасыз етуге үлесін қосып жүрген азамат, шаруашылықта ірі қара малының саны осы уақытқа дейін аз болғанын, «Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы арқылы төменгі пайызбен жеңілдетілген несие алып, мал ба­сын көбейтуге қол жеткізіп отыр­ға­нын қуанышпен жеткізді. «Ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастарда қолбайлау болатын – қаржының тапшылығы», – дейді Берікбол аға. Оның айтуынша, Қоғамның қолға алған осынау бағдарламасы ауыл азаматтары үшін өте қолайлы. Бас­тысы, сыйақы ставкасы төмен – жыл­дық 6%, бұл – екінші деңгейлі банктермен салыстырғанда, ана­ғұр­лым төмен. Әрі, Қоғам несие алу­шыларға бастапқыда кәсібіне қолдау болу үшін негізгі борышты өтеу бойынша 2 жылға дейін, сый­ақыны өтеу бойынша 1 жылға дейін жеңілдетілген кезеңді де қа­рас­тырған. Несие 7 жылға дейін бе­рі­леді. Ең бастысы, күн сайын жағ­дайы мен талабы өзгеріп отыратын қаржы саласында бұрыс қадам жасамай, дұрыс бағыт көр­сете білген Қоғам қызмет­кер­леріне Берікбол аға дән риза. Қазір ісі өрге басып келе жатқан малсақ шаруа ірі қара ет бағытындағы қа­зақ­тың ақбас сиырын көбейтуде. Өз қолында болған 13 қазақтың ақбас сиырына несиеге алынған қаржыға тағы 25 бас мал қосты. Мал күтімін жетік білетін ол, малдың сапасының артқанын айтады. Бұл ауылда мал өсіруді кәсіп еткен жандар қатары көп, ауылдың әрбір тұрғыны малдың табыс көзі екенін жақсы біледі. Бүгінде басқа елдермен «тереземіз тең» Тәуелсіздік таңында ойын­да­ғың­ды асырып, арманыңды орын­дауға жеткілікті мүмкіндік бар. Тек ерік-жігер, ынта мен мақсат, әрі қаржылық қолдау болса бол­ғаны. «Келешекте мал бордақылау алаңын ашсам деген жоспарым бар», деп болашақ ойы­мен бөліс­кен Берікбол Ыс­қақов­тың бұл сөзі осыған айқын дәлел. Марат АҚҚҰЛ.