• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2016

Қазақстан Республикасының Заңы № 15-VI ҚРЗ

298 рет
көрсетілді

«2016 – 2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 1-бап. «2016 – 2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 22-VІІ, 163-құжат; 2016 ж., № 5, 34-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін: 1) 1 және 2-баптар мынадай редакцияда жазылсын: «1-бап. 2016 – 2018 жылдарға арналған республикалық бюджет тиісінше 1, 2 және 3-қосымшаларға сәйкес, оның ішінде 2016 жылға мынадай көлемдерде бекiтiлсiн: 1) кiрiстер – 7 648 362 885 мың теңге, оның iшiнде: салықтық түсiмдер бойынша – 3 918 018 771 мың теңге; салықтық емес түсiмдер бойынша – 272 651 673 мың теңге; негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер бойынша – 9 504 814 мың теңге; трансферттер түсiмдерi бойынша – 3 448 187 627 мың теңге; 2) шығындар – 8 045 742 230 мың теңге; 3) таза бюджеттiк кредиттеу – 223 163 225 мың теңге, оның iшiнде: бюджеттiк кредиттер – 315 031 873 мың теңге; бюджеттiк кредиттердi өтеу – 91 868 648 мың теңге; 4) қаржы активтерiмен жасалатын операциялар бойынша сальдо – 282 143 545 мың теңге, оның iшiнде: қаржы активтерiн сатып алу – 285 913 545 мың теңге; мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдер – 3 770 000 мың теңге; 5) бюджет тапшылығы – -902 686 115 мың теңге немесе елдiң iшкi жалпы өнiмінің 2,0 пайызы; 6) бюджет тапшылығын қаржыландыру – 902 686 115 мың теңге. 2-бап. 2016 жылға арналған республикалық бюджетте Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенiн пайдаланғаны үшін 40 069 888 мың теңге сомасында және әскери полигондарды пайдаланғаны үшін 7 325 376 мың теңге сомасында жалдау ақыларының түсiмдері көзделсiн.»; 2) 9 және 10-баптар мынадай редакцияда жазылсын: «9-бап. 2016 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепiлдендірiлген трансферт мөлшерi 2 479 726 312 мың теңге сомасында көзделсiн. 10-бап. 2016 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығында айқындалған мақсаттарға нысаналы трансферт 752 848 832 мың теңге сомасында көзделсін. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан нысаналы трансфертті бөлу және (немесе) оны пайдаланудың тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде айқындалады.»; 3) мынадай мазмұндағы 13-1-баппен толықтырылсын: «13-1-бап. Қарыз алушы қайтыс болған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайларда мемлекеттік білім беру және студенттік кредиттер бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің талаптары 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап тоқтатылады деп белгіленсін.»; 4) 15-бап мынадай редакцияда жазылсын: «15-бап. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне: 1) орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруды сынақтан өткізуге; 2) жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің медициналық ұйымдарында білім алушылардың стипендияларының мөлшерін ұлғайтуға; 3) «Өрлеу» жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіруге; 4) аудандық маңызы бар және селоның денсаулық сақтау субъектілерінің халыққа медициналық көмек көрсетуіне және амбулаториялық-емханалық көмек көрсетуге; 5) онкологиялық науқастарға медициналық көмек көрсетуге; 6) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге және кеңейтуге; 7) дәрілік заттарды, вакциналарды және басқа да иммундық-биологиялық препараттарды сатып алуға; 8) Қазақстан Республикасында мүгедектердiң құқықтарын қамтамасыз ету және өмiр сүру сапасын жақсарту жөнiндегi 2012 – 2018 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарын іске асыруға; 9) кохлеарлық импланттарға сөйлеу процессорларын ауыстыру және теңшеу жөніндегі көрсетілетін қызметтерге; 10) профилактикалық дезинсекция мен дератизация жүргізуге (инфекциялық және паразиттік аурулардың табиғи ошақтарының аумағындағы, сондай-ақ инфекциялық және паразиттік аурулардың ошақтарындағы дезинсекция мен дератизацияны қоспағанда); 11) өңiрлерде жеке кәсiпкерлiктi қолдауға 2016 жылға арналған ағымдағы нысаналы трансферттерді бөлу және оларды пайдаланудың тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде айқындалады.»; 5) мынадай мазмұндағы 15-1-баппен толықтырылсын: «15-1-бап. Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерiне: 1) дағдарыстық жағдай қаупі төнген және туындаған кезде іс-қимылдар бойынша оқу-жаттығулар жүргізуге; 2) ішкі істер органдарының әкімшілік полиция қызметкерлерін оқытуға; 3) жергілікті атқарушы органдардың агроөнеркәсіптік кешен бөлімшелерін ұстауға; 4) қайта өңдеушi кәсiпорындардың ауыл шаруашылығы өнiмiн тереңдете қайта өңдеп өнiмдер өндіруі үшiн оны сатып алу шығындарын субсидиялауға; 5) асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялауға; 6) инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеуге; 7) агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiнiң қарыздарын кепiлдендiру және сақтандыру шеңберiнде субсидиялауға; 8) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйымдарға есептелген қосылған құн салығы шегінде бюджетке төленген қосылған құн салығының сомасын субсидиялауға; 9) агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға; 10) ауыл шаруашылығы жануарларын, техниканы және технологиялық жабдықты сатып алуға кредит беру, сондай-ақ лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға; 11) жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі уәкілетті органның штат санын ұстауға; 12) әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысының деңгейін арттыруға; 13) экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге; 14) жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеуді қамтамасыз етуге; 15) азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдерінің штат санын ұстауға; 16) мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға; 17) цифрлық білім беру инфрақұрылымын құруға; 18) техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайтуға; 19) жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алушылардың стипендияларының мөлшерін ұлғайтуға; 20) жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын азаматтық қызметшiлерге еңбекақы төлеу жүйесiнiң жаңа моделiне көшуге, сондай-ақ оларға лауазымдық айлықақыларына ерекше еңбек жағдайлары үшiн ай сайынғы үстемеақы төлеуге; 21) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын енгізуге; 22) үкіметтік емес ұйымдарда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыруға; 23) елді мекендерді шаруашылық-ауызсумен жабдықтау үшін жерасты суларына іздестіру-барлау жұмыстарын ұйымдастыруға және жүргізуге; 24) жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің қауіпті техникалық құрылғыларының қауіпсіз пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыратын штат санын ұстауға; 25) көлiк инфрақұрылымының басым жобаларын қаржыландыруға; 26) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қоюға; 27) сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың штат санын ұстауға; 28) ауызсумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың аса маңызды топтық және оқшау жүйелерінен ауызсу беру жөнінде көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялауға 2016 жылға арналған ағымдағы нысаналы трансферттерді бөлу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде айқындалады.»; 6) 16-1, 21, 23 және 25-баптар мынадай редакцияда жазылсын: «16-1-бап. 2016 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің шығыстары шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан нысаналы трансферт есебінен тұрғын үй құрылыс жинақтарына салымдар бо­йынша өтемақы төлеуге «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына аудару үшін 18 733 601 мың теңге мөлшерінде қаражат көзделсін.»; «21-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2016 жылға арналған резервi 240 162 589 мың теңге сомасында, оның iшiнде арнайы резерв 87 300 000 мың теңге сомасында бекiтiлсiн.»; «23-бап. 2016 жылға арналған республикалық бюджетте мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету үшiн 622 318 мың теңге көзделсiн.»; «25-бап. 2016 жылғы 31 желтоқсанға үкiметтiк борыш лимитi 9 570 000 000 мың теңге мөлшерiнде белгiленсiн.»; 7) көрсетілген Заңға 1 және 4-қосымшалар осы Заңға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес редакцияда жазылсын. 2-бап. Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Президенті Н. НАЗАРБАЕВ Астана, Ақорда, 2016 жылғы 7 қазан № 15-VI ҚРЗ