• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2016

Жастар болашағы – білім мен еңбекте

523 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұдан былай жоғары оқу орындарына түсе алмаған және ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыра алмаған мектеп түлектеріне осы меморандум аясында қолдау көрсетілетін болады. Әдетте меморандумдарға қол қойылу рәсімі көп уақыт алмайды. Ал осы жолы құжатқа қол қойылмастан бұ­рын мектеп бітіруші түлектер бо­ла­шағына қатысты ой-пікірлер айтылған келелі отырыс болып, ол бір зал кө­ле­мі­мен шектелмей, барлық облыс ор­та­лық­тарымен тікелей байланыс та орнады. Отырысты ашып, оның төра­ғалығының тізгінін ұстаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірін­ші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхам­мед өз сөзінде мектепті енді ғана бі­тірген, жаңа өмірге қадам басқан жастарымыздың жұмысқа орнала­суының маңызына тоқтала келіп: «Егер шындығында біз тәуелсіздікті алған жылдарымызда еліміздің барлық өңірлеріндегі жастарды түгелдей жұмысқа орналастырған болсақ, қазіргі қоғамда орын алып отырған келеңсіздіктерге кезікпес едік деп ойлаймын. Өйткені Абай атамыздың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дегеніндей мынадай тоқ, бақуат заманда адам жұмыс істемей, қолын қусырып бос жүретін болса деструктивті ұйымдарға, түрлі қылмыстық ортаға тартылып, теріс жолда жүрген діни ағымдардың ықпалында кетуі мүмкін. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Демек, бұл біздер мен сіздер атқарған жұмыстардағы кемшіліктерден туындаған мәселе деп қарастыруымыз керек», дей келе осыған байланысты Елбасының нақты тапсырма беріп отырғанына тоқталды. «Елбасының тапсырмасын орындау бізге үлкен үш мәселені шешуге мүмкіндік береді. Ең алдымен, біз мектеп бітірген жастарды түгелдей жұмыспен қамтитын боламыз. Екіншіден, Елбасының «Нұрлы Жол», жаңа индустрияландыру саясаты бойынша ашылған кәсіпорындарға жұмысшылар тартамыз. Үшіншіден, жұмыссыз жастардың теріс жолға түсуінің алдын аламыз. Сондықтан Елбасы тапсырмасын орындау ең басты міндеттердің бірі болып есептеледі. Алдағы уақытта бұл жұмыс «Нұр Отан» партиясының барлық филиалдарының қатаң бақылауында болады», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Осылайша мәселенің маңыздылығына екпін түсірген шешен биылғы жылы мектеп бітірген түлектердің немен айналысып жүргенін цифр тілінде сөйлетті. Мәселен, биыл 122 мыңнан астам түлек мектеп бітірсе, олардың шамамен 70 мыңы ҰБТ-ны сәтті тапсырған. Ал 37 мыңнан астамы тестілеуге қатыспай, 14 мыңы сынақтан өте алмаған екен. Партия бастамасымен еліміздің барлық аймағында егжей-тегжейлі сараптау жұмыстары жүргізіліп, биыл сынақтан өте алмаған және оқуға түспеген мектеп түлектерінің тізімі жасалыпты. Соның арқасында ҰБТ-да қажетті ең төменгі балды жинай алмаған 14 мың түлектің 2,5 мыңы қайта тестілеуден кейін ЖОО-ға қабылданғаны анықталып, одан бөлек, 5 мыңға жуығы техникалық-кәсіптік білім беру мекемелеріне түскен. Тағы 346 түлек қазірдің өзінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасыпты. Сондай-ақ, тағы жүздеген түлек өздігінен жұмыс тауып, еңбекке араласса, кейбірінің шетелге оқуға кеткені белгілі болған. Енді бірқатары әскер қатарына шақырылып, келесі бір топ мамандарды қайта даярлау орталықтарында білім алуда. Осылайша, ҰБТ тапсыра алмаған 9 мыңға жуық түлек өмірдегі өз бағыт-бағдарын тауыпты. Ал ҰБТ-ға мүлдем қатыспаған 37 мың түлектің 2820-сы – қазақстандық, 6205-і шетелдік ЖОО-ларға оқуға түскен. Сондай-ақ, 21663 түлек кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне қабылданды. Қалған екі мың мектеп бітіруші мамандар даярлау орталықтарында білімдерін жетілдіруде, кейбірі әскер қатарына шақырылады. Осындай жұмыстар атқарылғанымен 10 мың түлектің мәселесі нақты шешілмей отырғанын көпшілік назарына салды. Отырыста сөз алған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жастарды жұмыспен қамтуда арнайы «Жол картасы» жасалғанын, ол бойынша барлық жергілікті әкімдерге қандай мамандықтарға сұраныс барлығы жөнінде тізім жіберілгенін, қандай кәсіптерге зәрулік барлығы да анықталып, колледждер мен кәсіптік-техникалық оқу орындарында оқып мамандық алуда қолдау көрсетілетінін айта келе бұл ретте оқу ақы, тамақ пен тұратын жайы да тегін болатындығы көрсетілгенін атап өтті. Ғылым және білім министрі Ерлан Сағадиев біздің жастардың әрқайсының бәсекелі өмірде көштен қалмауындағы білімнің рөліне тоқталып, оны сапалы берудің арқасында жастардың талай биікке көтерілетіндігіне сенім артты. Мұнан соң модератор облыстарға кезек берді. «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов жастарды жұмыспен қамту мәселесінде «Сәтті қадам» партиялық жобасын ерекше атап өтіп: «Биыл облысымызда ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 5524 түлектің 868-і шектік деңгейден өте алмады. Орталық аппараттың тапсырмасымен, аталған жобаның 3-бағыты бойынша сол түлектерді түгендеп, оларды жұмыспен қамтуды қолға алдық. Осы мақсатта бірнеше басқармалармен және білім ордаларымен тығыз байланыс орнаттық. Соның нәтижесінде бүгінде 231 түлек жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне оқуға түсті, 486-сы кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне қабылданды. Сондай-ақ, 43 жас әскер қатарына шақырылса, 71-і шетелге оқуға кетті. Тағы 2 түлек қайта даярлау курстарында білім алуда. Ал қалған 24 жас жұмысқа орналасты. Міне, бұл тек «Сәтті қадам» бойынша атқарылған жұмыстар. Енді бұл бастаманың аясы кеңейіп, оң нәтижелер артатыны даусыз» десе, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ректорының міндетін атқарушы Абзал Талтенов: «Бүгінгі меморандум тек қолдауға ғана лайық бастама. Осының арқасында мыңдаған жас өмірдегі өз орындарын табатынына сенімім мол. Қазіргі таңда елімізде ұлттық бірыңғай тестілеуді екінші рет тапсыруға рұқсат берілгені белгілі. Бұл мүмкіндікті де пайдалана алмаған жастар студенттер қатарына шартты түрде қабылданады. Жалпы, биыл Атырау облысында 1118 мектеп түлегі ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті балл жинай алмады. Соның 456-сы қайта тестілеуге қатысса, 291-і жоғары оқу орындарының студенті атанды. Одан бөлек, 563 түлек колледждер қабырғасында білім алады. Ел жастарының жарқын болашағын ойлаған «Нұр Отан» партиясы маңызды істі қолға алып, жастардың әлеуметтік бейімделуін мақсат етіп отыр. Бүгінгі қол қойылған меморандум соның жарқын көрінісі. Жастардың жағдайын жақсартуды көздеген «Сәтті қадам» жобасы сынды тың бағдарламаларды еліміздегі барлық жоғары оқу орны қолдайды деп сенемін» деген. Ал «ҚазПласт» және «Bekem plast» компаниялар тобының бас директоры Сергей Водько: « Біздің компания заманауи технологиялар арқылы полиэтилен заттарын және полиропиленнен гофрлі құбырларды өндіреді. Кәсіпорнымыздың құрылғанына көп бола қоймаса да, келешегінен зор үміт күттіреді. Осы ретте бізге жас мамандардың да септігі мол болатынын айта кеткенді жөн санап отырмын. Бүгінгі меморандум – соған жасалған маңызды қадам. Партия тарапынан жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, арнайы оқу орындарында білім алу бастамасы өте орынды және ұтымды екенін көрсетті. Біз кәсіпкерлер ретінде тасада қалмай Мемлекет басшысының саясатын қолдаймыз. Біздің компания осы жоба аясында өз қатарына 10-ға дейін жастарды жұмысқа алуға және болашақта тығыз байланысты жұмыс істеуге дайын» деп іскер адамға тән нақтылықты танытты. Модератордың әр облысқа және залдағы қатысушыларға сөз ұсынуымен отырыста сөйлеген Қазақстан Республикасы Колледждер қауымдастығының президенті, «Тұран-Профи» халықаралық кәсіби академиясының ректоры Мәнен Омаров: «Колледждер қауымдастығы «Нұр Отан» партиясының Жастар қанатымен бірлесіп, бүгінгі үшжақты меморандумды жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсайды. Кәсіптік-техникалық білім еліміздегі басты күштердің бірі десек, қателеспейміз. Өйткені, біздің қатарымызда еліміздің барлық өңіріндегі 800-ден астам колледж бен жарты миллионға жететін студент бар. Сондықтан біз «Сәтті қадам» партиялық жобасын қуатты түрде қолдаймыз. Осы бастаманың арқасында, бүгінде мыңдаған жас жұмысқа орналасып, өз жолдарын табуда. Ал бүгінгі үшжақты меморандум әлеуметтік серіктестерді тартуда, колледж түлектерін жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады деп сенемін», десе «Астана Көгалдандыру» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бибігүл Бектемісова мәселеге қатысты ойын жеткізіп, ауқымды жұмыстар атқаратын өз кәсіпорны үшін жастар күшінің қажеттігіне тоқталды. «Біздің бұл мәселеміздің оң шешілуіне бүгінгі меморандумның пайдасы көп болады деп ойлаймын. Себебі, мектеп түлектерінің бәрі бірдей оқуға түсіп кетпейтінін білеміз. Тестілеуден лайықты балл жинай алмаған сондай жастарға осындай игі бастамалар арқылы қолдау көрсетілетініне қуаныштымын. Әрдайым жастарды назарында ұстайтын Елбасымызға айтар алғысым шексіз. Осы мүмкіндік пайдалана отырып, 65 жылдан астам тарихы бар «Астана Көгалдандыру» мекемесі партиямен ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екенін айтқым келеді. Әзірге маусымның соңы болғанына қарамастан 15-20 жасты жұмысқа қабылдауға дайынбыз. Олардың барлығы жұмыс киімі және жолақы билетімен қамтамасыз етіледі. Жалақылары 40 мың теңгеден басталады. Сенбі, жексенбі күндері істеген жұмыстарына бөлек қосымша ақы төленеді. Ай сайынғы сыйақысы бар. Сондықтан біздің кәсіпорын бүгінгі бастаманы қос қолдап қолдайды» деген. «Ақмола вагон жөндеу зауыты» директорлар кеңесінің төрағасы Зейнулла Шибкенов болса: «Соңғы жылдары Елбасымыз да кәсіптік-техникалық білім беруге ерекше көңіл бөліп, тиісті орындарға нақты тапсырмалар бергенін білеміз. Соның арқасында елімізде техникалық мамандардың саны артып, жұмыс күші көбейгені анық байқалады. Бүгін қол қойылған құжаттың арқасында сол бастаманың аясы кеңейіп, одан әрі жандана түсетіні анық. Өз кезегі біздің кәсіпорын жастарды жұмысқа қабылдауға дайын. Дәл қазіргі кезде зауытымызға газбен дәнекерлеуші, слесарь сынды мамандар қажет. Олардың біліктіліктерін арттырып, кәсіби тұрғыда өсулеріне қолдан келген барлық жағдайды жасаймыз. Қазіргідей жаһандық қаржы дағдарысына қарамастан, елімізде осындай ауқымды шаралардың қолға алынуы біздің дұрыс бағытпен жүріп келе жатқанымызды аңғартады. Кәсіпорын басшысы, мәслихат депутаты ретінде «Нұр Отан» партиясының әр бастамасын қолдаймын. Сондықтан алдағы уақытта партиямен бүгінгі меморандум аясында бірлесіп жұмыс істейміз деп сенемін» деген ой тұжырымымен бөлісті. Меморандумға қол қою рәсімінде Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясының мектеп түлектерін жұмыспен қамту бойынша жаңа жобасы да отандық кәсіпкерлер тарапынан қызу қолдау табатынына сенім білдірді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»