• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2016

Отқару ойыншық емес...

504 рет
көрсетілді

Терроризм қаупінің алдын алу мақсатында бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Парламенттік жұмыс тобының қарауына ұсынылған «Айналымдағы жекелеген қару-жарақ түрлеріне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру туралы» заң жобасы да өткір мәселені қозғайды. Бұл заң жобасына енгізілуі тиісті толықтыруларды Ішкі істер министрлігі әзірлеп, ұсынған. Қолданыстағы заң талаптарын күшейту соңғы кездері орын алған төтенше оқиғалардан кейін маңызға ие болып отыр. Атап айтқанда, осыған дейін жеке адамдардың иелігіне берілетін қару түрлері «5 + 5» ережесімен саудаланатын еді. Яғни, бір жеке тұлғаға 5 қысқа ұңғылы мылтық және 5 тегіс ұңғылы отқару сатып алуға рұхсат берілетін. Былай қара­ғанға, бір адамның басында он түрлі отқарудың болуы таңданыс туғызғанымен, аңшылық пен мергендік кәсібін меңгерген тарап­тың өкілдері үшін бұл қалыпты саналады екен. «Қорамсақ» қару-жарақ ассоциациясының вице-президенті Сергей Катновтың айтуынша, нағыз аңшы үшін бесқарудың сай болуы шарт. «Бір аңшы осыншама қаруды қайтеді? Мысалға, ірі тұлғалы жануарларды шолақ мылтықпен атып құлата алмайсыз. Сол сияқты, жақын қашықтыққа ұшатын оқпен көздегеніңізді алыс­тан атып түсіру мүмкін емес. Аңшылықтың тағы бір ерекшелігі, құс атуға арналған мылтықты қасқырға кезенуге мүл­дем болмайды. Осындай шартпен алғанда, бір адамда 10 түрлі қа­рудың болуы қисынды...», дейді ол. Дәл осы кәсіби аңшылар мен мергендердің қауымдастығы заң талаптарының бірден күшей­тілгеніне қатысты қарсы уәж айтуда. Соның бір парасын Алма­тыда бас қосқан мамандар тал­қыға салды. «КИПР» талдау орта­лығының ұйымдастыруымен болған талқылауда заң жобасына енгізгелі тұрған өзгерістер дәл осы қалпында қабылданатын болса, отандық қару-жарақ дүкендері мен аңшылар қауымдастығы зардап шегуі мүмкін деген пікір айтылды. Жобада жеке тұлғаларға қару саудалаудың мөлшерін «5 + 5» талабынан «2 + 2» деңгейіне түсірілу көзделген. Толық тексеруден өтіп, қару ұстауға рұқсат берілген азамат енді тек аңшы қаруының  екі түріне ғана қол жеткізе алады. Аңшылықты кәсіп еткендер мен осы саладан нәпақа тауып, қомақты салық төлеп отырған кәсіпкерлер бұған наразы. Ұлттық мергендер қауымдастығы басқармасының төрағасы Александр Теннің айтуынша, Ішкі істер министрлігі бір-жақты көзқарас ұстанып отыр екен. – Иә, қару-жарақ ойыншық емес. Бірақ, аңшы қаруына немесе өзін өзі қорғау мақсатында ұстайтын қаруға қауіп төндіретін құрал ретінде қарап, оны бірден тартып алуға тырыспау керек. Ең алдымен, еліміздегі аңшылар мен қару ұстауға рұқсат берілген адамдар жіті бақылауда болуы тиіс. Олар жыл сайын арнайы тексеруден өтіп, керекті анықтамаларды ішкі істер органдарына өткізіп тұрады. Аңшылардың үй жағдайында қару сақтайтын орындары да тексеріледі. Қауіпсіздік шаралары сақталады. Олар туралы жеке мәліметтер де өте құпия, полициямен қорғалады, – деді маман. Қалай болғанда да, қару-жа­рақ дүкендеріне қатысты ша­ра­лардың да қатайтылғаны дұ­рыс. Парламенттік жұмыс то­бы­­ның қарауына ұсынылған «Ай­на­лым­дағы жекелеген қару-жа­рақ түр­леріне мемлекеттік бақы­лауды жүзеге асыру туралы» заң жобасы еліміздің тыныштығын сақтауға бағытталған толыққанды құжатқа айналғаны маңызды. Мамандар пікірі осыған саяды. Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ