• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2016

Тұрмысты түзеу өз қолымызда емес пе?

406 рет
көрсетілді

Жаһанды жайлаған дағдарыс Қазақ­станға да «салқынын» тигізбей қойған жоқ. Етек-жеңімізді жинап, үнемдеуге үйрене бастадық. Елбасы да, Үкімет те бірінші кезекте әлеуметтік жағдайға баса көңіл бөліп отыр. Халықты қолдау мен тұрмыс-тіршілігін түзеудің түрлі жолдары бар. Дені-қарны сау, қол-аяғы балғадай азаматтардың қарап отырмай, тырмысып тіршілік жасауы керек қой. Жұмыс жоқ емес, бар. Нарық заманы табыс табуға мол мүмкіндік беріп тұр. Көзін тапқан адам тұрмысын түзеп қана қоймайды, көл-көсір байлыққа да кенеледі. Бірақ соған ұмтылуға құлық жоқ кейбіреуде. Басқасын айтпай-ақ қояйық, үйінің жанындағы ұлтарақтай жерге картоп салмайтындар, көкөніс пен жеміс ағашын отырғызбайтындар бар. «Су жоқ» дейді, «Жер құнарлы емес, өнімділік аз түседі» дейді. Әйтеуір, сылтау көп. Егер, шынтуайтына келсек, үй айналасындағы жер телімін тиімді игеріп, отбасының қысы-жазы тұтынатын азық-түлігін дайындаудың өзі үлкен жұмыс. Бұл – отбасының табысы, дастарқанының молшылығы. Керек десеңіз, әлеуметтік қолдаудың бір түрі. Егер статистикалық зерттеу жүргізілсе, еліміздің көп ауылдарында үй жанындағы жер телімдерін игермейтін отбасылардың көп екеніне күмән жоқ. Ауылдан қалаға келіп, жәрмеңкелерді жағалап, картопты, қызанақ пен қырыққабатты, басқа да көкөністерді қап-қап қылып сатып алып жатқандарды талай рет байқадық. Соны үйінің жанындағы жер телімінен де алуға болмас па?.. Үлкендер айтушы еді ғой: «Маңдай термен тапқан нан тәтті», деп. Бау-бақшада өсіп тұрған алма немесе қызанақ базардан сатып алғаннан әлдеқайда дәмді болады. Ақша шығармайсыз. «Базардағы баға шарықтап кетіпті», деп күйіп-піспейсіз. Қаражатыңыз қалтаңызда қалады. Жұмыстың ең үлкені – ұрпағыңызды еңбекке баулисыз, өз қолымен, маңдайтерімен нанын тауып жеуге тәрбиелейсіз. Тәрбиенің төресі еңбек қой. Азық-түлік дегеннен шығады, оның бағасы кейінгі айда күрт өскен, тіпті, 200 пайызға қымбаттаған тауар түрлері бар. Оған Ұлттық экономика министрлігі еліміздің өңірлерінде тексеру жүргізген кезде көз жеткізген. Қазақстанның аймақтарында қымбатшылық қысып бара жатқанын байқаған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жаңа Үкіметтің алғашқы отырысында осы жағдайды жайып салды. Бұған жол беріп отырған саудагерлер көрінеді. Әрине, бағаны қадағалау мен реттеу тиісті құзырлы органдарға тиесілі жұмыс. «Жұрттың қалтасын қаға бермейік, алдын алайық» дегені шығар. Мұны құптаймыз, әлбетте. Бағаның шарықтауына жол бермеудің бірден-бір амалы – халықтың тұтынуына қажетті азық-түлікті өзімізде өндіру. Сырттан тасымалдауды азайту. Сонда ғана баға тұрақты болады. Мұны Елбасы талай мәрте қадап-қадап айтты. Бірақ, содан лайықты қорытынды шығармай отырғанымыз өкінішті. Қазақстандықтарды ет пен сүт, көкөніс және басқа да күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерімен молынан қамтамасыз ететіндей мүмкіндік бар. Соны дұрыс пайдалана алмай отырмыз-ау деген ой келеді кейде. Осы ойымызды оятайық. Кешегі кеңестік кезеңде көптеген кәсіпорындардың қосалқы шаруашылықтары болды. Мал өсірді, құс өсірді, балық шаруашылығымен, көкөніспен айналыс­ты. Не керек, кәсіпорында жұмыс істейтіндерге қосалқы шаруашылықтарда дайындалған өнімдер берілетін. Тегін емес, әрине. Бірақ, бағасы базармен салыстырғанда, әлдеқайда арзан болатын. Сапасына да күмән болмайтын. Мұны кей жерде әлеуметтік пакет дейтін, кей жерде әлеуметтік қолдау дейтін. Мәселе, атауында емес, осы арқылы қарапайым халықтың жағдайын ойлап, тұрмысын жеңілдеткенінің өзі әлеуметтің әлеуетін көтеру емес пе? Егер ірі кәсіпорындардың қосалқы шаруашылықтары өз еңбеккерлерін арзан азық-түлікпен қамтамасыз ететін болса, базардағы баға да өспес еді. Бұл – бір-бірімен байлаулы мәселе. Сұраныс болып тұрған соң саудагер азық-түліктің бағасын көтермегенде қайтеді? Оңтайлы сәтті пайдаланып, пайда тапқысы келеді емес пе? Әкім барып, базардағы бағаны түсіргенімен, ол кете салысымен айласын асырған алыпсатар өзі белгілеген бағамен саудасын жасай береді. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев та осыны айтты. Әкімдер базарға барғанымен, бұл мәселенің түйіні шешілмейді. Оны шешудің жолы – нарықты отандық азық-түлікпен қажетті мөлшерде қамтамасыз ету. Айтуға оңай, әрине. Бірақ қолдан келетін тірлік қой. Мемлекет басшысы ірі кәсіпорындардың жанында қосалқы өндірістер ашу жөнінде әкімдерге тапсырма бергені есімізде. Неге кәсіпорындардың қасында? Бұл жайдан-жай емес. Біріншіден, қосалқы өндірістің қажеттіліктерін негізгі өндіріс жүзеге асырады. Мәселен, №1 Екібастұз жылу-электр стансасының дәл өкпе тұсынан бес гектар аумақты алып жатқан жылыжай кешені салынды. Голландиялық технология бойынша жұмыс істейді. Барлық жұмыс автоматтандырылған. Жылу, су, электр қуаты стансадан алынады. Мұның өзі өнімнің өзіндік құнын әжептәуір арзандатуға септігін тигізетіні айдан анық. Осындай қосалқы өндірістерді көбейткен ләзім. Қазір отандық өндірістер артып келеді ғой. Сонымен, жапсарлас қосалқы шаруашылықтар ашу қолға алынса, артық болмас. Пайда әкелмесе, зияны жоқ. Ең бастысы, халықты әлеуметтік қолдаудың бір түрі бұл. Сіз қалай ойлайсыз? Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»