• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2016

Ауылына қорған болған Қорған ата

487 рет
көрсетілді

Осы жуырда жұмыс орныма бір хат келді. Конверт сыртында Шарбақты ауданы, Арбиген ауылы деп тұр. Ашып қарасам, баяғыда өзіміз жазатындай сәлем хат. «Құрметті Фарида! Осы хатты жолдаушы өзіңе жүзі таныс Қорған атаң, зейнеткер ұстаз...», деп жазылыпты хатта. Күнделікті өміріміз компьютерге байланған мына заманда қаламмен жазылған хат көрмегелі қашан. Адамның қолымен жазылған хаттың жақындығы сондай, Қорған ата дәл қасымда сөйлеп тұрғандай сезілді. Әрі қарай: «Қазан айының 20-сы күні 80 жасқа толамын, уақытың жетіп, жолың түссе, ауылға келіп қайт, қызым. Ауыл аман, мектеп орнында, жағдайымыз жақсы... Жаңадан салынған мешітімізді көресің, апаң екеуміз күтеміз...», деп қосыпты. Журналист болған соң, іссапар­ға шығып тұрамыз. Газетке жазар жақсы дүниелер іздейсің. 2008 жылы болуы керек, тағы да сондай бір іссапар барысында Арбиген, Ботабас, Құлат, Шегірен ауыл­дарын аралағанымыз бар еді. Арбиген мектеп ауласындағы жай­қалып өсіп тұрған өзгеше ағаш­тарға толы бақты көріп таң­қал­ғанбыз. Ауладағы жылыжайын­да қияр, қызанақ әртүрлі гүл­дер өсіп тұр. Мұның қандай сыры бар екенін кейін­нен барып білдік. Биология пәнінің мұғалімі Шаймардан Ильясов екеуі Алматыдан ерекше өсетін теректерді алғызып, мектептің маңай­ын ша­ғын орман­ға айналдырады. Сол іссапардан «Егеменге» көлемді мақала жаздық. Атамыз­бен де осы сапар барысында та­ныс­тық. Іздегенге – сұраған. Ас­ыл қа­зына тапқандай қуандым. Жур­налист үшін нағыз керегі де Қорған мұғалім секілді ел ішін­дегі шежірелі, білетіні де, ай­тары да көп адамдар ғой. Біз­дің газетіміздің бір нөмірін де қал­дырмай оқып, «Егеменді» ба­сына жастап ұйықтайтыны кө­рініп тұрды. Одан кейін де барып қайттық. Жалпы, кеңестік кезеңде облыста санаулы ғана қазақ мектебі бар еді. Шарбақты ауданында сол жыл­дары 3 қана қазақ мектебі бол­са, соның бірі Арбиген мекте­бі еді. Опера әншісі Шаһмардан Әбі­лов­тің туған жері, ол да Қор­ған мұғалімнің шәкірті. – Маңдайыма осы мектепті бас­­қару бұйырыпты, – деп еске алғ­ан-ды ұстаз ата. – Сонау 1925 жы­лы бастауыш мектеп ретінде құр­ылған екен. 1939 жылы орталау мек­тепке ай­налып­ты. Қазақ тілінде бі­лім бе­ре­тін мектеп салғызу ол кез­де оңай емес еді. Кедергілерге ке­зікті... Ал 1980-жылдары мек­тепте оқи­тын балалар саны көбейді. Ауыл тұрғындары тарапынан мек­теп салу жөніндегі өтініштері орын­дала қоймады. Содан, Қазақ КСР Жо­ғар­ғы Кеңесі­­нің депутаты, ау­ыл ме­хани­зато­ры Бәйтемір Досым­ханов­қа бұл өтінішті сол кездегі Бірін­ші хат­шымыз Дінмұхамед Қонаев­қа жеткіз дедім. Сөйтіп, 1986 жылы мектеп құ­ры­лы­сы бастал­ды. 1988-1989 оқу жы­лын­да ауыл бала­ла­ры оқу­ды жаңа мектепте бас­тады. Айтпақшы, ауылда 1990-жылда­ры құрылысы басталған мәдениет үйі­н­ің ғимараты сол күйі 2013 жыл­ға дейін тұрды. Оның бір кір­пішін де бұзғызбай Қорған ата өзі күзеткенін бүкіл ауыл бі­леді. Келген-кеткен әкімдердің бә­ріне өтініш жазудан жалықпады. Ақы­ры, облыстық бюджеттен қаржы бө­­лі­ніп, мәдениет үйі еңсе көтерді. Қорған Ашатайұлы Арбигенде жа­рық дүние есігін ашты. Бала­лық ша­ғы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Ержетіп өсіп, оқып, білім алды. 1958 жылы Орал қала­сын­дағы А.Пушкин атын­дағы пе­дагогикалық инсти­туттың филология факультетіне оқуға түсіп, 1963 жы­лы қазақ тілі мен әдебиеті пән­дерінің маманы бойынша бі­тіріп шығады. Бұл кісі ұлағатты ұс­таз ретінде бүкіл ғұмырын ба­ла оқытуға, ауыл балаларының бі­лім­ді болып өсулеріне арнады. Хат соңына үңілдім: «53 жыл ұстаз­дық еттім. Қорытындысында қазіргі­дей ғажап уақытты көрдім. Жа­ңа заман, жаңашыл адам сенбес уақыт келді. Біздер бір қазақ тілін­де оқытатын мектеп салдыру үшін бастан не өткермедік?.. Ал қа­зір Тәуелсіздіктің кереметі сол, жүз­деген мектеп бой көтерді. Осы күнді көргеніме ризамын. Нұрсұлтан Назарбаевтың үне­мі білім алыңдар, оқыңдар, үй­ренің­дер деп жат­қаны да сол, әлемдегі 30 ел­ге жетейік, қосылайық деп тегін айтпай­ды ғой. Мемлекет білім беру са­ла­сы­на үнемі көңіл бөліп келеді. Дән ризамын. Балабақ­шалар мен мек­теп­тер жанынан 3-5 жас аралығындағы балаларға арнал­ған шағын орталықтар да ашылу­да.Тек оқып, білім алсын, ба­лала­рым!», деп аяқтапты хатын қарт ұстаз. Бұл күнде Қорған Смайыл­ханов Шар­бақты ауданының құрметті азаматы, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері. Ел газеті – «Егеменнің» белсенді, ардагер оқырманы. Ғибратты жолдан өткен ардақты әке. Зәуре апа екеуі алты ұл, қыз тәрбиелеп өсірді. Қыздары Анар мен Зере әке жолын қуып, ұстаздық жолды таңдады. Үлкен қызы Мәдина да, міне, Арбигенде 36 жыл бойы мектепте жұмыс істейді. Фарида Бықай, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы