• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2016

Бүгінгі игі істер – кемел келешек кепілі

816 рет
көрсетілді

Сонау 1911 жылы Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынов: «Талап жоқ, үміт мол бір халықпыз», деп қынжылса, қынжылғандай едік. Енді, міне, талабы мен үміті мол ел болдық. Ол – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген Мәңгілік Ел идеясы. Ол – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын, өркениет әлемінде алдыңғы қатардан табылатын Қазақ елін орнықтыру. Мұның әрі аса жауапты, әрі өте күрделі іс екені әркімге аян. Кеше ғана дүниеге келген жас сәбиден бастап буыны қатып кеткен азаматтарды жаңа өмірге бейімдеу, әрине, бір күннің шаруасы емес. Дегенмен, ұлы Вольтер айтқандай, «Ешқашан да үлкен қиыншылықтарсыз үлкен істердің де болуы мүмкін емес». Бұған Томас Карлейльдің «Заманның төзімді титықтататыны рас. Алайда, онда тұрған не бар? Оны өзгерте алмасақ, адам болып не керек?!» деген сөзін қосыңыз. Олай болса, Мәңгілік Ел біздің өз қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Ендеше, бүгін өз ішімізде ұлттық сипаттағы ұрпақ тәрбиесіне лайықты деген ықпалы мол жұмыстарды жүргізе беру керек деп есептеймін. Осы ретте, менің ойымша, ең бірінші, әрбір адамның ішкі әлемінің қалыптасуына көңіл аударған жөн. Таратып айтар болсам, пиғыл мәдениеті, қанағат мәдениеті, тойым мәдениеті, қарым-қатынас мәдениеті тәрізді ұғымдарды бойға сіңіре отырып, рухани тазаруға бетбұрыс жасай алсақ. Олай болмаған жағдайда адамдар ағылшын философы Томас Гобсс айтқан «Адам адамға – қасқыр» деңгейіне түсіп кетуіміз бек мүмкін. Анасын да ақшаға сататын, барымызды сыпырып әкетуге тырысатын алаяқтар мен «ақшасы болса ұшақты кім жалдаса да маған бәрібір» дейтін жауапсыз адамдарды, өз қамын халықтың қамынан жоғары қоятын «ішіп кетер, жеп кетерлерді» ойлағанда мұндай қауіп жоқ та емес сияқты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бар. Бұл орайда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен өмірге келген «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының орны ерекше екенін атап өткен жөн. Осы ұлттық жоба арқылы соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында отбасылық құндылықтарды жүйелі негізде насихаттау қолға алынып нақты адамдардың саналы ұрпақ өсіру жолындағы өмірлік тәжірибелеріне құрмет көрсетіліп келеді. Сөйтіп, жас ұрпақтың бойына өскен ұясын қастерлеу, ұл-қызы үлгі тұтарлық ата-ана болу сезімін дарыту қолға алынып отыр. Реті келгенде айтылуға тиісті ендігі бір мәселе, ол сөйлеу мәдениетіне қатысты деп білемін. Бүгінгі күні сөз тізгінін ұстағандар еркіндік берілді екен деп эфирді шолақ ойлармен және шұбарланған тілмен толтыруда. Әсіресе, әлеуметтік желіде орын алып отырған жағдай сөздің қадірін мүлдем кетіріп болды. Біле-білсек, қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген әдемі сөз тіркесі бар. Расында, халықтың ұғымына асыл сөз қорғасындай қатып, тастай батып, судай сіңіп кетеді. Жай бір айтылған сөз емес, өзектен, өткелектен өткен сөз, әрине. Осының бәрін шашыратып алмай, қай-қайсысын да жеке зерттесе әрі насихаттаса, сыр-сандықтың түбінде ашылмаған маржан, сірә көп. Көненің көзін көрген, бірақ көрген-білгенін ауызекі әңгімелерінде ғана айтып, басқа ешкім білмейтін кей тағдырлар ұмыт қала береді. Бар кезде қадірін білмей, кеткен соң бармақ тістейміз. Сондықтан көнекөз қариялар мен ғұламаларды шежіре-таспаға түсіруді бұқаралық ақпарат құралдары қолға алса ұтарымыз көп болары сөзсіз. Мына бір ақиқатты да айналып өтуге болмас. Әрқайсымыз өзіміздің уақытымыздың басым көпшілігін отбасымыздан тыс ортада өткізетініміз белгілі. Осыған орай, қарым-қатынас мәдениетін жетілдіруге аса мән берілуі қажет деп білемін. Өйткені, адам көру арқылы үйренеді, жирену арқылы түзеледі. Лұқпан хакімнің: «Осыншама әдептілікті қайдан үйрендіңіз?» деген сауалға «Әдепсіз адамдардан», деп жауап қайтаруы тегін емес. Академик Ф.Угловтың «Адамдар арасындағы адам» атты кітабында да адамдардың бірін-бірі түсінуі, жақсы қарым-қатынасы, кішінің үлкенге құрметі, үлкеннің кішіге ілтипаты арқылы ғана қоғамда оң рухани ахуал орнығары айтылған. Әсіресе, қызмет барысындағы өзара қарым-қатынасты жақсартуға әрбір басшының тікелей дәнекерлігі жөніндегі ой-толғамдар көңіл аударарлықтай. Мәселен, осы кітаптағы мына бір пайымдауға назар салсақ. Адамның қызмет дәрежесі жоғарылаған сайын көңілі өседі, өзінен кейінгілердің тамыр соғысына мән беруге көтеріңкі көңілдің еркі бола бермейді. Олай болса, қызмет дәрежесі жоғарылаған әрбір басшы ұжым алдындағы жауапкершілік сезімін бәрінен жоғары қоюы тиіс деп ойлаймын. Жауапкершілікті сезінген басшының өзі бақытты, ұжымының да рухы күшті келеді. Сондықтан Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың таяуда Павлодар облысында болған кезінде басшыларға өздерінің қызметкерлеріне сыйластықпен қарау қажеттілігіне назар аударуы тегін емес. Әңгімемізді түйіндесек, біздің санаткерлеріміз бен талапкерлерімізге бойларындағы қадір-қасиеттерін, табиғи қабілеттерін ашатын уақыт келіп жетті. Ендігі мәселе әрқайсымызға тікелей байланысты. Сен-Симон өз-өзіне «Тұрыңыз граф, сізді ұлы істер күтіп тұр» деп оятады екен. Олай болса, іске сәт, ағайын! Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы