• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2016

Жыр энергиясы. Серік Ақсұңқарұлының шығармашылық кеші өтті

514 рет
көрсетілді

Қазақтың «қасқыр ақыны». Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай жетекшілік ететін «Кəусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен ақын Серік Ақсұңқарұлының шығармашылық кешінде белгілі сатирик Көпен Әмірбек жыр жампозын осылай атады. Кеште филология факуль­тетінің студенттері ақынның «Поэзия», «Іздейсің бе, сен мені», «Кенесарының басы», «Менің мұнда меншігім жоқ», «Қасқырдың монологы», «Аққулар-ай», «Қазақ», «Махамбеттің монологы» атты отты жырларын жатқа оқыды. Белгілі сазгер Есжан Әмі­ров ақынның бірнеше өлең­деріне ән жазғаны мәлім. Осы кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина «Есіл мен Нұра» және «Абыралы» әндерін тебірене орындады. Дарынды әнші Карина Каренинаның орындауындағы ақынның «Қызыма» әні де көрерменнің көңілінен шықты. Университеттің журналистика кафедрасының ұ­стазы Ықылас Ожай Қ.Аман­жоловтың «Өзім туралы» әнін орындады. Бұл жай емес, Серік Ақсұңқарұлы дауылпаз ақын Қасым Аманжоловты піріндей асқақ тұтады. Бір топырақ, бір рух! Арқалы ақын Серік Ақсұңқарұлы өз өлеңдерін оқыған кезде зал сілтідей тына қалған. Кенет, жасындай жарқылдаған, алмастай жұтынған рухты жырлар көкке отшашудай шашылды. Әйгілі «Қасқырдың монологы», «Махамбеттің монологы» өлеңдерінің соңын ала сиясы кеппеген «Кейкінің басы», «Қазақ», «Қара таспен сырласу», «Қасиетті қалам» сияқты жаңа жырларын оқып, рухымызды асқақтатты. Енді бір сәтте: «Орыс әдебиетін үлгі тұтамын. Сергей Есенин – ең жақсы көретін ақыным. Мұндай ақын жер бетінде жоқ!» – деп Сергейге арнаған өлеңін оқи жөнелді. Студенттер көкейдегі сауалдарын қойып, ақынның табанда қайтарған тұшымды жауабына тәнті болды. Кейбір сұрақ-жауап тұсында «Астанаға қалталыларды әкеле бермей, әдебиет, мә­дениет және өнер адамдарын жинау керек», «Әдеби сын жоқ. Содан әдебиет бетімен кетті», «Әдебиетке мемлекеттен қамқорлық керек», «Әлем адасты...биылғы «Нобель сыйлығын» ақын емес адамға берді. Жалпы, түркі жұртына ортақ өзіміздің Нобель сыйлығымыз болу керек», деп өткір ойларын ортаға салып, азаматтық үнін іркіп қалмады. Ақынның өз еліне деген сүйіспеншілігі әр сөзінен аңғарылып тұрды. – Біз Еуропа жұртына жағымсақтанып, барлық дү­ниемізді шет тілдеріне ауда­рып тастауға міндетті емеспіз. Өйткені, бұған олар­дың сөздік қоры, әлеуеті жетпейді. Мен ең алдымен қазақ халқыма керекпін! Өз халқыма қажет болмасам, өзгеге жағынудың керегі не?! Сол Еуропа классиктерін он орап алатын ақын-жазушылар өзімізде де, шіркін-ай, көл-көсір екенін кей пақырлар қайдан білсін! – дейді. Кешті Еуразия ұлттық уни­верситетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі про­ректоры, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы қоры­тындылап, «Қарағандыдағы бүкіл халық­тың тілегі, мұң-мұқтажы Се­рік Ақсұң­қарұлының ау­зы­мен сөйле­нетіндей кө­рінеді», деп жылы лебізін біл­дірді. Ақын­­ның кеудесіне уни­вер­­­ситеттің медалін тақты. Жақ­­­сылар мен жай­саңдар ізгі тілектерін жеткізді. Небәрі 25 жасында «Қас­­қырдың монологын» жазып, елді өзіне жалт қарат­қан ақын поэзиясының «азу тісі» бөрілі байрақты бабаларының азат жолымен асқақтап келеді. Ақынның жырлары отты энер­гиясымен әсерлендірді. Жұлдыз ТОЙБЕК, Журналист