• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2016

Жарнамалағанның бәрі жақсы емес

324 рет
көрсетілді

Экономикалық дағдарыстар кезінде қаржылық алаяқтықтардың бірінші кезекке шығатыны аян. Алайда адам алдап ақша табудың денсаулық саласынан да табылатыны өте өкінішті. Өздері онсыз да дертті болып, дауасын қайдан іздерін білмей отырған жандардың, ақшасын алып, сандалтып қою оқиғалары орын алып жатқанын жоққа шығаруға болмас. Соңғы уақытта шетелдік медициналық мекемелер қарапайым медициналық қызмет­терді, тіпті өз елдерінде жоқ қыз­метті де қым­бат ем ретінде сататын алаяқ­­тық оқи­­ғалар жиілеп барады. Осы мәселеге орай Алматыда бір емес, бірнеше баспа­сөз мәслихаты өтіп, оңбай алданған­дар өз басын­дағы жағдаяттарды жайып салуға мәжбүр болғанын білеміз. Мұндай келеңсіз­діктердің нақты мысалдары жетіп-артылады. Жақында осындай оқиғаға балалары церебралды сал ауруына шалдыққан бір топ қазақстандық ата-ана тап болған. Бейжіңдегі сал ауруын емдейтін Лимин емханасы осындай балаларға ботокс инъекциясын салып, бағасы 8000-12000 АҚШ доллары болатын «3S-жүйкені бұғаулау» дейтінді озық емдеу тәсілі ретінде ұсынып, науқастарды алдап соққан. Ал әке-шешелеріне балалары толығымен дерлік сауығып кетеді деп уәде берген.  Алайда кейін анықталғандай, мұндай емдеу тәсілі мүлдем жоқ болып шыққан. Енді ата-аналар шарасыз күйде қалып отыр. Не ем жоқ, не ақша жоқ. Жолдың азабы бір бөлек, құжат реттеу мәселесі бір төбе. Ал қазақстандық құқық қорғау органдары әділ­дікті Қытайға барып іздеуді ұсынады. Ендігі жерде осындай қиыншылықтарға тап болмау үшін медициналық қызмет нарығындағы сарапшылардың кеңесіне құлақ асқан жөн екені тағы да көрініп отыр. Мәселен, емнің сәтті өтетіндігіне немесе ең болмағанда, нашар ем жүргізілген жағдайда осының жауапкершілігін кімнен сұрауды білу керек.  Яғни, сырттан дертіне дауа іздегендер  өз елімізде  шетелдік клиникалармен қойын-қолтық жұмыс жасайтын жергілікті компаниялардың көмегіне жүгінген жағдайда ғана кепілдік ала алады. Біреудің сөзіне сеніп, алаяқтардың ізіне еріп, жалған жарнамаларға сүйеніп мұхит асып, ақшаны желге шашпас бұрын ойлану керек. Осы даулы оқиғаға байланысты журналистермен өткен баспасөз мәслихатында «Седжон-Еуразия» Халықаралық меди­цина­лық клиникасының директоры Вячеслав Шегай: «Қазақстанда медициналық туризм туроператорлардың бастамасымен, бұл бағыт олардың белсенділігінің арқасында дами бастаған болатын. Алайда қазақ­стандықтардың шетелде жан-жақты емделе бастағанына шамамен 6 жыл болды. Осы уақытта шетелдік клиникаларды таңдаудың озық тәжірибелері игерілді. Медициналық қызмет түрлері, ұсыныстары үшін жауапкершілік арқалайтын кеңес берушілер пайда болуда. Өйткені, олар шетелдік дәрігерлермен тығыз жұмыс жасап отырған медициналық құрылымдар, ал сала дамуының ең дұрыс жолы осы бағытта жатыр деп есептеймін. Оңтүстіккореялық Sejong General Hospital клиникасы құрған біздің «Седжон-Еуразия» орталығымыз осындай қызметпен айналысады. Біздің «Седжон-Еуразия» клиникасы әуелі жер­гілікті зертханалар мен диагностикалық орталықтардың зерттеу нәтижелерін ала келген жергілікті емделушілерге кеңес береді. Өз кезегінде науқастармен Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өткен дәрігерлер айналысады. Кейін олар толық тексеру жүргізіп, Кореядағы әріптестерімен бейнекамера арқылы жүргізілетін онлайн кеңес беруге арналған нәтижелерді да-йындайды. Мамандар қазақстандық зертханалардан келіп түскен дайын зерттеу нәтижелерін қарап, корей тіліне аударады, кеңес беруге арнап құжаттарды дайындайды. Арнайы зерттеулерді жүргізу қажет болған жағдайда, олар «Седжон-Еуразия» орталығының базасында жүргізіледі», деп түсініктеме берген болатын. Қысқасы, мұндай делдал орталықтар бағасына қарай сол елде қай клиникаға бару керектігіне, қалтаңа қарай емдеу әдістерін таңдауға көмектеседі. Әдетте, емделушіге ол барған елде аудармашы ұсынылады. Емдеуден өткен соң емделуші өз елінде диспансерлік есепке қойылып, беті бері қарағанша делдал компанияның қамқорлығында болады. Сонымен қатар, серіктес клиникамен әрекеттесудің тағы бір артықшылығы – олар қосымша кепілдерді ұсынуы мүмкін. Ал бір жаны үшін қолындағы бар соңғы қаражатын тәуекелге тіккен жағдайда кепілдіктің болғаны артық етпесі анық. Не десек те, шетелге барып уыс-уыс ақша шашып, айналып келгенде ауылдың бір емшісінің шөбінен жазылып кеткендерді де көрдік. Сол сияқты алыс елдерге перзентті боламын деген үмітпен қайта-қайта шапқылап, нәтижесінде отандық экстракорпоралды ұрықтандыру орталықтарынан-ақ ұл-қызды болып отырғандар бар. Сондықтан жарнамаланғанның бәрі жақсы емес, жылтырағанның барлығы алтын еместігін тағы да ескерткіміз келеді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»   АЛМАТЫ