Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен елімізде денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Кешенді бағдарламалар қабылданды, қомақты қаржы бағытталды. Соның нәтижесінде ірі қалаларымызда, облыс пен аудан орталықтарында жаңа ауруханалар мен емханалар салынды, заманауи емдеу орталықтары дамыған шетелдерден алынған медицина саласындағы озық технологиялармен, озық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Халыққа жаңа заман талабына сай қызмет көрсететін осындай орталықтың бірі – Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы.
Ел Үкіметінің 2009 жылғы 24 қазандағы қаулысына сәйкес Ұлттық медициналық холдингтің құрамында «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы құрылды. Ал 2014 жылы 7 ақпанда Ұлттық медициналық холдингтің директорлар кеңесінің шешімі негізінде бұл Орталықтың «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы» («ҰОТҒО») АҚ болып атауы өзгертілді. Орталықты құрудың мақсаты – жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ, медицина ғылымы, білім беру мен практика саласындағы заманауи технологияларды енгізу және тарату.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Санитарлық авиация желісі бойынша өңірлерден келген пациенттерге, оның ішінде гестациялық кезеңі 32 аптаға дейінгі жүкті әйелдерге және экстрагениталды асқынулары бар аналарға босанғаннан кейін де жоғары медициналық көмек көрсетуде ерекше рөл атқарады. Сондай-ақ Орталықтың қатысуымен болатын басқа да әлеуметтік-маңызды жобалар іске асырылады. Атап айтар болсақ, Орталықтың оңтайлы құрылымы бар, клиникалық базада персоналдың штаттық саны 1000 бірлік болса, емделушілер үшін 240 төсек орны қарастырылған.
«ҰОТҒО» АҚ – көпбейінді медицина саласындағы мамандандырылған әлемдік дәрежедегі бірегей заманауи емдеу тәсілін ұсынады. Бұл жаңа әдістерді Орталықтың практикасына енгізуге жол ашады және айрықша ауыр және жоғары технологиялық медицина саласының бірі – ағзалар мен тіндер трансплантациясын дамытуға мүмкіндік берді. Біздің орталықтың іргесі қаланғаннан бері 56 мыңнан астам адам емделіп шықты, науқастардың жанын аман алып қалу үшін 41 мыңдай жедел әрекет ету шаралары, оның ішінде жоғары мамандандырылған көмек бойынша шамамен 11 мыңдай операция жүргізілді. Гемофилия және остеоонкология, қолқа аневризмаларын кешенді емдеу кезінде сүйек кемігінің аллагенді және гаплоидті трансплантациясы, тері трансплантациясы (ксенотрансплантация патенті бар) бауырға трансплантация жасау, модульдік буындардың ортопедиясы сияқты эксклюзивті технологияларды отандық денсаулық сақтау практикасына енгізудің ерекше маңызы бар.
2010 жылы тамыз айында онкогематология және сүйек кемігі трансплантациясы бөлімшесінің ашылуы отандық гематологияның тарихындағы елеулі жаңалық болды. Қазақстан Республикасының гематологиялық қызметі денсаулық сақтауды реформалау және дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бастамасымен 2010 жылы онкогематологиялық патологиялар – сүйек кемігі трансплантациясын емдеудің бірегей технологиясын жүргізуге мүмкіндік алғанын айтқанымыз жөн.
Гемобластозасы бар науқастарға сүйек кемігі трансплантациясын жүргізуді бастағаннан кейін (2010 жылдан бастап) шетелге емделуге кезекте тұрған пациенттердің өз елімізде емделуіне жол ашылды. Жыл сайын трансплантациялар санын арттыра келе, қазақстандық гематологтар шетелде кеңінен тараған қан ауруларын емдеу мен диагностикалаудың жаңа әдістерін енгізді. Олар: гемопоэтикалық бағаналық жасушалардың (донордан) аллагенді трансплантациясы (сүйек кемігі), халықаралық тізілімге бірігу, шетел донорларын тарта отырып, туыс емес адамнан трансплантация жүргізу. Орталықта гематология бөлімшесі ашылғаннан бастап 200-ден астам сүйек кемігі трансплантациясы жүргізілді.
Орталықтың клиникалық қызметіндегі негізгі басымдықтардың бірін дамыту – гепатобилиарлы трансплантология, сондай-ақ, отандық денсаулық сақтаудың алдыңғы қатарлы кешенін ұсынады. Сонымен, 2011 жылы Орталықтың базасында елімізде алғаш рет тірі донордан бүйректі лапароскопиялық алу арқылы, 2012 жылы – елімізде тұңғыш рет өлі донордан ағзаларды (бүйрек, жүрек) мультиағзалық алу арқылы, 2013 жылы – алғаш рет өлі донордан бауырды ортоптикалық трансплантация арқылы ауыстыру және елімізде алғаш рет балаға тірі донордан бауырды трансплантациялау жүргізілген болатын. 2015 жылы тірі донордан бауыр трансплантациясы жасалды. Орталық құрылғалы бері 220-дан астам бүйрек трансплантациясы, 170 сүйек кемігі трансплантациясы, шамамен 100 тері және 20-дан астам бауыр трансплантациясы жүргізілді.
2015 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күніне арналған іс-шаралар шеңберінде 220-дан астам трансплантация жүргізілген болатын. Ал 2015 жылғы 13 тамызда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрығымен «ҰОТҒО» АҚ базасында гастроэнтерология және гепатология бойынша Республикалық үйлестіру кеңесі құрылды. Оның мақсаты – бауыр трансплантациясына мұқтаж пациенттерді іріктеу, оларға қолдау көрсету және бақылауға алу.
Орталықтың барлық (243) негізгі клиникалық мамандары АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Бельгия, Италия, Швейцария және басқа да шетелдердің ең ірі медициналық орталықтарынан тағылымдамадан өтті. 2013 жылдан бастап біздің мамандардың тәлімгерлік етуімен 6 мамандық бойынша 60-қа жуық резиденттер бітіріп шықты.
Орталықтың жаңартылған материалдық-техникалық базасы және біздің мамандардың жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігі науқастардың денсаулығын тексеруді жоғары деңгейде жүргізіп, ең ауыр клиникалық жағдайдағы ауруларды дигностикалау мен емдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Орталықта өз саласының білгірі, тәжірибесі мол және диагностика мен емдеудің әлем бойынша жетекші клиникаларында заманауи әдістерді меңгерген медицина ғылымдарының кандидаттары мен докторлары, жоғары санаттағы дәрігерлер қызмет жасайды.
Еліміздің барлық өңірінен телемедициналық конференцияның көмегімен жан-жақты ақыл-кеңес жүргізуде Орталықтың дәрігерлеріне деген сұраныс өте жоғары. Сондай-ақ, мамандар көшпелі консультациялар өткізеді және біздің Орталықтың базасында жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін республиканың әр өңірлерінен, оның ішінде науқастарды санитарлық авиация желісі бойынша жеткізе отырып, емдеуді жүзеге асырады. Орталық құрылған кезеңнен бастап шамамен 1000-нан астам сырқат адамға медициналық көмек көрсетілді. Аурулардың алдын алу мақсатында да атқарылып жатқан жұмыс ауқымы да айтарлықтай.
Мәселен, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 2016 жылғы 21-23 қыркүйек күндері «ҰОТҒО» АҚ халықты өз денсаулығына көңіл бөлуге бағыттау үшін және ауруды ерте сатысында анықтау үшін Ашық есік күнін өткізді. 750-ден астам адам Орталықтың жоғары санаттағы дәрігерлеріне қаралып, тегін ақыл-кеңес алды.
Қорыта айтқанда, «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы» АҚ – Қазақстан Республикасында және жеке клиникалық бағыттар бойынша Орталық Азия аумағында жетік мамандандырылған медициналық көмек көрсететін жоғары деңгейдегі қуатты, көп бейінді стационар. Басты мақсатымыз – халыққа қалтқысыз қызмет көрсету.
Нариман ТАБЫНБАЕВ,
«Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы