• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2016

"Сауд Арабиясы түбегейлі реформалар жолына түсті"

681 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапары қарсаңында сол елдегі Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Бақыт БАТЫРШАЕВ «Егемен Қазақстан» газетіне арнайы сұхбат берген еді. – Елші мырза, Сауд Арабиясы Ко­рольдігі араб және мұсылман елде­рінен алғашқы болып 1991 жылы 30 желтоқсанда Қазақ­станның тәуел­сіздігін таныды. Ал бүгінде қос мемлекет арасын­дағы байланыстардың өзге араб елдерімен салыстырғанда ерек­шелігі және нәтижесі қандай? – Бұл – Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясына жасап жатқан үшінші ресми сапары. Алдыңғы сапарлар 1994 және 2004 жылдары ұйымдастырылған болатын. Ол сапарлар барысында екі мемлекет арасындағы қатынастардың негіздері мен қағидаттары айқындалып, екі елдің мүдделері қай салаларда то­ғы­сады, қай бағыттар мен қағидаларға сүйе­неді, қандай экономикалық жобаларға көңіл аудару керек деген мәселелерде тараптардың ұстанымдары түбегейлі анықталды. Елбасымыздың әр сапары Король­дікпен байланыстарды жаңа белестер­ге көтеріп отырды. Бүгінгі күні Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында шынайы достық пен сыйластық орнап, екі ел Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымы және басқа да халық­аралық және өңірлік бірлестіктер негі­зінде жемісті әріптестікті қалып­тастырды. Сауд Арабиясы Қазақстанның тәуелсіздігін таныған алғашқы ел­дердің қатарында болғанымен қоса, сол дәстүрін бұзбай Елба­сы­мыз көтерген барлық бастамаларды – Әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерлерінің съезін өткізу, мемлекетіміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшелігіне сайлануы, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу, штаб-пәтері Астанада орналасатын Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құруды қызу қолдағандардың қатарынан табылды. Бұған қоса, екі мемлекет өзекті сая­си және экономикалық проблемалар бойынша әрдайым ақыл­дасып, өз ұстанымдарын үйлестіріп отыра­ды. Өткен кезеңде Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында парламент төраға­лары, министрлер, мемлекеттік мекеме­лер, сот, құқық қорғау органдары дең­гейінде 80-ге жуық сапар ұйымдасты­рылып, алты ірі Қазақстан-Сауд Ара­бия­сы бизнес-форумы өткізілді. Сон­­дай-ақ, саяси, экономикалық және гу­­ма­нитарлық салалардағы ынты­мақтастықты реттейтін 20-дан астам келісімдерге қол қойылды. Корольдік елордадағы Пар­ла­мент Сенатының ғимаратын (15 млн доллар), Жүрек аурула­ры орталығын (12 млн доллар), Оса­каров – Вишневка жолын (12 млн доллар), Семейде балаларға арналған туберкулезге қарсы диспансерді (7 млн доллар) салу мен Б.Момышұлы атындағы Кадеттер корпусына материалдық көмек беру (1 млн доллар) секілді жобаларға қайтарымсыз қаржы бөлді. Қазіргі кезде Сауд Арабиясы тарапынан Астанадағы Ана мен бала орталығына 3,5 млн доллар көлемінде құрал-жабдықтар жеткізілуде. – Сауд Арабиясының Қазақ­станға деген көзқарасы, ұста­нымы туралы айтсаңыз. – Сауд Арабиясы Қазақстанға дос­тас ел ретінде қарайды, ал халқы­мызды бауырлас халық деп санайды. Жоғарыда айтқанымыздай, екі ел арасында достық, өзара сый­ластық қарым-қатынас орнаған. Мұндай жағдайдың қалыптасуына Елбасының жеке беделі, талмас күш-жігері, Корольдік басшы­лығымен сенім­ді байланыстары негіз болып отыр. Бү­гінгі күнде ресми Эр-Рияд Қазақстанды халық­аралық дәрежеде беделі биік, жауапты, сындарлы сыртқы саясат жүр­гізетін, Орталық Азияның және Еура­зия кеңістігінің кіндік елі, мұсылман қауым­дастығы аясында іргелі мемлекет ретінде қарастырады. Астана мен Эр-Рияд түрлі өзекті сая­си, экономикалық, гума­ни­тар­лық мәсе­лелер бойынша өзара әрекеттесуге мүд­делі, оның негізінде халықаралық қауіп­сіздікті нығайту, терроризмге қарсы күрес, өзара экономикалық байланыс­тар­ды дамыту, халықтарымыздың ара­сын­дағы достықты сақтау мүдделері жатыр. – Қос мемлекеттің халық­аралық саясаттағы рөлі туралы не айтасыз? – Бүгін әлемдік саяси ахуал ушы­­­ғып тұр, атап айтқанда, жетек­ші мемлекеттер арасындағы өзара теке-тірес­тің күшеюі, Таяу Шығыста түрлі әске­ри қақ­ты­ғыстардың орын алуы, терро­ризмнің кең қанат жаюы, мәж­бүрлі көші-қонның көбеюі, экономикалық проб­ле­малардың тереңдей түсуі өз өңірле­рінде, халықаралық аренада маңызды рөл атқаратын Қазақстан мен Сауд Арабиясы сияқты ірі елдерден бірлескен іс-қимылдарды талап етеді. Мұндай ын­тымақтастықтың негізгі мақсаты халық­аралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтап қалу, өзекті проб­лемалардың шешу жол­дарын ойластыру, соларды реттеу бағы­тында ұстанымдарды үйлестіру болып табылады. – Екі елдің сауда-эконо­микалық бай­ланыстары қандай негіздерге сүйе­неді? – Корольдік өзін арзан, сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге талпынуда. Осы орайда, Қазақстан секілді әлеуеті зор ел кемде-кем. Керісінше, біз Сауд Арабиясының мұнай-химия кластерін дамыту тәжірибесін пайдалануға ынталымыз. Атом энергетикасы, тау-кен, құрылыс, жаңа технологиялар, бірлескен ғылыми ізденістер – осы салалардың барлығында ынтымақтастық үшін сарқылмаған зор әлеует бар екені белгілі. Саудтық компаниялар орасан қар­жы­лық мүмкіндіктерге, алдыңғы қатарлы технологиялар мен басқарушылық тәжі­рибеге ие, біз осы факторларды ұлттық экономиканы дамыту үшін, экспорттық географиямызды кеңейту үшін пайдалана білуіміз керек. – Таяу Шығыстағы жағдай сая­­саттанушы ғалымдары­мыздың на­зарынан тыс қалып жатқан­дай. Әсіресе, қазіргі заман оқиғаларына қатысты зерттеулер тапшылығы сезіледі. Араб елдері, араб әлеміне қатыс­ты отан­дық басылымдарда жариялана­тын сараптамалық дүниелердің ин­тел­­лектуалдық деңгейі туралы не айтасыз? – Өзіңіз айтқандай, ұлттық саясаттану саласында Таяу Шығысқа қатысты зерттеулер көп емес. Ақпарат құралдарында шығып жатқан хабарлар мен мақалалар көбіне түрлі ақпараттық контексте, резонансты оқиғаға байланысты беріледі. Кейбіреулер Таяу Шығыстағы жағдайды құбыжық түрінде жеткізсе, кейбіреулер аса мақтап, тым дәріптеп көрсетеді. Алайда, Таяу Шығыс, араб әлемі – ғасырлар бойы өзіндік өркениеті, салт-дәстүрі, өмірге көзқарасы қалыптасқан өңір, халықтар мекені. Сондықтан да бұл өркениеттің, өңірдің жетістіктері, жақсы жақтары, шешілмей жатқан түйінді проблемалары, талпыныстары мен жоспарлары да бар. Бұл елдерде де тоқтаусыз реформалар жүргізілуде, даму мен экономикалық проблемаларды шешуді қамтамасыз етудің жолдары қарастырылу үстінде. Осыдан келе, Таяу Шығыстағы жағдайды байыппен, терең зерттейтін, оқырманға объективті шындықты жеткізетін зерттеушілер мен саясаттанушылардың көп болғаны, әрине, көңілге қонымды-ақ. – Ислам діні ғасырлар бойына Азия және Африка елдерінің миллиондаған халқы үшін болмыс пен тұрмыс-тіршіліктің бір бөлігіне айналды. Олар үшін ислам – ойлау мен әрекет түрі, әділдікке деген сенім. Қазіргі кезде ислам діні оның негізгі қағидаларынан бейхабар адамдардың сана-сезіміне үрей-фактор ретінде қабылдана бастағанын көріп отырмыз. Араб елдері, соның ішінде Сауд Арабиясындағы ислам факторы туралы не айтасыз? – Ислам дінінің бүгінгі болып жатқан қылмыстарға, бүлдіргі әрекеттерге қатысы жоқ. Ислам туралы бірнәрсе айтудан бұрын осы діннің негізгі қағидаларын білу, мазмұнымен танысу, оны дұрыс түсіну қажет. Орын алып жатқан қателіктердің, бұрыс ойлардың барлығы адам табиғатынан, оның өмірге көзқарасы, тәрбиесі, өмірде көргенінен бастау алып, бұрыс жолға бастап отыр. Мысалы, ислам діні Ораза айын кешірім, кішіпейілдік, татуласу айы деп айтса, экстремистер оны кек алу, Алла жолында басқа діндерге соғыс ашып, шахид болу айы деп бұрмалап алған. Осы секілді мысалдар көп. Әрине, мұндай теріс құбылыстарды кейбір күштер өзінің саяси есептері, әлемде исламофобияны қоздыру үшін пайдаланады. Сауд Арабиясына келетін болсақ, ол – Исламның бесігі, ардақ­ты дініміз бас­тау алып, бүкіл әлемге тараған қасиетті мекен. Ко­рольдік жерінде бар­лық мұсыл­мандар үшін қасиетті қос кие – Меккеде әл-Харам мешіті мен Ме­дине қаласында Пайғамбар­дың мешіті орналасқан. Сауд Ара­биясына сол қасиетті жерлерді қамқорлыққа алу, жыл бойы үзілмейтін мұсылмандардың қажы­лығын қамтамасыз ету секілді үлкен жауапкершілік жүктелген. Сон­дықтан да мұндай ерекше тарихи жағдайлардың әсерімен қалыптасқан мемлекет ретінде Сауд Арабиясында Исламның алар орны ерекше. Бұл Корольдіктің ерекше тарихи миссиясына байланысты болып отыр. – Өткенде Сауд Арабиясы Тақ мұ­рагерінің мұрагері ханзада Мұхаммед бен Салман мұнай баррелінің құны 30 доллардан төмен болған жағдайдың өзінде, өзге сектор арқылы кіріс көзін арттырамыз деп мемлекетті «мұнай тәуелділігінен» құтқаруға мықтап кіріспек ойы барын айтқан еді. Осы бағытта Сауд Арабиясы нендей талпыныстар жасап жатыр? – Иә, Сауд Арабиясы бүгінгі күні түбегейлі реформалар жолына түсті. Мұнай бағасының құлауы Корольдіктің экономикасына үлкен әсерін тигізді. 2016 жылғы бюджет ел тарихында бірін­ші рет 138 млрд доллар көлеміндегі тапшы­лықпен бекітілді. Мұнай дәуірінің біртін­деп аяқталатынын түсінген Сауд Ара­биясы алдағы жылдары өз экономикасы­н мұнайға тәуелділіктен арылтуды көз­дейді. Бұл бағытта 2016 жылы «Saudi Vision-2030» стратегиялық бағдарламасы қабыл­данды. Бұл стратегияның басты мақ­саты мұнайдан түскен табысты маңыз­ды салаларға бағыттау болып табылады. Яғни, Сауд Арабиясының үкі­меті өз философиясын өзгертіп, белсенді инвес­тициялық саясат­қа көшті. Жоғарыда аталған стра­тегиялық құжатқа сәйкес үкімет: инвестициялық мүмкіндіктерді арттыру; экономикада жаңа салаларды қалыптастыру; кең көлемді жеке­ше­лендіруді жүргізу; әскери-өндіріс саласын қалыптастыру; тау-кен саласын дамыту; баламалы энергетикаға көшу бағыттарын басты басымдық ретінде белгіледі. Мемлекеттік инвестициялық қорға барлық үкіметтің меншігіндегі активтер беріліп, бұл қорды алдағы жылдары 2 трлн доллар көлеміне жеткізу көзделіп отыр. Қолға алынып жатқан шара­лардың ішінен ұлттық «Арам­ко» мұнай компаниясын жекеше­лендіру, байланыс, су, жанармай, электр қуаты бағасын өсіру, ішкі нарықты шетелдік инвесторларға ашу, визалық режімді қайта қарау, салықтар енгізу секілді қадамдарды атауға болады. Осы тұрғыдан Қазақстан бизнесмендеріне де Сауд Арабиясына тиімді инвестициялар салу мүмкіндігі ашылып отырғанын айтқым келеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Гүлбаршын САБАЕВА, журналист