• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2016

Сусыз жайылым тиімділік әкелмейді

338 рет
көрсетілді

«Егеменнің» Орал қаласындағы тілші қосынына есімі Ақжайық аймағына кеңінен танымал аға буынның өкілі, ауыл шаруашылығы саласының майталманы Нұрлан Ізтілеуов келді. Бұл кісіні бұрыннан жақсы білетінмін. Сондықтан қашан да елдің қамын көксеп жүретін жаны жайсаң ағаға: «Нұреке, қандай мәселемен келдіңіз? Ой-пікіріңізді тың­дауға әзірмін» деп, ізет көрсеттім. Ра­сын­да да ол «Егеменге» қара басының қамымен емес, республика өңірлерінде жайылым жерлерді тиімді пайдалану жөніндегі ұсыныс-пікірлерін жеткізу үшін келіпті. Оның айтқан әңгімесінің түп-төркіні төмендегідей. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жер кодексіне өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу жөніндегі заңға мораторий жариялануының басты бір себебі – республика өңірлеріндегі жайылым жерлерді тиімді пайдалана білудің оң шешімі табыла қоймағаны деп есептеймін. Қазір бұл мәселе жөніндегі заң жобасы Мәжілісте қаралу үстінде. Мұның өзі ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген ойды дөп басқанына ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені, олар өзге емес, дәл осы заңның Парламентте қабылдануын көп­тен күтіп жүргені де анық. Әйтсе де бұл заң өзінің о бастағы көздеген мақсатына толық жете ала ма, жоқ па?! Бұл сауалға біржақты жауап қайтару қиын болып тұр. Неге? Менің ойымша ауыл маңына жақын жайылым жерлердегі су көздері – тоғандар мен көлдер мемлекет қарамағына алынуы керек. Себебі, су болмаса жалаң жайылым ешқандай тиімділік әкеле алмайды. Әрі сусыз жайылымды дұрыс пайдаланамын деудің өзі бос әңгіме болып шығады. Егер шындықтың көзіне тура  қа­рай­тын болсақ, кезінде аталған су көз­де­рін пайдалану үшін алынған гидро-инженерлік  шешімдер қарапайым тұрғындардың қамы үшін жасалды емес пе? Мұны ұмытуға болмайды. Осы орайда ауыл маңындағы су көздері аудан әкімдерінің шешімімен жалға беріліп кеткенін  солақай шешім деп қабылдауға мәж­бүр болып отырмыз. Бұл арада артезиан құдықтарын қазу – қордаланып, жинақталып қалған мәселені толық шеше алмайды. Қысқасы, ел-жұрттың игілігі үшін жасалған су көздері нысандарын тектен-тек жалға бере салудың ақыры әлеуметтік әділетсіздікке бастайды. Ай­тайын дегенім «ештен кеш жақсы» дегендей, халық тарапынан қолдау таппаған осы шешімді түзеу қажет. Тек сондай жағдайда ғана ауыл маңындағы су көздері халықтың игілігіне айналар еді. Сонда ғана ұлан-байтақ ел өңірлеріндегі ауыл маңына жақын жайылымдық жерлер – халық үшін тиімді әрі пайдалы болады. Әлбетте, аманатқа қиянат жасауға болмайды. Шалғай ауыл тұрғындарының жанайқайын «Егеменге» жеткізе келген абыройлы ақсақалдың орынды тілегін Парламент депутаттарының назарына ұсынғанды жөн көрдік. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы