• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2016

Париж келісіміне – парасатты көзқарас

570 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен палатаның кезекті жалпы отырысы өтті. Онда бірінші мәселе болып Париж келісімін ратифи­кациялау туралы Мәжіліс мақұл­даған заң жобасы қаралды. Заң жобасы туралы баян­даған Энергетика минис­трі Қанат Бозымбаев 2015 жыл­ғы 12 желтоқсанда Париж қала­сында қол қойылған келісім­нің маңызы туралы қысқа­ша ақпарат беріп өтті. Бұл ке­лісім әлемдік климаттың өзге­руіне алаңдаушылық білдір­ген БҰҰ бастамасымен жа­салған екен. Қазақстан оған 2016 жылғы 2 тамызда қол қойыпты. Үстіміздегі жыл­дың 5 қазанында күшіне енген бұл келісімді бүгінгі күні ауаға шығаратын жылу шы­ға­ры­лымдары 60 пайыздан асатын 86 ел ратификациялаған. Келісімнің негізгі бағыты – жа­һандық орташа температура өсімін 2 градустан төмені­рек деңгейде ұстау. Ол үшін пар­никтік газдардың қолайсыз әсерлерін азайту жә­не көміртекті дамуды тө­мен­дететін «жасыл» эко­номи­каға қаржы тарту. Бұлар қа­зір барынша өткір, өзекті ға­ламдық мәселелер болып отыр­ған­дықтан, БҰҰ оған қатты алаң­даушылық білдіруде екен. Баяндама аяқталған соң сұрақтар беру рәсімі басталды. Алғашқы сұрақты сена­тор Бірғаным Әйтімова қо­йып, қайталанатын энергия көз­дерін жаңғырту секторына инвестиция тарту мәселе­лерінің қалай жүргізіліп жат­қанын сұрады. Министр оған үсті­міздегі жылдың 9 айында қайталанатын энергия көзде­рінің өсімі 177 пайыз болғанын атап өтті. Қазір елімізде осындай 48 энергия көзі жұмыс істейді екен. Олардың өндіріп жатқан энергиясы 258 МГвт-қа тең. 2015 жылы 14 жоба іске асырылса, биыл 9 жоба іске қосылады, деді министр. Екінші сұрақ қойған сенатор Қуаныш Айтаханов электр энергиясын өндіруде атмосфераға ең үлкен зияндық қалдықтар шығаратын жылу электр стансалары екендігін айта келіп, Балқашта Жылу электр стансасын жасаймыз деген бір жоба қолға алынған еді, соның бүгінгі жайы не болды? Ол іске қосылса Қазақстанда электр қуатын өндіру мәселесі Париж келісімінің талаптарына қайшы келеді емес пе, деп сұрады. Екінші сұрағында ол қоршаған ортаны қорғау ведомствосын климатты барынша ластайтын министрліктің қарамағына қосып жібергендік сіздіңше дұрыс па деп министр Қ.Бозымбаевтың өзіне тікелей тиетін мәселені қозғады. Алғашқы сұраққа министр Балқаш ЖЭС-і туралы тек жазбаша ғана ақпарат бере алатындығын айтты. Өйткені, бұл мәселеде менің сөздерім корейлік әріптестердің мүдделеріне теріс әсерін тигізуі мүмкін. Бұл мәселе туралы бүгінгі күні «Самұрық» пен «Самсунг» арасында қызу талқылаулар жүріп жатыр, деді ол. Ал екінші сұрақтағы мәселені шешу өзінің құзіретіне жатпайтындығын айтып жауап берді. Заң жобасы бойынша қосымша баяндаманы Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Плотников жасап, қабылданғалы жатқан құжаттың маңыздылығын атап өте келіп, климат жөніндегі Париж келісіміне сәйкес барлық қатысушылар 2020 жылдан бастап, әр бес жыл сайын ауаға зиянды шығарындыларды азайту жөніндегі өздерінің ұлттық міндеттемелерін көрсетуі тиіс екенін айтты. Осылайша бұл климаттық келісім көміртегі төмен отындарды дамыту және әлемдік экономиканы көміртексіздендіруге көшіру жөніндегі жаһандық саясатты жүргізудің басы болып табылады, деді сенатор. Талқылауда пікір білдірген сенатор Се­рік Біләлов Париж келісімі орта және ұзақ мерзімді келешекте «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы мен Қазақ­стан Республикасының «жасыл» эко­номикаға көшуі жөніндегі тұжырым­да­масы секілді қолданыстағы стратегия­лық құжаттар аясында іске асырылатын болады, деді. Сөйтіп, ратификациялау туралы заң бірауыздан қабылданды. Келесі мәселемен отырыс Қазақстан мен Ресей Үкіметтерінің арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенция шеңберінде Қазақстан Ресейдің уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялады. Бұл құжат резиденттікті растайтын ресми құжаттарды танудың оңайлатылған тәртібін белгілейді. Оның қолданылуы екі мемлекеттің резиденттеріне арналған салық рә­сім­дерін жеңілдетуге және инвес­тициялық климаттың жақсаруына ықпал етеді. Заң жобасы туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндап, соңынан сенаторлардың сұрақтарына жауап берді. Ал Сенат тарапынан Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ольга Перепечина қосымша баяндама жасады. Талқылауда сөйлеген сенатор Ертарғын Астаев қабылданғалы отырған құжаттың маңыздылығына тоқталып, келісімге сәйкес әрбір тараптың уәкілетті органы берген құжаттар екінші тараптың аумағында қандай да бір арнайы куә­ландырусыз қабылданатындығымен резиденттерге жеңіл болатынын атап өтті. Отырыс соңынан сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жария етті. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»