• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2016

Қапаланбаңыз, қария

380 рет
көрсетілді

Күн сенбі. Қоңыр күз үстемдік құрғанымен, ауа райы жаймашуақ. Желкем жел де жоқ. Осындай жайлы сәтті пайдаланып, бой жазуға сыртқа шыққан бетім еді. Сенбі әрі таңертеңгілік мезгіл болғандықтан шығар, сарғыш түске боялған бақ ішінде серуендеп жүрген жандардың қарасы аз. Айналаға бейқам көз тастап, асықпай адымдап келе жатыр едім, қарсы алдымнан екі кісі жолықты. Бірі – көзінде қара көзілдірік, балдаққа сүйеніп, аяғын әрең-әрең басып келе жатқан егде кісі. Екіншісі – оны қолтығынан демеген, елудің шамасындағы әйел адам. «Әкесі мен қызы болар» деп ойладым. Адам көрмегендей тесіле қарап қалсам керек, әйел әуелі амандасып алды да: – Бұл кісі көзі көрмесе де, құлағы естімесе де, тесіле қараған адамды сезіп қояды, – деді. Қапелімде қандай жауап айтарымды білмей, сасқалақтап қалдым. – Айыпқа бұйырмаңыздар, жаман ойым жоқ, – дедім. Аузыма түскені осы болды. – Әкең екеуңізді ренжітсем, кешіріңіздер. – Бұл кісі әкем емес. Бірақ, әкемдей болып кеткен кісі. Бір-бірімізге бауыр басқанымыз соншалық, аптасына екі-үш мәрте жолықпасақ, сағынып қаламыз. Арасында осылай таза ауаға шығып, серуендейтініміз бар. Ауа райы жақсы күндері ағамыздың көңіл-хошы болып, ағыл-тегіл әңгіме айтады, бір желпініп, кең тыныс­тап қалады. Балдақпен жүру қиын болса да, орындықта отырғанды қаламайды, аяңдап серуендегенді жақсы көреді. Үйге қайтқысы келмейді. «Үлкен кісінің мінез-құлқын әбден біліп алған екен-ау», деп ойладым. Осы сәтте ағамыз тіл қатты: – Қызым, таныстардың бірін жолықтырдың-ау деймін. Мен танымаймын ба? – Жоқ, аға, сіз танымайсыз. Қатты дауыстап айтты. Сосын маған қарап: – Бұл кісі мені «қызым» дейді. Жақын бауыр­ларым мен туыстарымның барлығын біледі. Жақындарымның бірі ме деп жатқаны ғой. Аяңдап алға қарай қозғалдық. Әңгімесін жалғастырды. – Мен әлеуметтік қызметкермін. Аға­мыз­дың зайыбы 2006 жылы қайтыс болған. Сол ауыр қайғыны көтере алмай, қан қы­сы­мы қатты көтеріліп, жүрек талмасына ұшы­рап, көзі көрмей, құлағы естімей қалған. Бала-шағасы бар, жеке-жеке отбасы, олар бас­қа қалада тұрады. Әйелі осы Астанада жерленгендіктен, басына барып тұрады. Ба­ла­лары тұрып жатқан Алматыға қоныс аудармауының себебі сол. Он жылдай болып қалды, мен бұл кісінің қамқоршысымын. Оның әңгімесі мені қызықтыра түсті. Журналист екенімді айттым. Ескі таныстардай әңгімеміз жарасып барады. Өзінің де, ағаның да аты-жөнін айтты. Бірақ, көпке жария етпеуді өтінді. – Біздің аты-жөнімізді келтірудің қажеті жоқ. Журналист екенсіз, газетке жазуға тиісті мәселені айтайын. Көпшілікке ой тастау үшін. – Айтыңыз. – Мүмкіндігі шектеулі жандар он екі мүшесі сау болмағанымен, осы қоғамның мүшесі. Арбаға таңылған немесе көз жанарынан айырылып, балдаққа сүйенген адамды көрсек, үлкеніміз де, кішіміз де тоқтай қалып, тесіле қараймыз. Мұндай жағдай олардың көңіліне қаяу түсіреді, жүрегін жаралайды. Әрине, қажет болып жатса, демеп, көмектесіп жіберген дұрыс. Бірақ, қол-аяғы сау адамдар оларды да өздеріндей көруі тиіс. Мүсіркей, тесіле қараудың қажеті жоқ. Оларда да намыс бар. Әрі-бері ағылған адамдардың арасында оқшау болмауы керек. Дүкенге немесе тұрғын жайға, демалыс мекемелері мен басқа да орындарға олар басқалардың қатарында, көппен бірге емін-еркін кіріп шығуы тиіс. Оларды өзіңіз секілді күнделікті тіршілікпен әрі-бері ағылған адамдардың бірі деп ойлаңыз. Тіпті, дамыған шетелдерде мүмкіндігі шектеулі адамдар көппен бірге кезекке де тұрады ғой. Кезексіз өткізуге талап қылсаңыз, намысын таптағандық, қорлағандық болып табылады. Өйткені, олар да кезекте тұрған көп адамдардың бірі. Жеткізе алдым ба ойымды? – Ойыңызды түсіндім. Осы әңгіме ой салды. Әлеуметтік қыз­меткер мыңдаған мүмкіндігі шектеулі жандардың жан дүниесіндегі сырды ақтарып салғандай болды маған. Ағаға қарап тұрып: «Қапаланбаңыз, қария» дегім келді. Шынында да күнделікті тіршілікте мән бермейтін мәселе ғой бұл. Осындай ой тастап отырған әлеуметтік қызметкерді айтсаңызшы! Жаны жабырқау жандардың жан дүниесіне үңіліп, біте-қайнасып, қиындығына төзу де екінің бірінің қолынан келе бермейді-ау, сірә. Әлеуметтік қызметкер тек күтуші ғана емес, ол елгезек, мейірімді, жан-жақты білімді, адамдардың психологиясын жақсы меңгерген маман болуы керек. Ондай өз ісіне ақ-адал әлеуметтік қызметкерлердің арамызда көп екеніне күмәніміз жоқ. Оларды ертеңгі төл мерекелерімен құттықтап, адамдардың алғысына бөлене берулеріне тілектестік білдіргіміз келеді. Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»