• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2016

Дидар Амантай. Мен постмодернизмді қалай түсінемін

1626 рет
көрсетілді

(Постмодернизм уақыты: Мәдениет, өнер және талғам) Постмодернизм бе, әлде постмодерн бе? Бұл философиялық сауалдарға жа­уап беру мақсатында, әуелі, термин­дерімізді анықтап, категорияларымыз­ды реттеп алайық. Содан кейін – дефиницияларымызды бекітіп, ғылыми-категория­лық аппарат жүйесін қа­лып­­тас­тырамыз, жал­пыға ортақ ой­лау тәр­ті­бін орнатамыз, ұғым-түсінік­тер­дің өмір сүру ережесін жария етеміз. Келістік пе? Постмодернизм дегеніміз – біз өмір сүріп отырған ЗАМАН. Постмодерн – сол біз өмір сүріп отыр­ған ЗАМАННЫҢ МӘДЕНИЕТІ. Яғни, постмодернизм – көз алдымыз­дағы қоғамның кескін-келбеті, Ницше айтып, Энгельс қостаған метафора тәрізді, көше кезіп жүрген уақыттың санамызда қалыптасқан образы, еншіміздегі мезгіл, осы шақ, басымыздағы тұрмыс-жағдай, дәурен, ой-санамыз қабылдаған модуль, былайша айтқанда, кезең көрінісі, дәуірі­міз­дің кейпі. Ал постмодерн – сол қалыптасқан образдың мәдениеті, өнері, қандай формада, қалай өмір сүретіндігі. Жалпы, француз философтары Ми­шель Фуко, Жак Деррида, Жан Бод­рийяр постиндустриялық өрке­ниет тұр­ғын­­дары санасын қорқыныш пен ма­за­­сыздық билеп-төстейтіні туралы жа­зады. Постмодернист ойшылдар пост­индус­триялық заманда қоғамда төрт нәрсе үстемдік құратынын алға тартып отыр: Біріншісі – АГНОСТИЦИЗМ (ақи­қат – лингвистика туындысы, сөз­де ғана өмір сүретін құбылыс; бі­лім ке­ңіс­тігі — тілдің ойын алаңы, ақиқат­та­рымыз – жалпы, интеллектуалдар бекітіп, қоғам қабылдаған көзқарас, түйін, толғам, ешқандай да болмыстың не өмірдің бейнесі емес). Екіншісі – ПРАГМАТИЗМ (интел­лект белгісі – табыс, ал табыстың қа­зіргі ка­питалистік қоғамдағы көрінісі – байлық, дәулет). Үшіншісі – ЭКЛЕКТИЗМ (ақиқатқа емес, табысқа ұмтылыс, бұл жолда – жекелеген немесе аралас-құралас күй­ін­де – барлық айла-амал, іс-әре­кет, қулық-сұмдық, әдіс-тәсіл қол­данылады, сон­дықтан дүниенің бей­несі, көрінісі – коллаж, мұражай коллекциясы). Төртіншісі – АНАРХО-ДЕМОКРА­ТИЗМ (ақиқаттың жоқ­ты­ғы, ақиқатқа жеталмау, әлемде ақи­қат туралы бұл­дыр түсініктің қалып­тасуы түрлі ұйымдарды (мем­лекетті де) тұлғаларды езіп-жан­ши­тын қиянатшыл күшке айналдыруы). Модерннің гуманизм идеалдарына сенім артқан оптимистік сарыны бар еді. Ол антропоцентризмге де, рационализмге де, ғылымға да сенді. Иосиф Бродский тамаша бір эссе­сінде: «Модернизм – тек логикалық салдар, классиканың нығыздалған ықшам түрі», – деген ой айтқан еді. Сондықтан, ақпараттық қоғам деге­ні­міз постмодернистік қоғамның нұсқа­­ланған бір вариациясы. Бүгінгі мәде­ниетке бұқаралық ақпарат құрал­дары қатты әсер ететіні жөнінде, кезін­де пікір айтып, аталмыш маңызды тақырып­қа бірнеше рет қалам тарттық, тіп­ті, БАҚ мәдениеттің модустарын қалыптастыратыны туралы да мәсе­ле көтерілді. Қазіргі заманда өске­лең ұрпақ поп-жұлдыздарды өнеге тұтатыны рас, еліктейді, солықтайды, өнер­паз қауым, теле-тұлғалар жү­ріп-тұрудың үлгісіне айналады, артистер­дің мойнында осындай үлкен әлеу­меттік жауапкершілік, ауыр жүк бар... Постмодернистік кезеңде мәдениет, өнер және әдебиет эстрадалық сипат алады. Таным қабілетіне шәк келтірген ізденістер өнердің шын мұратынан пайда көрмей, тез арада табысқа қол жеткізе алатын жайдарман түрлеріне ауысады. Әнге сөз жазатын қаламгер нағыз шай­ырдан гөрі әлдеқайда мықты ақын болып көрінеді. Негіз бар, өлшемі де анық, ол – табыс. Бүгінгі халық шығармашылықта жүр­ген қайраткерді сіңірген еңбегіне қарай емес, көпшілік таныған табысына қарай, яғни бірнеше критерий немесе еңбектің өзі емес, еңбектің нәтижесі бойын­ша бағалайды. Менің ойымша, қазіргі қоғамда қалыптасқан постмодернистік табыс түрлері: Танымалдылық; Байлық; Ықпалды топтармен таныстығы; Жоғары оқу орнын бітіргендігі жөнін­де бір емес, бірнеше дипломға ие болуы; Жоғары қызмет; Топқа кіру; Епті парақорлық немесе кор­руп­циялық жетістік; Ұлт мұраты мен топтық мүдде диалек­­­тикасын меңгеру: жариялылық пен құпиялылық. Постмодернизм – ғаламзаттық құ­бы­лыс, өркениет дамуындағы белгілі бір кезең. Батысқа ғана тән емес. Адамзатқа  ортақ, өркениеттерге тең дүние. Сонымен қатар, постмодернизмді құ­бы­жыққа ай­налдырудың да қажеті жоқ, бір басына жан-жақтан жиып-те­ріп бүкіл жақсы-жаманды үйіп-төгудің де керегі шамалы. Біздің мақсатымыз – мәнін ашып, шын­ды­ққа жету, сәті түсіп, жолымыз бол­са, ақиқатын тану. Постмодернизм деген тұтас бір құбы­лыс жоқ. Ол туралы түсінік – әр­түрлі өркениеттік көрінісінен, қо­ғам­дағы бел­гі­лерінен жинақталған қа­сиеттер жи­ын­­тығы, оқшау категория, жеке мән, ескі һәм жаңа мазмұн. Міне, содан біз қолданып жүрген жалпы ұғым қалып­тасқан. Менің ойымша, өнер тарихы деге­німіз стиль немесе стильдердің тарихы. Әдебиет – машық биографиясы. Кине­матография – бейнелеу тілінің ғұмыр­намасы. Әдебиеттегі постмодерн дегеніміз не? Тегінде, өнердегі постмодерн стиль­ді білдірмейді. Постмодерн – стиль емес, кино тіліне жатпайды, қойылым пішініне келмейді. Постмодерн – мәдениет, өнердегі қалыптасқан ахуал. Басымызға туған күн немесе қонған бақ. Модерн стиль болды. Көп стиль, бірақ ортақ белгілері бар стиль. Дүниені қайта жаң­ғыртуға, ойды, құбылысты қайта түсінд­іруге ұмтылған стиль. Уильям Фолкнер, Эрнест Хемин­гуэй, Джеймс Джойс, Гертруда Стайн, Марсель Пруст, Франц Кафка... Ертеңге асыққан, ізденістері сөздің жаңа мүмкіндіктерін көрген, жаңа қабілетін ашқан, қысқа да жазған, ұзақ та тербеген стильдер. Ол туралы эсселерімізде көп жаз­дық. Ал постмодерн – стильдің өзі емес, стильдердің араласуы. Бір шығарма­да бірнеше жазу тәсілі көрініс табуы мүмкін. Тіпті, қаламгер романына басқа жазушы не ойшылдың мәтіндерін енгізуі де мүмкін. Енгізбеуі де мүмкін. Демократия. Қатаң тәртіп жоқ. Бастан-аяқ өзі жазып шыққан туынды неліктен постмодерн болады? Жазу тәсілі әртүрлі, не тақырыбы қал­жың, епті боксшы тәрізді біресе солға шығады, біресе жылдам секіріп билеп оң жақтан көрінеді. Виртуоз. Интеллектуал. Эрудит. Кітаптың соңын жырлаған ақырғы алыптар. Гиганттардың құлауы. Тарих та бітті. Өнер де солды. Әде­биет те ақырына келді. Сөз таусыл­ды, ой сарқылды. Бір қарағанда. Бірақ, үміт бар. Оқырманның оралуын күтіп жүр­міз. Бұрын кітапты ақиқатты табамын деп оқитын еді, қазір кітаптан баюдың жолдарын іздейді. Бірақ, талғам өзгерген емес. Талғамның көрінісі – стиль. Мода – стильдің салтанаты. Сәнде уайым-қайғы болмайды. Стиль қашан­да салтанатты. Асқақ. Стильдің отаны – талғам. Талғамда жағрафиялық шекара жоқ. Әдемілік бір-ақ модуста өмір сү­ре­ді. Мәдени талғам Оңтүстікте бір басқа, Солтүстікте бір басқа емес. Шы­ғыс­тық не Батыстық деп бө­­­­лін­бей­ді. Ғаламдық аяда адамзат мә­дениет­тері түрлі нұсқаларға бөлі­неді, бі­рақ, талғамның қай орта, қан­дай қо­ғам болмасын, талабы бір, ол талап – өмірдегі құбылыстарды, фило­со­фиялық-метафизикалық ойды көр­кемдік шындыққа айналдырғанда, үй­лесім­ділік пен үндестікті – ең қысқа, ең ықшам, ең төте жолмен немесе кө­рініс, әлде белгі арқылы бейнелеп жет­кізе білу. Яғни, көркем шығармаңыз арқылы белгілі бір түйген ойды не қалыптасқан атмосфераны жұртқа жеткізгенде, тіл қатқан туындыңыз ашпақ сырын неғұр­лым аз ашса, онда жаныңыз өнерден соғұр­лым көп рақат кешеді, көңіліңіз қанағат табады, талғамыңыз да жоғары болады. Жақсы талғам – көркемдік тұр­ғы­дан үйлесімін тапқан, артық-кемі жоқ, фальш­тен таза, пафостан арылған дүние. Біз Батыстың не Шығыстың үздік проза­сын қолымызға алғанда, жазу тәсі­ліне елтіп, жақсы стильден қуанып отырамыз. Талғам жөнінде таласпайды деген аса бір кең тараған, аса бір асқақ айтыл­­ған қанатты сөз бар. Жаңсақ түсінік, теріс мәтел. Талғам үшін та­лас­­пақ түгілі, тартысу керек, тіпті, кү­ре­су де қажет болады. Біз қоғамда жақсы талғам үшін күресе білгеніміз жөн. Күресіміздің түрі жақсы балама жасап, жұрт назарына ұсыну болмақ керек. Дидар АМАНТАЙ, жазушы