• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2016

Қоқыстан шыққан «құбыжық»

540 рет
көрсетілді

Шынайы өнер шын өмірмен беттестіруі керек. Өмірдің ақиқатын алдыңа жайып салып, «Ащы тірлік осы» дегізуі қажет. Кеңсірігімізден бір қолаңса иістің кетпей қойғаны сияқты детальдары болса тіпті тамаша. Көше де, аула да мүңкіп жатыр, үйлерден де қолаңса иіс шығады. Қора-қопсылар бықсық. Зәр, тер, нәжіс сасыған адамдар көз алдыңа елестеп, одан соңғы оқиғалар қоюлана береді... Балық сасыған лашықта, қан-жынның маңында туып, кіндігі кесіле сала қоқысқа тасталмақ болған нәресте, қашып үлгермей полиция қолына түсіп, сол заманның қатал үкімі бойынша өлім жазасына кесілген шеше, одан әрі сол шақалақтың шым-шытырық тағдыры... Өмірі балық тазалаумен өтіп жатқан келіншек неге баладан бас тартады? Тым тұйық, тым әсершіл бала өскен соң неге пәктіктің жұпар иісін аңсайды? Сөйте тұра неге сонша қатыгез? Немістің осы заманғы атақты жазушыларының бірі Патрик Зюскиндтің әйгілі «Парфюм» романының желісімен түсірілген кино неге тым әсерлі? Оны айтпастан бұрын өмірге үңіліп көрсек ше? Осы күні қоқыстың маңынан бала табылды десе, жүрегім шым ете қалады. Некесіз бала табудың қазақтың дүниетанымына сай келмейтіні өз алдына, баланың қым-қиғаш қалыптасатын тағ­дырын, өскен соң жанын жегідей жейтін азапты сезімдерін, оның қаталдыққа, қаталдықтың қан­ішер­лікке дейін ұласуы мүмкін тұстарын ой елегінен өткізіп бағамын. Ата-ананың махаббаты мен мейіріміне бөленбеген, сол үшін адамға, қоғамға, Құдайға кектенген пендені көз алдыма әкелемін. Неге дейсіз ғой? Әркім өзі үшін өмір сүретін, өзінің білгенін істейтін, ойдағысын айтуға қақысы бар, қарама-қайшылыққа, кереғарлыққа толы қоғамда жүрек шымырлату қажет пе? Оның тағдыры сондай шығар? Қоқыстың маңында туылып, қоқысқа тасталуы тиіс болған немесе айталық, күлдің қасынан табылған соң балалар үйіне өткізілу оның маңдайына жазылған. Тіпті, әлемдегі ең мықты, ең атақты көрдемшелер туралы ақпараттарды суырып алып, әлденедей ғып айтып, басқаша қырынан насихаттап жіберуге де болады емес пе... Бірақ, біз үнемі қайталап айта беретін бір әдемі шындық бар: адам жаны ізгілікке құмар. Адам жаны махаббаттан, мейірімнен, ақыр аяғы жылы сөзден қуат алады. Адам жаны жақсылық жасауға құштар келеді. Әрбір адамның ішкі әлемінде сағыныш пен мұңын, аңсарлы арманын, үлбіреген үмітін мәпелеген мейірімді кейіпкер өмір сүреді. Әлгі қоқыста туылған Жан Батист Гренуй да алғашында пәк арудың жұпар иісіне еліткен бозбала болатын. Жалпы, оның кез келген иіске алабөтен сезімталдығы фильм бастала бере көрінеді. Иіс ажырату, иіске сезімталдық оның Париждегі парфюмерлік мансабының табысты болуына жол ашты. Ең жұпар иісті өзі өлтірген уыз бойжеткендердің өлі тәнінен шыжғырып алатын Жан өзін қорқынышты, зұлым адам ретінде сезінбейтіні, жазалы болудан, жауап беруден қашатыны тіпті ғанибет. Тіпті, режиссер де кейіпкерге жақтасатын сияқты ма қалай? Кейіпкер өзі туған былғаныш мекенге жетіп, үстіне өзі жасаған хош иісті әтірдің бірін себініп, тобырдың таласа-тармаса құлатып, бірінің үстіне бірі мінгесіп жатып иіскеулеріне ерік берген соң жерге сіңіп кетеді... Жаман иіске, қораш өмірге еттері өліп кеткен төменгі таптың арасында айрықша сезімтал баланың дүниеге келуі, ерекше қабілетін зұлымдыққа жұмсауы дәл солай болуы тиіс дүниедей қабылданады. Және төменгі таптың адамдары жоғары қауымның ақсүйек мырзаларына қандай жолмен де (кісі өлтіріп те) қызмет етуі тиіс деген бір қисын да шешуші орынға қойылған сияқты. Ол нақты детальдармен «менмұндаламайды», бірақ, фильм біткен соң санаңа жарқ ете түседі. Әттең, бұл «адам жаны ізгілікке құштар» деп жоғарыда сайрап отырғанымызды зая кетіретін көріністер ғой... Негізі, фильмді талдауды мақсат еткен жоқпыз. «Парфюмер: бір қанішердің тарихы» көрген кезде әбден түсінікті болатын дүние. Иіс ажыратудың кереметтігі мен қорқыныштылығы қолға қалам ұстатты. Қоқысқа тасталып жатқан сәбилердің «құбыжыққа» айналып, ертең бізден қандай жолмен де кек алуы мүмкін екенін ойладым... Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»