«Алматы Тауэрстегі» өрттен қаза болғандардың отбасыларына 3 млн теңгеден материалдық көмек көрсетілмек. Қайғылы оқиға орын алған ғимаратқа келген қала әкімі Бауыржан Байбектің алдында жасаған мәлімдемесінде «Алматы Тауэрс» басқарушы компаниясының өкілі Әблімит Рахматуллаев осылай деді.
Қаза болғандарға көңіл айту білдіріп, олардың отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырған қала әкімі «Қазіргі кезде оларға барынша үлкен көмек көрсетіп, жерлеу мен оған кететін шығындар мәселелерінің барлығын шешу қажет. Ешкім назардан тыс қалмасын. Комиссия барлық тексеру жұмыстарын ашық және жариялы түрде жүргізеді. Қысқа мерзім ішінде толық есеп берілуі тиіс», деп атап өтті.
«Алматы Тауэрс» басқарушы компаниясының өкілі өз кезегінде өрт кезінде қаза болғандардың отбасыларына бүгіннен бастап материалдық көмектің берілетінін айтты. «Осы қайғылы оқиға барысында мерт болғандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Біздің компания басшылығы барлық қайтыс болғандардың отбасыларына 3 млн теңгеден қаржылық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бұл төлемдер бүгіннен бастап беріледі», деді Әблімит Рахматуллаев.
«Батутный центр» ЖШС директоры Дәурен Тұяқов жерлеу рәсіміне көмек көрсетіп, зардап шеккендерге өтемақы төлейтіндіктерін жеткізді. Қаза болған студенттер оқыған жоғары оқу орындары да материалдық көмек көрсететін болады.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Серік Әубәкіров өрттің шығуына қатысты қайғылы оқиғаның дәнекерлеу жұмыстары барысында қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан немесе апатты жағдайдағы электр қондырғыларынан болуы мүмкін деген екі болжамның қарастырылып жатқандығын айтты.
Сондай-ақ, Алматы қаласы ІІД бастығының орынбасары Ізбасар Бектұров қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ