• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2016

Данат есімді дарын

422 рет
көрсетілді

Ә.Ермеков атындағы республикалық олимпиадада топ жарды Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермековтің 125 жылдық мерейтойы аясында Қарағанды қаласында ұйымдастырылған математикадан Ә.Ермеков атын­дағы республикалық олимпиаданың жабылуы мен жеңім­паздарды марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Шәкірттер сайысы Қарағанды мемлекеттік техни­калық универ­ситетінің ғимаратында өткізілуінде де мән бар. Техникалық білімнің алтын ұясында кезінде Әлімхан Ермеков ұстаздық қызметпен шұғыл­данған. – Әлімхан Әбеуұлы біздің уни­верситетімізде сталиндік қуғын-сүргін кезеңінде, әйгілі 58-бап бо­йын­ша лагерьде отырып келгеннен кейін еңбек еткен, – деді ҚарМТУ-дың ректоры, академик Арыстан Ғазалиев. – Ол өзінің сенімі үшін жазықты болған адам еді. Біле білсеңіздер, Қазақстанның қазір жер көлемі бойынша әлемдегі 9-шы ел болып отырғаны – сол кісі­нің арқасы. Әлбетте, ол кісінің ғылымға сіңірген еңбегі де орасан. Қазақ тілінде жазылған тұңғыш математика оқулығының авторы. Сол кітаптың бір данасы қазір ҚарМТУ мұражайында сақтаулы. Ермековтер әулетінен 4 ғылым докторы, 3 академик шыққан. Олар да атақты ғалымдар, Қазақстан үшін көптеген игі істер тындырған тұлғалар. Олимпиадаға еліміздің барлық облыстарынан 8-9 сыныптарда оқитын 115 дарынды жеткіншек қатысты. Екі тур бойынша өткен бәйгеде жас математиктер күрделі математикалық есептер шешу бәсекесіне түсті. Сонымен қатар, білім сайысының шеңберінде оған қатысушылар үшін мәдени-сауық бағдарламалары мен тренингтер ұйымдастырылды. Ә.Ермеков атындағы білім додасының түпкі мақсаты оқу­шылардың шығармашылық қабілетін дамыту, практикалық дағ­дылары мен теориялық білім­дерін тереңдету, дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау, оқушыларды математикадан халықаралық жарыстарға дайындау, сол арқылы еліміздің білім дәрежесін көтеру болатын. Олимпиаданың жабылу салтанатында жеңімпаздар мен жүл­дегерлер медаль-дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапат­талды. Гран-при жүлдесіне Ас­тана қаласы қазақ-түрік ли­цейі­нің 12 жасар оқушысы Данат Дүй­сембеков ие болды. Оған Қа­рағанды облысының әкімі Нұр­­мұхамбет Әбдібеков арнайы тағайындаған 250 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Сонымен қатар, жүлделі орындар­ды еншілеген 12 шәкірт пен белгілі ғалымдар атындағы арнайы сый­лыққа ие болған балаларға да бағалы тартулар жасалды. – Осы олимпиаданың өтетіні туралы кештеу естідім де, дайын­дыққа уақытым аз болып қалды. Сонда да келіп қатысып, жеңімпаз атанып отырмын. Бұл білім сайы­сы маған ұнады: тапсырмалары қызықты, бәсекелестерім де мық­ты екен. Жүлдеге алған қара­жатты ата-анама апарып беремін, мүмкін маған ноутбук алып бере­тін шығар, – дейді қаршадай дарын. Елімізде өскелең ұрпақтың ынтасын оятып, ертеңгі күн­нің игілігіне қызмет ететін тағы бір бастама өмірге келді. Олим­пиаданы ұйымдастырған Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжі­рибелік орталығы, Қарағанды об­лысының жастар саясаты мәсе­лелері жөніндегі басқармасы өкіл­дерінің айтуынша, бұл бастама енді жыл сайын өткізіліп, дәстүрлі білім бәйгесіне айналмақ. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ