• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2016

Қыс қарсаңындағы қызу қарбалас

282 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Назарбаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында адам денсаулығын сауықтыруға зор көңіл бөліп, тұрақты назарда ұстап келеді. Дені сау ұрпақ өсірудің айқын жолы саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысу екенін де ұдайы айтып жүр. Әсіресе, бұқаралық спортты дамыту қажеттігін алға міндет етіп қойды. Ал Президент алға қойған міндетті мүлтіксіз орындау үшін спортпен жаттығатын орындарын көбейту, олардың жыл бойы жұмыс істеуіне жету маңызды болмақ. Қазіргі таңдағы басты мәселе осы спорт нысандарының қысқы ке­зең­ге дайындығы екені сөзсіз. Об­лыста тұрғындардың дене шынық­тыруларына және спортпен шұғыл­дануларына мүмкіндік беретін 1611 әртүрлі спорт нысандары жұмыс істейді. Оның 197-сі денешынықтыру және спорт бағытында болса, 1329-ы білім беру мекемелерінде, 84-і спорт мектептерінде орналасқан, 58-і жекеменшік ғимарат болып табылады. Жалпы, облыстағы спорт нысандарының 82,5 пайызы білім беру мекемелеріне қоныс тепкен. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты 15 қа­лалық, 14 аудандық балалар-жас­өспірімдер спорт мектептері (БЖСМ) жұмыс істейді. Қазіргі таңда 12 БЖСМ ғи­мараттары газбен, яғни арнайы жылыту қазандықтарымен, 13 БЖСМ орталықтандырылған жылу жүйесімен және 4 БЖСМ отынмен жылытылады. Қысқы маусымға «Әйтеке би БЖСМ» КММ 2,3 млн теңгеге, «Ойыл БЖСМ» КММ 53,5 млн теңгеге, «Ырғыз БЖСМ» КММ 9,5 млн теңгеге және «Қобда БЖСМ» КММ 2,2 млн теңгеге отын, жанар-жағармай сатып алды. Бұл мекемелерді газдандыруға қажетті құжаттар дайындалуда және келесі жылы «көгілдір отынға» толықтай көшіру көзделуде. – Үстіміздегі жылдың қыс­қы ке­зеңінде қалалық БЖСМ ғимарат­тарын жылытуға 46453,0 мың теңге, аудандық БЖСМ ғимараттарын жылытуға 15835,0 мың теңге қаражат қарастырылған. Облыс әкімінің хат­тамалық тапсырмасына сәйкес, бар­лық ведомстволық мекемелердің қысқы маусымға дайын­дығын рас­тайтын құжаттамалары бар. Қазіргі таңда спорт мектептері маусымға әзір, – дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты қаржы және экономика бөлімінің басшысы Біржан Молдашев. Бөлім басшысының мәлімдеуінше, «Футболдан облыстық балалар-жас­өспірімдер олимпиада резерві мек­тебі» КММ-нің залын 3,5 млн теңгеге арнайы жылыту материалдарымен қаптау жұмыстары жүргізілген. «Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мек­тебі» КММ-нің шатырын күрделі жөндеуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 32154,0 мың теңге бөлініп, жүзеге асырылыпты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Шалқар қаласындағы «В.Н.Цеханович атындағы № 1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің спорт залына және «Мәртөк балалар-жас­өспірімдер спорт мектебі» КММ бокс залының шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 11797,0 мың теңге қаражат бөлінген. Олардағы жөндеу жұмыстары жыл ая­ғына дейін аяқталады деп күтілуде. Қал­ған БЖСМ бойынша ағымдағы жөн­деу жұмыстары мектептердің өтінім­деріне сәйкес қарастырылып, жүзеге асырылатын болады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы