Әдетте адам өмір есігін перзентханада ашады. Кейде ұшақта да, кейде пойызда да өмір есігін ашып жатады. Бірақ, мұндай жайт ілуде бір кездесетін болар. Ал өзге мемлекеттен туған елге өтер шекарадан таяқ тастам жерде өмірге келсе ше?..
Атырау мен Астрахань – ежелден қоңсы отырған өңірлер. Қос өңірдің арасын Қиғаш өзені ғана бөліп жатыр. Бұрын осы өзен арқылы пароммен ғана қатынау мүмкін болса, қазір шекарадағы су айдыны үстінен екі ел басшыларының қолдауымен салынған көпір бар. Екі елге қатынауды жеңілдеткен достық көпірінен әрі өтсеңіз, Ресейдің Астраханына көлікпен лезде жетесіз. Астрахань тұрғындары да Атырауға жиі келеді. Бірақ, әр адам алдында не күтіп тұрғанын болжай алмайды ғой. Биылғы күзде Атырау облысында тұратын бір отбасының отанасы әлдебір шаруаларымен Астраханьға барған екен. Елге қайтар жолда көлік апатына ұшыраған. Жол апаты Ресей жағынан шекараға 40-50 метрдей қалған тұста болған. Жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен.
– Көлік апатынан жарақат алғандар Красноярь аудандық ауруханасына шұғыл жеткізілді. Жас әйелге ота жасалды, – деп әңгімелеп берді Краснояр аудандық әкімшілігі ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету, жастар ісі және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынас бөлімінің бастығы Александр Подгоров. – Дәрігерлер жүктіліктің соңғы айындағы отанасын шұғыл босандыруға кірісті. Ота сәтті жасалып, өмірге қыз бала келді.
Алайда... шекарада шыр етіп жарық дүние есігін ашқан сәби анасымен бірге 6 күн жатқан. Елге оралар сәтте анасы қызының Қазақстан Республикасының азаматы атанғанын қалайтынын айтыпты. Бірақ сәбиді өмірге келгенін растайтын туу туралы куәліксіз шекарадан өткізу мүмкін емес. Заң талабы солай болуы керек. Тиісті құжаттар жасақтау көп уақыт алады. Бұрын мұндай тосын оқиғамен бетпе-бет келмесе де, қол ұшын созуға ұмтылған Краснояр ауданының басшысы Нұрғали Байтеміров еліміздің Астрахань қаласындағы консулдығына хабарлапты.
Қазақстан Республикасының Астраханьдағы консулы Асхат Сыздықов пен оның орынбасары Бекжан Әліқұлов шекара түбінде өмірге келген сәбидің елге аман-есен жетуіне көмегін де, қолдауын да беріпті. «Консулдық қызметкерлері көзді ашып-жұмғандай қысқа уақытта, дәлірек айтқанда, 2-3 сағаттың ішінде жаңа туған сәбиге қажетті құжаттарды жасақтады. Құжаттары қолға тигеннен кейін анасы құндақтаулы сәбиімен туған еліне оралды», дейді арнайы көлікпен біздің отандастарымызды үйіне дейін жеткізіп салған Александр Подгоров.
...Әдетте ел мен елдің арасындағы байланыстың экономикалық, іскерлік, әріптестік бағытта өрбитіні даусыз. Алайда, өзге мемлекетте тұрса да, көршілік хақы ғана емес, адамдардың бір-біріне деген сыйластығы мен құрметі әлі де үзілмегеніне көз жете түсті.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ – АСТРАХАНЬ – АТЫРАУ