• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2016

Байқаңыз, балалар ойыншығы!

741 рет
көрсетілді

«Бала – адамның бауыр еті». Бала – болашақ. Сондықтан  адам да, қоғам да бар жақсыны балаға беріп, олардың жайқала өсіп, жан-жақты жетілуі үшін аянып қалмақ емес. Әрбір ата-ана бауыр еті – баласының шарболаттай шыныққан, ой өрісі дамыған, дүниетанымы кең азамат болып қалыптасуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, бүлдіршіндерінің барлық сұранысын заманауи, сапалы заттармен қанағаттандыруға тырысады. «Барлық жақсы – балаға» деген қанатты сөз де осындай игі ниеттен туса керек. Ақиқатында солай ма? Жаһандық рыноктағы балалар тауарларының үлесі 500 млрд АҚШ доллары көлемінде болады екен. Мамандардың айтуынша, балаларға арналған тауарлар орта есеппен жыл сайын 5 пайызға өсіп отыр. Бұл  – үлкен көрсеткіш. Ал Қазақстан рыногындағы бұл тауарлардың үлесі 1,6 миллион доллар мөлшерінде көрінеді. Ең өкініштісі сол, елімізде балаларға арналған тауарлар түгел шеттен тасылады. Балалар тауарлары индустриясы ассоциациясының дерегі бойынша, балалар тауарларының 80 пайызы рынокқа ешқандай тексерусіз, бақылаусыз келсе, тек 20 пайызы арнайы дистрибьюторлардың үлесіне тиесілі көрінеді. Әсіресе, еліміздің сауда рыногындағы балалар ойыншығының контрафакт ерекше алаңдаушылық туғызады. Жақында Ұлттық экономика министрлігінің тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі комитеті Қазақстан рыногындағы балалар ойыншығы бойынша жүргізілген мониторингтің 9 айлық қорытындысын шығарды.  Еліміздің сауда нүктелерінде сатылып жатқан балалар ойыншықтарының 40 пайызы белгіленген халықаралық нормаларға сәйкес келмейді екен. Сауда нүктелерін тексерген кезде ойыншық сататын сатушылардың басым көпшілігінде тауардың сапасы мен қауіпсіздігі жөніндегі сертификаттары жоқ көрінеді. Экспорттық тексеріс жүргізілген 1277 ойыншықтың 510-ы  санитарлық-химиялық және токсикологиялық көрсеткіштері бойынша балалар ағзасына өте қауіпті болып шықты. Бұл ойыншықтар негізінен Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының және еліміздің бірқатар ірі қалаларының базарларынан іріктеп алынған еді. Балалар ағзасына қауіпті деп анықталған 510 ойыншықтың 90 пайы­зы Қытай өндірісінің өнімдері екен. Тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі комитет қызметкерлері бұл ойыншықтардың негізінен базарлардан алынғанын айтады. Мәселен, Рудный қаласындағы базардан тексеріске алынған «Күшік патрульдері» деп аталатын ойыншықтағы фенол мөлшері тиісті нормадан 15 есе артық болып шыққан. Ал Қызылорда қаласындағы базардан алынған дойбы және шахмат ойыншықтарындағы формальдегида мөлшері белгіленген межеден 30 есе жоғары болып шыққан. Қауіпті ойыншықтардың көшбасшысы тек Қытайдан әкелінген өнімдер ғана емес. Мәселен, бала ағзасын зақымдауда Америкада шығарылған Darts атты лақтырып шанышатын біздердің қауіптілігі бәрінен асып түскен. Күшпен лақтырылған бұл біздер тиген жерін тесіп түсетін көрінеді. Сол сияқты Sky Dancer атты америкалық әуе бишісі қуыршағы да балалар үшін өте қауіпті ойыншық болып шықты. Бұл қуыршақ арнайы тұғырға қондырылып, зырылдауықтай айналады. Алайда, ойыншықты жасаушылар айналған кездегі қуыршақтың күші электр желдеткіштерінің қалақшасынан да қауіпті болатындығын ескермеген. «Адал» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық қорының заңгері Артық Сейітқалиевтің айтуынша, сапасыз ойыншықтардан балалардың зардап шегуіне көп ретте ересектердің өзі кінәлі. Себебі, олар балаларға арналған ойыншықтарды сатып алған кезде оның сапасы мен қауіпсіздігіне мүлде көңіл бөлмейді. Барлық балалар ойыншығының, тіпті, ол сатылу нүктесінде біреу ғана болса да сәйкестілік туралы декларациясы болуы керек. Тұтынушы кез келген ойыншықты сатып алған кезде бірінші кезекте осы декларацияны талап етуі қажет. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан рыногын жаулап алған алыпсатарлардың әр түрлі көлеңкелі жолдармен Қытайдан әкелетін балаларға арналған тауарлары негізінен аз қамтамасыз етілген қалың көпшілікке арналған. Бұл тауарлардың бағасы да қолжетімді. Қазақстан рыногына арнайы дистрибьюторлар жеткізетін әлемдік бренді бар тауарлар игілігін ат төбеліндей қалталылардың балалары ғана көреді. Бүгінгі таңда еліміздің базарлары мен сауда нүктелеріне толып кеткен қауіпті ойыншықтарды анықтайтын да, бұл келеңсіздікке дер кезінде тосқауыл қоятын арнаулы органдар мен ықпалды шаралар жоқтың қасы. Ашкөзденген алыпсатарларды да жалаң үгіт-насихатпен дұрыс жолға салу мүмкін емес. Сондықтан, еліміздің рыногындағы балалар ойыншығын ретке келтіріп, тіпті балаларға арналған тауарларды өзімізде шығаратын өндірісті дамыту мақсатында мемлекет тарапынан кешенді бағдарламалар белгіленіп, іс жүзіне асырылуы қажет. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»