• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2016

Жасампаздық жылнамасы

296 рет
көрсетілді

2004 * 1-2 шілде күндері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Башқұртстан Республикасына ресми сапары болды. Сапар барысында Елбасы Башқұртстан Президенті Мұртаза Рахимовпен кездесті. Президент бұл кездесудің Қазақстандағы Ресей жылының аясында болып жатқанын атап өтті. * 3 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде өткен ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. * 7 шілдеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Инвестициялық қорлар туралы» Заңына қол қойды. * 8 шілдеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайдағы Абылай хан алаңындағы ескерткіштің ашылуына қатысып, сөз сөйледі. Салтанатты рәсімде: «Бұл ескерткіш Абылай бабамыздың ұлт тәуелсіздігі жолындағы тынымсыз күресіне бүгін­гі ұрпақтың тағзымы іспеттес. Оған келген әр адам еңселі елдігіміздің белгісіндей болған шаңыраққа, береке-бірлігімізді бейнелейтін уықтарға, ал ұшар биігіндегі ұлт символына айналған алтын қыранға қарап, біз үшін ең қымбат, ең биік ұғым елдік, тәуелсіздік, бірлік екенін ұмытпасын. Әрдайым аспанымыз ашық, мерейіміз биік болсын!» деді Елбасы. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 9 шілде күнгі нөмірінде «Тәуелсіздікке тағзым» тақырыбымен мақала жарияланды. * 9 шілдеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. * 2 тамызда Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Орта­лық әскери басшылығының қолбасшысы, генерал Джон Абизэйдті қабылдады. Кездесуде аймақтық қауіпсіздік мәсе­ле­ле­рі, Ирактағы және Ауғанстандағы жағдайлар сөз болды. Қазақ­станның Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықты сақ­тап отырған ел екендігі, Ирактағы жағдайды тұрақтандыруға инженерлік контингент аттандырғандығы АҚШ генералы тарапынан жоғары бағаланды. * 12 тамызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген БҰҰ Ауыл шаруашылығы және азық-түлік ұйымының бас директоры Жак Диуфты қабылдады. * 13-19 тамыз күндері аралығында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Грекия Республикасында жұмыс сапарымен болды. Сапар шеңберінде Мемлекет басшысы Олимпиада-2004 ойындарының салтанатты ашылуына қатысты. * 26 тамызда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Дүние­жүзілік сауда ұйымының бас директоры Супачай Паничпакдиді қабылдады. * 1 қыркүйекте Испания Королі Хуан Карлос I-дің Қазақ­стан­­ға жұмыс сапары болып өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Испания Королі- мен кездесуінде ха­лық­­­аралық өзекті проблемалар және екі­жақ­ты ынтымақтастық мә­селелері тал­­қыланды. * 8 қыркүйекте Чех Респуб­лика­­сының Президенті Вацлав Клаус Қазақстанға ресми сапармен келді. Мемлекеттер басшылары өткізген кездесуде екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелері сөз болды. * 9-11 қыркүйек күндері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Австрия Республикасына ресми сапары болды. Елбасы Австрия Федералдық Президенті Хайнс Фишермен және канцлер В.Вольфганг Шюсселмен кездесті. * 15 қыркүйекте Астанада Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы болды. Кездесуде БЭК-тің одан әрі қалыптасу сатысын қамтамасыз ететін 29 халықаралық құқықтық құжаттардың тізбесі бекітілді. * 16 қыркүйекте Астанада ТМД елдері басшыларының саммиті өтті. Саммит аясында мемлекеттер басшылары әлемде қалыптасып отырған жаңа геосаяси жағдайларға Достастық жұмысын бейімдеудің өзекті мәселелері туралы сөз қозғалды. * 19-20 қыркүйек күндері Корея Республикасының Президенті Но Му Хенің елімізде мемлекеттік сапары болып өтті. Мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізіп, энергетикалық, сауда-экономикалық, шағын және орта бизнес салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. * 24 қыркүйекте Президент Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР-дың Шыңжан-Ұйғыр автономиялы районына жұмыс сапарымен барды. * 7-9 қазан аралығында Латвия Республикасының Президенті Вайра Вике-Фрейбергтің Қазақстанда мемлекеттік сапары болып өтті. Мемлекеттер басшылары кездескеннен кейін екі елдің ынтымақтастығын одан әрі жалғастыра түсу бағытындағы үш маңызды құжатқа қол қойылды. Олардың біріншісі – лаңкестікке, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың, олардың прекурсорларының заңсыз айналымына және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес туралы келісім, екіншісі – экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім, үшіншісі – инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім. * 11 қазанда Президент Н.Ә.Назарбаев елімізге жұмыс бабымен келген Иранның Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Хасан Роухани мырзаны қабылдады. * 15 қазанда Башқұртстан Республикасының Президенті Мұртаза Рахимов Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. * 17-18 қазан күндері Душанбеде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Орталық Азия ынтымақтастық ұйымына мүше мемелекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. *19 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев НАТО Бас хатшысы Яаап де Хооп Схефферді қабылдады. * 25-26 қазан күндері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Швеция Корольдігіне ресми сапары өтті. * 27-28 қазан күндері Татарстан Республикасының Президенті Минтемир Шаймиевтің Қазақстан Республикасына сапары болды. * 1 қарашада Елбасы Азия Даму банкінің президенті Тадао Чиноны қабылдады. * 30 қарашада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ұзындығы 400 шақырымнан асатын Алтынсарин – Хромтау темір жол желісінің тұсауы кесілді. * 8 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы  Мемлекеттік Думасының төрағасы Борис Грызловпен кездесті. * 24 желтоқсанда Астанада Есілдің сол жағалауында жаңадан салынған Президент резиденциясының ашылу салтанаты өтті. Айтулы шараға елімізге танымал адамдар мен барлық ұлттық мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Салтанатты шарада сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ елінің елордасы Астана болса, Астанамыздың жүрегі енді осы Ақорда болмақ», деді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 25 желтоқсан күнгі нөмірінде «Астанада асқақтады Ақорда» тақырыбымен мақала жарияланды.