• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2016

Көркем аудармаға көңіл бөлінсе екен

454 рет
көрсетілді

Әдеби-көркем аударма ісінің өзге халықтардың тарихы мен мәдениетін білу үшін тигізер пайдасы зор. Сонымен бірге, әдебиеттердің ұлтаралық байланысы дамиды және олардың озық әдістерін үйренеміз. Әйтсе де, мәдениетіміздің одан әрі өркендеуіне белгілі дәрежеде ықпал ететін осынау игілікті істе, біздің ойымызша, әлі шешілмеген проблемалар баршылық. Еліміздің жер-жерлерінде көркем аударма ісімен айналысатын қаламгерлер бар. Олардың шығармалары түрлі әдеби басылымдарда жарық көріп жүр. Көркем аударма ісіне үлес қосып жүргендердің біразы ақын-жазушылар, филологтар мен журналистер болса, енді бір парасы әр түрлі өзге ма­мандық иелері. Олар аударманы өз талантына, білімі мен өмірлік тәжірибесіне қарай түрлі деңгейде жасауда. Көрнекті жазушылар Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақов, Әбілмәжін Жұмабаев және басқалар жасаған аудармалар осы саладағы ешқашан құнын жоймайтын әдеби туындылар болып қалады. Олар өмірден озып кетті. Келешекте олардың ісін лайықты жалғастырып, орнын басатын талантты аудармашылар дайындауға ерекше көңіл бөлінсе екен. Аударма ісі мамандығы бойынша оқып жатқан жастар болғанмен, олардың ішінен көркем аударма жасайтын қаламгерлер өте аз шығады. Сондықтан, жер-жерлердегі талантты аудар­ма­шыларды жинап, олармен се­минар-оқулар өткізіліп, аударманың теориялық және практикалық мәселелері талқы­ланса, ақыл-кеңестер берілсе, үздік тәжірибелер ортаға са­лын­­са, әрине, одан ұтарымыз көп болар еді. Ол үшін аудар­ма өнерін алға бастыруды мақ­сат еткен бір үйлестіруші орта­лықтың ашылуы керек-ақ. Жалпы, әдеби көркем аударма ісіне тиісті көңіл бөлінбейді. Әдеби шығармаларға конкурс жарияланғанда, аударма но­ми­нациясы болмайды. Ал әдеби шығармалардың аудармасына жеке арнайы конкурс мүлде ұйымдастырылмайды. Бірыңғай аударма шығарма­лар­ды басып шығарып, халық­қа жеткізетін жалғыз ғана «Әлем әдебиеті» журналы бар еді, оның өзі жылдың ба­сы­нда жабылып қалды. Қала­мгерлерге, оның ішінде ау­дар­машыларға  қаламақы тө­ленбейді. Ал Германияда аудар­ма ісіне мемлекет тарапынан­ көп қолдау көрсетіліп, неміс жазу­шы­ла­р­ы­ның шы­ғар­­маларын өзге тіл­дер­ге аударушыларға барлық жағдай жасалады екен. Қазақ жазушыларының ішін­де Нобель сыйлығын алуға ла­йықты тұлғалар баршылық. Бірақ, өзіміздің ұлттық әдеби­е­тімізді насихаттау, басқа тіл­дер­ге сапалы аудару дұрыс жол­ға қойылмағандықтан, бары­мызды баянды ете алмай отырмыз. Ол үшін шет елдің көрнекті қаламгерлерін бұл игі­лікті іске тарту өте маңызды бол­мақ. Қазақстанда өзге елдер жа­зу­шыларының классикалық туындыларын сол елдің емес, осы өз еліміздің қаламгерлері аударып отырған жоқ па. Менің көркем аударма­ ісі­мен айналысқаныма бес-алты жыл ғана болды. Облыс­­­тық бір мекемеде аудармашы бола жүріп, көркем ау­дар­мада бағымды сынап көр­сем деп ойладым. Орыстың көр­некті жазушысы Валентин Распутиннің «Француз тілі сабағы» әңгімесін аударып, «Әлем әдебиеті» журналының ре­дак­­циясына жіберіп едім, аудармам еш түзетусіз басылып шықты. Аудармаң жақсы дегенде қатты қуандым. Содан кейін роман, повесть, әңгімелер аударумен шындап айналыстым. Қазір он бір журналда аудармаларым басылды. Бастапқыда аударма менің қолым емес деп мен сияқты ойлайтындар бар шығар. Оларды көркем аударма ісіне тартса, жақсы қаламгерлер шығуы да мүмкін. Серік  САТЫБАЛДИН Павлодар