• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2011

Жүректен құйылған лағыл жырлар

835 рет
көрсетілді

Әрбір тың туынды еріксіз елең еткізеді. Ол және поэзия әлемінің сұлу са­зы­нан сызылып жеткен әуен болса десей­ші. Ырғағынан жан дауасы сезілер ме екен? Ой қанаттанып, көңіл көн­шір ме? Көркемдігі қай деңгейде? Бұ­рын­ғы сүрлеу шиырланбап па? Жаңа­лы­ғы не? Қалт басқаны қайсы? Өзіндік үнімен қазақ оқырмандарының ыстық іл­типатына бөленіп жүрген белгілі ақын Қорғанбек Аманжолдың кезекті «Ме­шітті ғалам» жыр жинағын қолы­мыз­ға алғанда, кимелеп кеткен ойлар легі осы тектес болатын. Асау ой тежелмесе, тегеурінімен тар­пып тастайды. Жосықсыз байбалам жол­ды бөгейді. Алдымен сана сара­бы­на салу керек. Ол үшін жүгіртіп оқу жеткіліксіз, жүгініп, жанып-суып, кейде кіжініп оқу керек. Бұл – уақыт еншісіндегі шаруа. Сап-сап көңіл, сабаңа түс. Осын­дайда қамытқа иліктірер әдіс – кітаптың өн бойын қызықтап қарап, құмарды ал­дарқату екен. Сөйттік. Өлең­­дер, поэ­ма­лар мен балладалар жина­ғы Ал­матыдағы «Алатау» бас­па-полиграфиялық кор­по­ра­­­ция­сы­нан жарық көріпті. Кітап­тың Алматы облысы әкім­ді­гі­нің бағдарламасы бо­йын­ша шығарылғаны ж­ә­не қадап көр­сетілген. Рухани әлемі аса бай, нағыз зия­лы жана­шыр, облыс басшы­сы С.Үм­бетовтің ұлт мүд­де­сі жо­­лын­дағы осынау үде­рісі көңіл тоғайтады. Бә­рі осын­дай болар ма еді, әкімнің, дегізеді еріксіз. Жә, бұл жол-жөнекей­гі желдіртпе сезім желпінісі ғой... Бастауында – «Сағыныш» өлеңі тұр. Адамға тән ұлы сезім. Қай қыры­нан жыр­лапты? Сағынышсыз өмір тұл екен-ау! Сағынбай қайтіп жүрмексің. Өмірде мы­нау – күлмексің. Сағыныш та сәби­мен бірге туады екен. Алғыр ақын жа­ра­ты­лыс сырын былайша ба­йы­тады: «Өмір­­­­­­ге мына келгенде, Өрі­ліп менің кеу­демде, Өрнегін салып жа­ныма, С­а­ғы­­ныш туды бір демде», – деуінен өмір­ге деген нә­рес­телік іңкәр­лік­тің терең мағы­на­сы ашы­лады. Фәни есі­гін жай ашпап­ты, са­ғынышпен ашып­­ты. Са­ғынып келгенді кім жатсынсын. Бауы­­рына қысып­ты. Одан әрі шаранадан демін әрең алып жатып: «Жазылған, бәл­кім, пешенем: Туа бір сала сағын­дым», – деп сағы­ныш­­­пен мына өмірге алақан жаяды. Бұл қы­зыл­шақаның тегін еместігі көрініп тұр. «Сая­быр таппас салтыммен, Сағы­нып өлем – өлсем де» – деуінде де өмір­ге жай келмегені сезіліп тұрған жоқ па?! Міне, ақындық астарлы ой! Ақынның үмітті үні, кейде бар­лы­ғып, кейде күркіреген жан даусы қо­ғам­ның құндылықтары мен қайшы­лық­тарынан сезім тербелісіне үздіксіз түсіп жататын се­кілді. Өлең диапазо­ны кең. Оның бұй­ра толқынында ыза мен ырзалық, қаты­гез­дік пен қайы­рым­дылық, қынжылыс пен құмарлық, тіпті түсіністікке илікпейтін жүген­сіз­дік арпалыса ойнақшып жат­қа­ны­мен, бәрібір қоғамның бүгінгі ахуалы мен ыссы деміне қарықпай тұра алмай­ды. Міне, осы тұста ақын жолының қан­ша­лықты ауырлығы сезіліп, иығына ар­тылған мың батпан жүк одан әрмен мысын баса түседі. Бірақ ол мысын бас­қыз­ған ба! Өртке оранған өр кеуде көрік­ше қуаттанып кетеді. Егер ақынды қым-қуыт қоғам тіршілігінің тыныс алу мүм­кіндігімен теңесек, расында да, ол от ауызды оралымдылығымен, орақ тілді ше­шендігімен ойқастап шыға келеді. Ж­а­лын­даған жырлары көп сыр ұққызады. Және жадта ұстарлық нәрсе: егер ақын­ның туған бесігі мен нәр алған ортасы­ның ерекшеліктерін сәл ескермейтін бол­сақ, оның ойын толық түсіне қоюымыз да екіталай. Бұл бұлжымайтын заң емес те шығар. Дегенмен, ақын демі – алғаш жұтқан ауасына ажырағысыз деген ұғымды да ескерген жөн-ау. Осы реттен келгенде, кітапқа атауы таңылған «Мешітті ғалам» өлеңі алуан астарлы, күрделі дүние. «Мейірім ғана маздаған, Мешітті ғалам үйімде», деп имандылық тұнған ортасын мең­зе­генде, ақын өз шеңберінен шығып, тұ­тас­тай жаһанға имандылықтың өшпес нұрын себезгілегісі келеді. Түңіл­мей­ді. Тебіреніспен терең мәнге жетелейді. Сол себепті де: «Мешітті менің ға­ла­мым, Мен сені қайдан таб­амын?!» деп көкірегін жалынға орауы табиғи­лы­ғымен тәнті етеді. Көзін ашысымен өз ұясы – жұ­ма­ғында періште көңіл пәктікті сезіне өсіп, өмірге кең құлаш ұрғанда, кейде келең­сіз­дігімен кеміріп кететін бұл алма­ға­йып, алаңғасарлау заманның күйігіне налыған тұста: «Ай­налып мені толғанар, Айқабақ жан­дар мол еді-ау. Бауырға бүйрек жалғанар, Бағзының жолы сол еді-ау» – деп аңсайды сол мейірленген қа­бақты – мешітті ғалам маздағын. «Бауыр­ға бүйрек жалғанар» – неткен тапқырлық, сәттілік! Жалғыз бауыр. Қос бүйрек. Қы­сыл­таяңда қосақталғаннан қымбат не бар? Мағынасына үйдей ойлар үйелеп тұр. Асылы, ғаламның мейірленуі – қо­ғам­ның берекеленуі ғой. Поэзияны сөз сазы десек, Қорған­бек­тің жүрегінен құйылған лағыл жыр­лардың ойлылығы мен ойнақылығында құлаққа жағымды сарын еседі. Жан-дүниені елжірететін ежелгі муза құдіреті бар болмысты билеп алады. Тіпті қаны тамшылаған жарадар жүректің жалғыз шипасы – махаббат уілін құлақ түбіне сызылтып қойғанда, тәтті де саумал сөз­дерден адам түгілі, тіршілік біткен дүр етіп серпілер, құмарлыққа мас болар. Ендеше, мына сырлы әлемнің жұмба­ғы­на бірге жұбаныңызшы: «Жапырып шал­ғын көгалын, Махаббат төсек салғандай», «Шапақтай кешкі қызарған... Көлеңке – күнә ұзарған», «Қолымнан келе ме деп қорқа берем, Қондырмау қабағыңа бір мысқал мұң», «Жалпағынан жалғанды басқан, Қуаты қайда көктемнің. Қуа­ны­шымның күлкісі қашқан, Кезеңге қалай жеткенмін?!» Мұң, зар, сағыныш астаса келе ой тербейді. Өлең – сөздің ишарасы иіріміне тартады... Осылайша сезімнің де иін қандыруға болады екен... «Өлеңде берген уәдемді, Өмірде бұ­зып қоймайын», – деп ақынның өзі айт­пақшы, ол осынау шығармашылық ұзақ та сәтті жолында антына адалдық қал­пы­нан айнымай келе жатқан бірегей да­рын иесі. Оның толғанысынан туған бір­қатар портреттік өлеңдер кітаптың ажа­рын ашып, мазмұнын байытып тұр­ғандай. Оған дә­ле­ліміз – «Мағжан мұ­ңы» ( М. Жұма­баев), «Сә­кенім – шерім» (С. Сейфуллин), «Хамит тағы» (Х. Ер­ға­лиев), «Естай Мыр­за­х­метов», «Мақ­тай – маршал» (М.Сағдиев), «Қасиет қа­зығы» (Б.Жанғалов) туынды­лары тың өрнекпен, шындық шырағымен жа­зыл­ған. Бүкпесіз ақиқат– айтар ойының тамызығына айналған. Адамнан жасыр­ған­ды тарихтан бүркемелей алмайсыз. Ақын бұл өлеңдерінде нәзік лирикадан гөрі батыл пафосты тегеурінді теңеу­леріне ерік береді. Сөйтіп, қоғам да­муын­дағы идея­лар қақтығысының биліктік басымдық­тары­на бұрынғысынша иліге бермей, тарих таразысына мәңгі­лік татырлық тәбәрік тартады. Сөзі­міз­дің дәлелі мынадай – Мағ­жан­ға қатыс­тысын алсақ: «Мен Мағ­жан­ның мұңы­ме­нен уанам, Мағжан мұңы болғанына қуанам. Мағжан-рухпен көк бөрі боп қайтадан, Тұранымда көк түрік боп туа алам». Тәуелсіздік таңы атпаса, ақын ойы осындай бейнелі, бедерлі сөзбен су­рет салмаған болар еді-ау. Немесе, «Мағ­­жан­дайын ұраншысы болмаса, ұрпағына айтар еді ел несін», деп ұлы ақын­ның баға­сын асыруы да Қор­ғанбектің аза­мат­тық әрі өмірлік кредо­сы­на ұстанымының мығым­ды­ғын айғақтайды. Ащы шындық запыран құстырады. Амал нешік, ақын жасқанбайды. Безенген тілі безгектей қариды. Тарих ал­дын­да бұлаң мінезден ада. Өйтпесе: «Арман емес, Тажалдан, Шер Сәкеннің өл­гені. Сол өкініш, сол арман – Сұм дұш­пан­ға сен­гені», – деп кесіп түсер ме еді? Сөйте тұра халық пен ақын арасына ара­аға­йындық жасауды парызым деп білген Қорғанбек: «... Халқы бірақ перзентін, Қал­дырар ма қапада?! Сәнін бер деп Сә­кен­нің, Айналды ақ батаға», деп біртуар ұлдың ұраншысына айналып кетеді. Бәрі­бір шындық беті – аршыған жұ­мырт­қадай ғой... Ойға ересен күш са­лып қай­те­міз. Ақын ырқына көнеміз де... Абыз ақын Хамит Ерғалиев Көкше­тау­ға келген бір сапарында Зеренді көлі­нің жағасындағы табиғат-шебер жасаған тақталы түйе тасқа қонжиып бір оты­рып, дем алса керек. Содан ол тас «Хамит та­ғы» деп аталып кетіпті. Өкі­нішке қарай, бүгінде бұл жайттан жұрттың көбі бейхабар. Соны еске сал­ғысы келген ақын «Хамит тағы» деген өлеңінде: «Ха­миттің та­ғы – жыр тағы, Көкшеге кел­сең көргей­сің. Келешек жырдың ұр­пағы, Ұмыт­пай сәлем бер­гей­сің», деп зейін ау­дарады. Жалпы, дара тұлғаларды дә­ріп­теп, есте қал­дыру­дың дәйекті мысал­дары елімізде тәуел­сіздік алған жыл­дар­дан бері берік орны­ға бастаған сыңайлы. Бұл жақсы үрдіс. Кешегіні әспеттеу келе­шек­тің шы­ра­йын шығарады. Ұрпақ са­бақ­тастығы ұран­нан көрі ұрымтал, ұла­ғатты нақты істермен ұғынықты болмақ. Зердеге іліккен зерлі нақыш, әсіресе, ол поэзия тілімен бе­дерленсе, рухани мол олжалы күйінде кеу­денің күмбір сың­ғырына айналмақ. Осыны жете сезінетін ақын тарихи тұл­ға­лар­ға қатысты жыр төк­кенде, қазақ жері­нің қасиетті атау­лары­ның сырын ашып, көркемдікпен жад­қа құйып отырады. Осы жинақта да сондай ілкімділік басым екен. Бұл, әрине, кітаптың танымдық салмағын сындар­лы етпек. Яғни, ақын олжасы. Бір сүйсінерлігі сол, Қ.Аманжолдың сәл бір елеусіздеу көріністен оқиғалы ой түйіндеп, оқырмандарын кесекті көр­кем дүниемен табысқандай әсерге бөлеуі – талант қырының қарымдылық белгісі іспетті. Сөзіміздің дәлелі – «Аю туралы пікірталас» және «Зообақтағы аюлар» деп ата­ла­тын сюжетті екі өлең. Тіпті екеуі де балла­даның жүгін көтеріп тұр. Ал­ғаш­қы­с­ында, жазушы Асқар Ал­тай­дың «Әспет­теп бұ­лай жыр қылға­ныңыз, Алтайдың аюы шы­ғар, Көкшеде аю болып па екен өзі?» – деп әзіл тас­тауынан ақын шамыр­қа­нып, ша­бы­тына мінеді. Шындық шиыр­шық атады. Алаш­тың туын тіктеген арыс­тардан қал­ған құт-мекенде «Көкшеде аю жоқ деген, Көк­езу қайдан шықты екен?» – деп әзілімен астарлап ойын жеткізуге бекінген ақын «Абылай ордасын тіккенде аюың тұр­мақ арыстаның да өріп жүрген» деген сыңайда желдіртіп алып: «Жол­ба­рыс жорытқан жо­нымды, Қорсылдап до­ңыз басса да, Торуыл қаптап жолымды, Ба­сым­нан дұшпан асса да...», – деп ке­ңес­тік дәуірдің кем­бағал кезеңдерінің кеса­пат­тарын мең­зей келе сонау алма­ға­йып заманның алып­тары хан Кене, би Қанай, Ақан серілерден төмен сырғып, Мағжан, Мәлік, Сәкен сері, Қасым, Орал­хан, Қали­хан­ды құшағына орап, Ас­қар­ды да қон­жықтан өскен аюсың дей келе, оған бы­лай­ша наз тастайды: «Асқаржан, бізге бәрі ортақ: Алтайдың аю­лары да, Көк­ше­нің көкжалдары да, Арыс­тар армандары да...» Иә, бәрі ортақ... Сол ортақ құнды­лық­тарды ақ­пе­йіл ақын Қор­ған­бек мон­шақ­тай мөл­ді­ретіп, мойы­ны­ңызға алқа етіп тағады. Қандай әсем мон­шақ, жылт-жылт етіп, көз суырады. Алмас­тың өзін­дей екен, ақынның сөзіндей екен. Демек, бұл өлең жай емес, мазмұнға бай өлең екен. Және де идеялық терең­дігі­мен жол нұсқайтын сиқырлы сөз сарасы боп шы­ғыпты. Бәрекелді, абзал ақын, табы­сыңмен! Екіншісі – «Зообақтағы аюлар» өлеңі дедік қой. Мұның сюжеті де то­сын оқиғаға құрылған. Мәскеу зоо­ба­ғы­ның қызметкерлері зерттеу мақсатымен, бір топ аюды еркіндікте қорегін тауып, күн көре алар ма екен деп, орманға бо­сатып жібереді. Олар тіпті аңқау екен, жабайы қандас­тарының жейтін жеміс-жидегін теріп талғай алмай, баяғы тор­дағы әдетімен қос алақан­дарын жа­йып, бастарын изектетіп, ауыздарын аша береді. Тіліне тәтті үйірт­кен адамдардың қимылына әбден көндігіп кеткен ғой. Өз беттерінше еш амалға бар­майды. Жұрт аюлар босап кетіпті, қы­рып тастайды ғой деп, дүрлігеді, жедел қарулы күш­тер шақырылады. Ал аңқау аюлар тіске басар мол жемістің ортасында қос қо­лын жайып, дәметіп тұрады. Араны үшін адамдарды тарпа бас салып, қы­зыл-жоса қан қылу қаперлеріне де кірмейді... Осы тұста ақын: «Жапырып, жай­пап дү­лей күш, Қайтер ек салса қырғынды. Білмейді кейбір күнкөргіш, Ізеттілікті де бұл құр­лы», – деп санаға түрлі ой салады. Қорғанбектің жүрегінде қорытылған жыр қорғасынын кәдімгі бала күнгі бар­мағымыздың арасына қысып, көз­де­ге­ні­мізге дөп тигізетін сақаға құйып алса ғой, мергендіктің көкесін көрсетер едік-ау. Ал мына сондай сақамыз ойымызға сал­­мақты ой қосуымен дараланады. Осын­­­дайда мы­надай түйсік сананы шар­­­лайды. Егер ақын сезгендерін елестетіп, ойының дұрыс­ты­ғын ақыл елегінен өткізе алса, содан соң шабыттан ту­ған сырлы ойлар сөйлем боп өрілгенге дейін ой бастапқы күйінде сақ­тал­са, бұл шығарма ұзақ уақыт оқылатын бо­ла­ды деген тұжырым бар. Олай болма­ған жағдайда, өлең деп ұсынғанымыз асыл тастың жез жүзіктен немесе көмір­мен ою­лаған алмастан айыр­машылығы болмай­тын секілді... Қорғанбек поэзия­сына осы талап тұрғысынан қарайтын болсақ, оның жүрегінен жарып шыққан жыр дестелері  көздің жауын алады, жүректің нәзік те берік қылын шертеді. Өмірге құмарлан­дыра­ды, іңкәрлікті еселейді. Махаббат мұңы­ның өзінен тәтті ләззат сорғызады. Қыс­қа­сы, өмірдің қуанышы мен қайғы­сын дәл­ме-дәл безбендеу арқылы қате бас­қанды түзетеді, дұрыс жолдағыны құл­­шын­дыра­ды. Өмір ахуалына ақындық септесу деген осы болар. Осы айтқандарымыздың айғағы – «Шошала тас» балладасы. Ақын қиялы ға­жайып ертегі іспетті оқиғаны ғашық­тық пейілдің ақ туындай етіп алып, мәңгілік желбіретеді. Ағайын-туыстан пана таба алмайтынын сезген екі ғашық бір түнде шалғай шепке зыта жөнеледі. Қуғыншылар соңына түседі. «Ғашық­тар­ды ақ отау құшағына алыпты, Құді­реттің күшімен тас боп қатып қалыпты. Қияметтен құтқарып ғашықтардан бата алған, Содан бері ақ отау Шошала тас аталған», деп ақын риясыз ақ махаб­бат­қа пана болған Шошала тастың да жү­регі иіп, жібігенін жан күйзелісімен баян етеді. Таза сүйіспеншілікке қатер жоқ екен! Немесе жыр тіліне іліккен мына оқиғаны алайықшы. Көркінің кемістігі үшін қызын атастырудан айны­ған болашақ қайын атасына әкесінің әдейі жіберіп: «не бауыздап кел, не бауыздалып қал» деп берген алмас пы­шағын болашақ күйеу: «салыңыз ма­ған пышақты», – деп бұйырғанда, қа­йын енесі екеуін де райынан қайта­рып, ақыр соңында қызын әйелдікке алып кете барыпты. Бұл әфсана-қисса «Шақантай батырдың құдалығы» деп аталады. Мұндағы түйініміз – ақын сезімінің ақыл елегінен сәтті өткізілуі. Естіп, білмеген қатал оқиғаны салқын сабырға жеңдіріп, үстемдік жырын шынайылықпен әдіптей білуі еді. Міне, шеберлік сырын әділдіктен іздеудің ақиқаты осында жатыр екен. Қазіргі қазақ поэзиясының көр­некті өкілдерінің санатына сеніммен қосуға болатын Қорғанбек Аманжол ел тәуелсіздігі тақырыбын жырлауда өзін­дік қолтаңбасы бар талғампаз ақын екендігін мойындатып үлгерді. Осы он тоғыз жыл ішінде оның қаламынан туындаған шығармаларда тәуелсіздік шапағаты алтын шуақ болып төгіліп келеді. Оңайдың оңғақ, қиынның қым­бат болатыны секілді, ақын үнемі тың ізденісімен, жалық­пайтын жанқияр­лы­ғымен, азапты еңбекшілдігімен қуан­туда. Тәуел­сіз­дік – сан қырлы толға­ныс, қоз­ға­лыс тетігіндей аса күрделі та­қырып. Бір демде ыстық сезіммен қан қызды­рып, ой ойнатып жырлай салуға келмес. Мәні мен мазмұны, сапасы мен сараб­дал­ды­ғы айқын бедерленуі үшін ақын өз жанын жегідей жемей дә­неңе өнбейді. Ал Қорған­бек­тің ақындық болмы­сынан ондай жанкештілік мінез әбден бай­қа­ла­ды. Егілмей, езілмей, ерінбей – дәнеңе өнбейді. Өзінен аза­мат­ты­ғы, көзінен ақылдылы­ғы, сөзі­нен оқырман­дарына қажеттілігі сезіліп тұратын жасампаз ақынның кезекті ас­қа­ралы шыңға шыққа­нын күтіп жүр­генбіз. Енді сол асу­ға көтерілгенін кө­ріп, көңі­лі­міз­ді көншіттік. Тәнті еткен жыр биіктігі – «Қанай – Абылай» поэмасы еді. Бұл поэма – осы кітаптың ал­тын қазығы іспетті. Эпиграфқа алынған Мағжанның: «Ту баста Абылайды хан көтерген, Қам­қоры Қарауылдың шешен Қа­най», – деген өткір де шыншыл сөзі жү­рекке қашап жазыл­ған­дай екен. Қанай – тарихи тұлға. І.Есен­берлиннің «Көш­­пен­ділер» три­ло­гиясының «Жан­талас» ро­ма­нын­да қытай әскерімен шайқастың бір сәті былайша суреттелген. «Абы­лай тұр­ған қыземшек биік шоқының басынан көз жететін адыр-қырқа беттері тегіс көрі­неді. Оның қасында қа­зір төрт-ақ адам бар: Қанай, Бекболат, Тәтіқара және Сы­рымбет батыр. Өзге батыр­лар­дың бәрі де майдан дала­сында...» Енді Қорғанбектің: «Хал­қы­на туғызбаққа күн мен айын, Көтеріп ақ киізге Абылайын, Алашқа алтын заман орнатысқан, Дари­ға, ұмыт­сын кім би Қанайын!?» – деп қорға­сын­дай салмақты ойынан ұтырыл­ған дерекке қаныққанда, Қанай бабаның тарихи миссиясы одан әрмен тұғыр­ланып, ас­қақтай түседі. Халық не айтса да дөп айтады. Ақын дәнекер­лі­гінен мы­наны білеміз: «Қалың қол жер қайысып да­былдаған, Жақын-ау дүбір­лет­кен са­рын маған. Мәңгілік бесікте де Қанай-Абы­лай, Дариға, қатар жатып дамыл­да­ған». Иә, екі алыптың да мүрдесі Түркі­станда жерленген. Поэманың: «Асу­да алмаға­йып қорғаламай, Ала­шым, аса бер­гей алға қарай. Асқарға Абылайды өрлет­­кен­дей, Қамкөңіл қа­зағыңды қолда, Қанай!» деп өр дауы­спен ширыға түйін­делуі бү­гінгі азат­тықтың тағдырына мы­ғым болу­ды әр жүрекке ұғындыра жеткізгендей ме! Міне, үздік туындының тура да төте мәні осылайша ұлтшыл ұлан­ды селт еткізіп, ұйқысынан оятар­лық­тай жой­қын леппен өріліпті. Иә, Тәуел­сіздік жаннан қымбат! Оны жақын­датқандар ардан қымбат! Соны көркем сөзбен, сиқырлы сазбен мүсіндей білген ақын­ның ақылы сұлу-сымбат! Бұл поэ­ма­­ның өміршеңдігі де осындай қасиет­тері­мен дараланып тұр­мақ. Аталмыш поэманы қазақ поэ­зия­сына қосылған сүбелі үлес деп бағалауға әбден болмақ. ... Талант сан қырымен тамсан­дыра­ды. Қорғанбек таланты да сондай дара­лығымен сүйсінтеді. Оның «Зеренді қара­ғайлары», «Бірәлі-дастан», «Сабат» жыр кітаптары оқырман жү­ре­гін баура­ған келісті дүниелер. Сон­дай-ақ «Ғибрат пен зұлмат», «Біржан бұрмалары» жи­нақ­тарына топтал­ған толғамдар оның де­рек­ті, көркем проза­дағы шалымды қа­дамына куәлік еткендей. Ал аударма саласындағы ізденістері мен нәтижелері өз алдына әңгі­ме арқауы боларлық. Бесаспап да­рын­ның дара бағыты елең­де­тіп, қы­зық­тыра түседі. «Ақын орны – қаламы қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде. Ондай орын әсіресе, биікте көп», деген екен Ғ. Мү­­сірепов. Сондай көп орынға бәрі емес, бірегейлер ғана көтеріліп жай­ғасатыны өмір­­ден тағы белгілі жайт. Кез келгені шырқауға қанаты талмай жетіп, қонақ­тай алмайды ғой. Бұл ретте Қорған­бек­тің әл­ді де әлеуетті қос қанатына сенеміз... «Өле­ңім­­дегі өртім­ді, Өшіріп, сірә, ал­майын», – деп өзі киелі музаның ал­дында серттескен ол, «Өмірім өрге өр­ме­лер, Өлеңім болар өмірдей», – деп үміт етеді. Жаратылы­сы­нан жалғыз ақын­ға жақтас кім? Әрине, халық. Ендеше, көп қолдауы – қанағатты істің тол­ғауы десек, Қор­ған­бектің жыр-шабы­ты­на тояттай берерміз, әлі! Қайсар ӘЛІМ.