• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
14 Қараша, 2016

Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі артты – Ж.Қасымбек

293 рет
көрсетілді

Әлемдік экономикадағы жағдайларға байланысты 2013 жылдан бері Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің тұрақты төмендеуінен кейін ағымдағы жылы едәуір өсім байқалған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Министрдің хабарлауынша, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 25,8%-ға өсіп, 9,3 млрд. долларды құрады. Бұл инвестициялардың 60%-ға жуығы кен өндіру өнеркәсібі, 15%-ы - өңдеу өнеркәсібі, 9%-ы - сауда және 5%-ы - құрылыс салаларына тиесілі, ал 12%-ы басқа салалардың үлесінде. Өңдеу өнеркәсібіне тікелей шетелдік инвестициялар өткен жылғы деңгейде тартылды. Бұл салаға салынған инвестициялардың 88%-ын құрайтын металлургия өнеркәсібі 26,5%-ға өсті. Бұдан басқа химия және фармацевтика сияқты өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында да едәуір өсім байқалды. 2010 жылға дейін тікелей шетелдік инвестициялардың басым бөлігі, яғни үштен екісі кен өндіру өнеркәсібіне тартылып келген болса, Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру мерзімінде өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар үлесі 1,5 есеге өскенін атап айтқан жөн. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан.