Халықты тұрғын үймен қамту мәселесі қашаннан өзекті болып келеді. Осы күрмеуі қиын шаруаны жүзеге асыру үшін елімізде көп жұмыстар жасалуда. Соның бірі де, бірегейі 2010-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасы болып табылады.Тұрғын үйді салу мен таратуды «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жүзеге асыру көзделген. Мамандардың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар банкпен келісілген жобаларды таңдаған соң тұрғын үй құрылысын пайдалануға беруді қамтамасыз етеді. Банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылар қатарынан тұрғын үй сатып алушылар пулын құрып, олардың арасында пәтерлерді бөледі, пул қатысушылары өздеріне бөлінген пәтерлерді тұрғын үй құрылыс жинағы мен банк берген тұрғын үй заемы есебінен сатып алады. Тұрғын үйді пайдалануға берген сәтте тұрғын үй заемын алу талаптарын орындаған банк салымшылары сатып алушылар пулын құру кезінде басымдыққа ие болады. Аталған тұрғын үйді сатып алу аралық және алдын-ала тұрғын үй заемдары есебінен де жүзеге асырылады. 2011-2013 жылдары еліміздің барлық облыстарының, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары республикалық бюджеттен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қатысушыларына арналған 3 санаттағы жайлылық деңгейі бойынша тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға 80,84 миллиард теңге қаржы бөледі.
Осы бағдарламаға байланысты облыстық құрылыс басқармасында өткізілген дөңгелек үстелде құрылыс саласының және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының өкілдері бұл мәселелерге кеңірек тоқталып, тереңірек түсінік берді. Облыс бойынша үш жылда 93600 шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарланып отыр. Бұл шамамен 1170 пәтер. Оған республикалық бюджеттен 8 миллиард 428 миллион теңге бөлінген. Биыл 26100 шаршы метр тұрғын үй салынады, яғни 400-ге жуық пәтер пайдалануға беріледі. Жаңа пәтерлердің 1 шаршы метрі 90 мың теңге тұрады. Жаңадан салынатын үйлер қаланың «Болашақ» және «Батыс-2» шағын аудандарында бой түзейді. Әсіресе, «Батыс-2» шағын ауданында құрылыс қарқынды жүргізілетін болады. Мұнда тұрғын үйлерден бөлек «Дина» гипермаркеті, инновациялық мектеп, балабақша және басқа да нысандар бой көтермек. Бұл жолғы салынатын үйлердің сапасы алдыңғылардан әлдеқайда жоғары болмақ. Таза кірпіштен қаланатын үйлердің іші де тәуір материалдармен сыланып, сыртқы есіктеріне хабарласу аппараты қондырылады. Қазірдің өзінде бұл аумақтарға инженерлік желілер жүргізіліп жатыр.
Дөңгелек үстелге қатысушы қалалық құрылыс бөлімі бастығының орынбасары Геннадий Дудаковтың мәлімдеуінше, жақында құрылыс жүргізетін мердігерлер арасында тендер өтеді. Жеңімпаздар анықталып, күн жылығасын-ақ құрылыс басталады. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында осы бағдарламаға қатысушылар алғашқы пәтерлерге қоныстанады.
Бұл үйлерге қол жеткіземін деушілер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» өтініштерін білдіреді. Халыққа төмен пайызбен несие беру үшін мемлекет банктің жарғылық қорына 26 млрд. теңге қаржы бөлген.
— Біздің банк арқылы баспаналы болғысы келетіндер алдымен үш жыл бойына пәтердің жалпы құнының 50 пайызын жинайды. Содан кейін 4-5 пайыздық өсіммен қалған 50 пайызын несиеге алады. Сатып алғалы отырған пәтерін кепілге қояды. Қазіргі таңда біздің 15 мыңға жуық салымшыларымыз бар. Оның тең жартысы тұрғын үй алуға қаржы жинаушылар — дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Гүлнар Дабылова.
Биылғы Жолдауда «Азаматтардың өмір сапасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жайлылығының деңгейі» деп атап көрсетілген болатын. Қазір қолға алынып жатқан жаңа бағдарлама осы міндеттерді түбегейлі шешуге бағытталған. Мұның өзі халықтың жайлы да арзан пәтерлерге ие болу мүмкіндігін арттыра түсетіні сөзсіз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.