• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
15 Қараша, 2016

Әкімнің «әскері» қызылшаға қырғидай тиді

317 рет
көрсетілді

«Аудан басшысы аяғына етік киіп, таң азанымен егістікті аралапты, сөйтіп, «жүгеріні суғарып қойдық» деп есеп берген бригадирдің өтірігі ашылып қалыпты» деген әңгімелер сонау Кеңес заманынан айтылатын. Әрине, бұл әңгіменің астарында бірінші хатшының еңбекқорлығы, шаруашылыққа деген жанашырлығы, адалдығы жатқаны анық. Керзі етікті киіп, батпақ кешу келмеске кетті ме деп жүрсек, әлі де бар екен. Биыл Жамбыл облысында 5662 гектар жерге қант қызылшасы егілді. Бірақ ауа райы жиі құбылып, қызылша жинау қиынға айналуда. 8 қараша күнгі мәліметке қарағанда өңірде егілген балтамырдың жартысына жуығы, нақтырақ айтсақ, 41,1 пайызы ғана жиналған. Яғни, бұл іске әлі де қамшы басу керек. Алқапта жүрген еңбекші ағайынға жәрдем беріп, қолғабыс жасау мақсатында өткен аптада Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев бір топ қызметкерлерін ертіп, жайқалған қызылшаның бір шетінен қырғидай кеп тиді. Әрине, етік киген әкімнің бұл тірлігін «жарнама» көріп, көп ұзамай-ақ кетіп қалады деп ойлағандар да болған. Бірақ, әкім бастаған «әскер» жұмысты жапырып істеп, кешке дейін тәтті түбірді тау-тау қылып үйіп тастады. Биыл Байзақ ауданында 1355 гектарға қант қызылшасы егіліпті.  Соның 533 гектары жиналды. Осы аудандағы «Талап» шаруа қожалығы қызылшаның тұқымын Израильден әкеліп, 110  гектарға егіпті. Қазір әр гектардан орта есеппен 600 центнерден өнім алуда. Шаруашылық басшысы Мауыт Фазылов қызылша егуді қолға алғандарға жеңілдіктер көп қарастырылғанын айтады. Сондықтан келесі жылы егіс көлемін 200 гектарға жеткізуді жоспарлап жүр. Қалай айтсақ та Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев шаруаға деген жанашырлығымен өз әріптестеріне үлгі бола білді. Әйтпесе етік киген әкімді көрмегелі қай заман... Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы