• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
15 Қараша, 2016

«Астана Опера» солисі - халықаралық байқау лауреаты

365 рет
көрсетілді

«Астана Опера» солисі Серік Нақыспеков «Сібір бас жүлдесі» халықаралық балет байқауында ІІ сыйлық лауреаты атанды, деп хабарлады "24 Хабар" арнасы. Талантты қазақстандық балет әртісі, «Астана Опера» театрының солисі Серік Нақыспеков Ресейдің Краснояр қаласында өткен «Сібір бас жүлдесі» халықаралық балет байқауында ІІ сыйлық лауреаты атанды. Байқау аса көрнекті композитор С.Прокофьевтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылып, IV Халықаралық «ХХІ ғасыр балеті» форумының аясында өтті. Қазанның соңында аяқталған І іріктеу кезеңінен мүдірмей өткен Алмания, Италия, Жапония, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Украина және тағы басқа елдердің бишілері, Краснояр опера және балет театрына жиналды. Жеңімпаздар есімі «ХХІ ғасыр балеті» IV халықаралық форумының жабылу салтанатында жарияланды. Дәл осы күні жеңімпаздардың қатысуымен салтанатты гала-концерт өтті. Краснояр театрының сахнасында Серік Нақыспеков А.Аданның «Корсар», Х.Левенсхольдтің «Сильфида», Ц.Пунидің «Эсмеральда», Б.Асафьевтің «Париж жалыны», Л.Минкустың «Баядерка» сынды классикалық балеттерден вариациялар және өзі шығарған «Еске алу» хореографиялық миниатюрасын орындады. Әртісті байқауға Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, педагог-репетитор Константин Заклинский дайындаған.