Семейлік мүгедек спортшы Данияр Тайменов қол күресінен Болгарияның Благовград қаласында өткен додада екі мəрте чемпион атанды. Ол 80 кило салмақта өнер көрсетіп, алдына жан салмады. Мұнда біздің жерлесіміз оң қолмен де, сол қолмен де күресіп, қарсылас шақ келтірмеген.
– Ұлым Данияр чемпионатқа Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен барып келді. Ол бала кезінен жабысқан денсаулығы кінәратына қарамай, спортпен белсене айналысады, – дейді спортшының анасы Сайраш Тайменова. – Ол бұған дейін мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында Қазақстан мен Азия Кубоктарының иегері атанған болатын. Польшада өткен сайыста тұңғыш рет əлем чемпионы болды.
– Спортшының əлі де алар асуы мол. Біз оған сенеміз. Ол өзіне сенген жанкүйерлерінің сенімін ақтайды, – дейді аға жаттықтырушы Төлеген Сағатаев. – Ол он жылдан бері өзіне спортты серік етіп келеді. Қаладағы құлағы нашар еститіндерге арналған №4 мектеп-интернаттың түлегі. Қайсар жан спортты жақсы көреді.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
СЕМЕЙ