• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2016

Теріскейдегі дарындар мектебі

322 рет
көрсетілді

Ел тәуелсіздігі жылдарында қазағынан өзге этнос өкілдері басым Петропавл қаласының қақ ортасынан тұрғызылып, қазақ балаларының ана тілінде білім алуына жол ашқан қалалық классикалық гимназияның жерлесіміз, белгілі жазушы Сафуан Шаймерденов атымен аталуы кездейсоқтық емес. Қызылжар өңірінде ұлттық еңселі білім ұясының қажеттілігі жөнінде Үкіметке ата-аналардың өтініш-тілегін кезінде жеткізген Сафуан ағамыз еді. Ол кезде облыс орталығында қазақ мектеп-интернатынан басқа бірде-бір ұлттық білім ошағы жоқ болатын. Сөйтіп, қазақ мектебі құры­лысына арнайы қаржы қарастырылып, осыдан тура жиырма жыл бұрын Тәуел­сіздігіміздің алғашқы қарлы­ғаштарының біріндей қазақ тілінде білім беретін еңселі білім ордасы есігін айқара ашты. Бұл оқиға жұртшылықты ерекше қуантқанмен, бірқатар қиын­дықтар да орын алды. Ұстаздар құрамының әлеуе­тіне, оқулықтардың жетіс­пеушілігіне, материалдық-техникалық базаның жетім­сіздігіне күдікпен қараған ата-аналар балаларын жаңа білім ошағына беруге асыға қоймады. Тек тіл жанашырларының, зия­лы қауым өкілдерінің белсен­ділігі арқасында ғана ұл-қыз­дарын ұлттық мектепте оқуға тілек білдірушілер қатары то­лықты. Алғашқы жылдардан гимназия заман талабына сай тез бейімделіп, жаңашыл бастамалар оқу-тәрбие үрдісіне батыл енгізіле бастады. Гимна­зиядан қанат қаққан түлектер арасында өзге этнос балала­ры да бар. Жас ұжымның педагогикалық белсенділігі, шығармашылық қабілеттері орынды бағаланып жүр. «Ең­бегіне қарай – өнбегі» деген. Сәулет Мұқанова «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, Салима Мақышева, Гүлбаршын Есмұ­қанова, Гүлжан Қасымова, Қа­нипа Елеусізова, Ерік Нұр­­­пейісов те дәрежелі мара­­­пат­тармен мадақталды. Жуыр­да Әйгерім Жантаева рес­публикалық «Да­рынды балаға – талантты ұстаз» педа­гогикалық олимпиа­да­сы­ның, Альбина Некібаева «Үз­дік педагог-2016» байқауы­ның жеңімпаздары болып, ме­рейіміз­ді асырды. Гим­назия директоры Күлтай Мұқанова «Үздік директор» байқауының жүлдегері атанып, білім ордасына компьютерлік сынып тарту етілді. Еңбек өтілі Тәуелсіздікпен құрдас Ботагөз Мұ­хамеджанова, Бағдат Жа­қыпов та мақтаныштарымыз саналады. Қалалық білім бөлімінің жылдық қорытындысы бойынша үш жыл бойы үздік үштіктер қатарындамыз. Оқу-тәрбие үдерісіндегі жетістіктеріміз үшін «Дарынды балалар – Қазақстанның болашағы» энциклопедиясы редакциясының дипломы тапсырылды. 20 жылдың бедерінде 21 «Алтын белгі», 31 ерекше үлгідегі үздік аттестат иегерлері тәрбиеленіп шықты. 12 түлегіміз «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында шет елдерде оқып, әр салада жемісті қызмет етіп жүр. Оқушыларымыз «Ғылым әлемін ашамыз» ғылыми жобалар байқауында, «Ме­ханика және математикадан зерттеу жұмыстары», «Астрономиялық республикалық турнир», «Рес­публикалық интернет фору­мының», Компьютерлік жобалар «Infomatrix» жарысында талай мәрте топ жарды. Мәскеуде өткен «Адам – Жер – Ғарыш» ғы­лы­ми зерттеу жобалар олим­пиадасының жеңімпазы атанды. Республикалық «Зерде» байқауынан да жүлдесіз орал­ған емес. Бүгінгідей жаһандану дәуі­рінде, озық технологиялар заманында білім мен ғы­лым жетістіктерінсіз алға басу қи­ын. Осыны жете ұғын­ған гим­­назия ұстаздары ұлтжан­ды, отансүйгіштік рухы биік тұлғалар тәрбиелеуге өз үлес­терін қоса беретін болады. Махаббат ҚҰРМАНОВА, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық гимназия директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары   ПЕТРОПАВЛ