• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2011

Аңыз ұстаз

991 рет
көрсетілді

«Қазақтың Қанипасы» атанып, әріптестерінің, шәкірт­те­рінің шы­найы сезіміне бөленіп жүрген Қа­нипа Омарғалиқызы ту­ралы аз жа­зылып, аз айтылып жүрген жоқ. Одақ кезінде ол туралы «Народное образование» журналы, «Учительская газета» сынды орта­лық бас­пасөз дүркірете жазып жат­ты. Лев Красновский «Битибаева сделала карьеру – карьеру Учителя» («Народное образование», 1990 // №5) деп жазса, С. Синицкая, Пильгук сын­ды педагог-журналистер «Біз ондай мұғалімді кезіктірген жоқ­пыз», – деп ағынан жарыла ма­дақ­тады. Отандастарымыздың жаз­ғандары, әрине, бір төбе. Ол туралы 200-ге тарта мақала, очерктер, үш кітап жазылыпты, оған бірнеше эн­циклопедияның алғашқы беттері арналыпты. Дегенмен, Қанипа ұс­таз­дың «Жан атты жұмбағына» үңіле алып жүрміз бе? Оның адами бол­мысына, жан дүниесіне бойлай алдық па деген сұрақтар көптен бері мені ойландырып жүргені рас.Ұстаз менің көз алдымда, атқарып жатқан көп жұмыстарына да қатысып жүр­мін. Ол туралы жазылған кітап­тарды, мақалаларды оқып шық­қан­мын, іштей өзімше ой қорытқаным және бар. Дегенмен, Қанипа ұс­таздың аңызға айналу себебі, оны қара­па­йым ұстаздан бастап, зиялы­лардың өзінің «педагогикадағы құ­былыс» деп мойындаулары әлі де жұмбақ кү­йінде қалып қойған сияқты. Енді жүріп-жүріп келіп, қолыма қалам ұстатқан жайға оралайын. Осыдан біраз бұрын Қанипаның еліміз ғана емес, тіпті ТМД елдері ұстаздарының тәжірибесінде де жоқ республикалық ғылыми-әдістемелік атаулы зертханасы ашылды. Зерт­ха­наның ашылу салтанатында қарым­ды әдіскер, республиканың түпкір-түпкірінен жиналған ұстаздарды бастап әкелген ББЖ КБАРИ қыз­меткері, белгілі ақын Жарылқасын Боранбайдың мына бір сөзі қатысып отырған жұрттың сезімін селт еткізгені шындық. «Қанипаның зертханасына келіп, дәрісін тыңдаймын дегендер саны бізді біраз қиналтты әрі қуантты. Зертхана неге Шымкентте ашыл­майды, себебі онда Қанипа жоқ, Астанада неге ашылмайды, онда да Қанипа жоқ. Түсінгенім, Қанипаға мұғалімдер тек тәжірибе алмасу үшін, үйрену үшін ғана келмейді, Қа­нипаны бір көруге де асығады екен. Мен соны түсіндім». Мен бұдан 43 жыл бұрын қазір ұстаз еңбек етіп жүрген Жамбыл атындағы облыстық дарынды бала­лар­ға арналған гимназия-интер­на­тын бітірген болатынмын. Тоқсан жыл­дық мерейтойына байланысты бір шаруамен алтын ордама келсем, балалар күзгі демалысқа кеткен екен, ешкім жоқ. Баласыз мектеп жетімсіреп тұрады ғой, аттың басын кері бұра бастағанымда, кезекші: «Үстіде Қа­нипа апай бар, мұ­ға­лімдермен жұ­мыс істеп жатыр» – деді. Жоғары көтерілсем, ол интерактивті тақта­мен жұмыс істеп, дәріс оқып тұр екен. Өзіне тән елгезектікпен ұстаз мені таныстырып жатыр. Демалыс жарияланды, мен де оны пайдала­нып мұғалімдермен сұхбаттаса кеттім. Олар күзгі де­малыста өз қаражаттарымен ұстаз дәрісін тыңдау үшін жан-жақтан келіп жатқандар екен. – Аңыз болып кеткен ұстазбен бұрын жүздескеніміз де, бірінші рет көріп отырғандарымыз да бар. Елі­міздің барлық облыстарынан жина­лып, оны аңсап, іздеп келдік. Жол­дың өзіне ғана 4-5 күн жүрген­деріміз бар. Енді, міне, екі күннен бері қарай таңғы 9-дан кешкі 5-ке де­йін бас алмай жұмыс істеп жатыр­мыз. Жұмыс жоспары да ауқымды, әрі бізге өте қажетті мәселелерді қам­тып жасалынған. Ғылым доктор­лары, ғылым кандидаттары, ғылым магистрлері, республикаға танымал жаңашыл ұстаздар бізге дәріс беріп, практикалық жұмыстар жүргізіп жа­тыр. Олардың барлығы ұстаздың шәкірттері екен. Тек мына зертхана ішіндегі том-том болып тұрған дү­ние­лермен аз уақытта толық таныса алмайтынымыз ғана өкінішті. Бо­ла­шақта оның барлығының элек­трон­дық жүйесі жасалынса... –  дейді олар. – Мынау ақпарат, интернет, компьютер заманында, интерактивті тақ­та тұрғанда оның керегі бар ма? Бұл сұрақ ұстаздарды жандандыра түсті. – Оқушыны да, мұғалімді де ғы­лыми-зерттеу, іздену жұмыстарына өлі дүниелер баулымайды ғой. Олар­дың мынау технологиялық оқыту за­манындағы орнын жоққа шығарып отырғанымыз жоқ. Тек сұрағыңызға ғана жауап берсек, зертхана мұға­лімдерді ғы­лы­ми ізденіске, зерттеу жұмыстарына баулиды, мынау ғылым заманында оның маңызы ерекше. Зертхананың мақ­саты – мұғалімдердің іс-әрекетін реп­родуктивті деңгейден – шығарма­шылық деңгейге, яғни зерттеуші, экс­периментатор мұғалім дәрежесіне жетелеу. Сондай-ақ, дәстүрлі оқыту­дан ке­ле жатқан сынып-аудито­рия­ларды зертхана-аудитория дәрежесіне көтеру негізгі мақсаттың бірі. Қанипа ұс­таздың атау­лы зертханасының қоры ғажап деуге бо­лады. Ауыз әдебие­ті­нен бүгінгі таң­дағы әдебиетті оқы­тудың ғылыми да, тәжірибелік те аса бай қоры жинақ­талған. Әлем әде­биетін оқыту мәсе­лелері де назардан тыс қалмаған. Ең бастысы, қор бар... Әсіресе, оқушы­лар­дың өз бетімен білім алуы, бір-бірін оқытуына негізделген әр тақы­рыпты қамтитын бағ­даршамдары, көмек-нұсқаулары, ғы­лы­ми ізденіске баулитын оқушыларға арналған оқу­лық дәптерлерін айта беруге болады... Жүрекжарды пікірлер жалғасып жатты, оның бәрін термелей жазудың өзіне де көп уақыт кетер еді. Оның архивіне, ол туралы жазылған кітап­тарға үңілсек, аңыз ұстаз туралы ай­тылған ой-пікірлердің өзін бірнеше кітаптарға жинақтауға болар еді десем, теңіздің суы тамшыдан дегендей, біз бүгін Қанипа апамыз жайлы орман ойларды іркіп беріп отырмыз. Дегенмен, алты алашты былай қо­йып, кезінде Одаққа да кеңінен та­раған Ұстазды әлі танып болдық деп айту қиын. Ал оны «аңыз-ұстаз» дегенді біреу мойындар, біреу мойын­дамас, ол түсінікті жайт қой. Ұлы бале­рина Галина Уланова «Сізді мо­йын­дамайтын, сізді сүймейтін адам жоқ шығар» деген журналистке былай жауап қатқан ғой: «Егер мені барлық адам жақсы көрсе, онда мен не екі­жүздімін, не жағымпазбын». Осы сөз­ді аңыз ұстазға да қаратып айтуға болады. Кімнің алдында да болмасын кесіп тура сөйлеп тастауы, тік мінезі, қызуқандылығы, өзін қандай бедел­дінің алдында да тең ұстауы, кө­рінгенге иіліп тұрмауы, әрине кейбіреулер ұната бермейтін мінез. Осы бір шарт-шұрт мінездің ар жағында Қа­нипа ұстаздың рухани әлемі, жан дү­ниесі, тіршілік иесіне тән қуаныш-мұңы жатыр. Әріп­тестері жазғандай, аузын ашса жүрегі көрінетін ақ көңілі, ашықтығы, балаға деген, туған тілі мен әдебиет­іне деген, ұлтына деген шетсіз-шексіз сезімі жатыр. Ең бас­тысы, сирек кездесетін еңбек­қорлығы, жомарттығы, мейірімділігі, тынымсыз ізденісі, үне­мі алға ұмтылуы, кім-кімді болма­сын өзіне бас игізеді. Осы орайда мына бір жайтты да айта кетудің артықтығы жоқ сияқты. 1990 жылы 16 қаңтар күні Кремльдің Свердлов залында небәрі 43 жастағы ұстаз Одақта бесінші, елімізде бірінші болып, КСРО Мемлекеттік сыйлығы­ның Алтын жұлдызын кеудесіне таға­ды. Сол жолы ұстазды КСРО Оқу министрі Ягодин қабылдайды. Одақтық журналистер, басқа да лауазымды адам­дар қатысып отырады. Өзіне тән тік, тура, батыл мінезімен: «Мен Мәс­кеуде он күн болдым, әдебиетті тереңдетіп оқытатын бірнеше мектептерді араладым. Оқушыны былай қойып, мұғалімдер ұлы Абай мен дана Мұхтарды білмейді екен. Менің үлгірімі төмен оқушыларым Пушкин, Лермонтовты жатқа біледі. Сонда қалай, мәскеулік мектептер туыс­қан халықтар әдебиетін оқытудан босатылған ба?» – дейді ол министрге қасқая қарап. Бұл оқиғаны «Народное образование», «Учительская газета» дүркірете жазды. Журналист Л.Красновский: «Министрге батылы барып, осылай тік сөйлеген адамды бірінші рет көрдім, келгендердің қо­лынан қаламы түсіп қала жаздады» – дейді сүйсініспен ұстазға. Бұл оқиға талай жазылды, оған көп тоқталмай-ақ қояйық. Қанекең туралы аңыздар осындай оқиғалардан кейін дүркірей жөнелді ғой, осы оқиға ол туралы аңыздардың негізінде шындық жат­қанын еріксіз дәлелдемей ме?! 1991 жылдан ұстаздың қазақ әде­бие­тін әлем әдебиетімен байланыс­тырып оқытатын эксперименттік бағ­дарламасы бойынша тереңдетіп оқытатын сыныптары ашылды. Экс­перименттік алаң негізінде сол кездегі Оқу министрлігінің бұйры­ғымен Бітібаеваның республикалық ғы­лы­ми-әдістемелік атаулы мектебі ашы­лады. Атаулы мектеп жұмысын ұстаз ұзақ жылдар бойы ақысыз- пұл­сыз жүргізеді. Ал авторлық сы­ныптың басқа жетістіктерін былай қойғанда, одан 3 ғылым докторы, 17 ғылым кандидаты, бірнеше ғылым магистрі шықты. Бәрі де филология жолын таңдағандар. Авторлық сы­нып оқу­шылары облыстық пән олим­пиа­даларында үнемі жүлделі 1, 2 орын­дарды алып келді. 18 оқушы рес­публикалық олимпиада жүл­де­гер­лері. Ұстаздың өзі респуб­лика­мыз­дың түпкір-түпкіріне барып, қыс, күз, жаз демей, үнемі іссапарда бо­лып, авторлық дәрістерін өткізді. Әріптестері оның дария біліміне, шешен тіліне, М.Әуезовтің «Абай жо­лының» көп жерлерін жатқа айта­тынына, көркем мәтінді мәнерлеп, рөлге кіре оқуына, әлем педаго­ги­касын да, әдебиетін де терең білетініне қашанда таң қалатын. «Қазақ­тың Қанипасы» атты кітапта бұл мәселелер кеңірек жазылған. 100-ге тарта ғылыми әдістемелік мақала­лар, 32 кітабы (екеуі оқулық) басқа әңгіменің желісі. Оның зертхана­сын­да өзінің қолымен жазылған 8 мың­дай дидактикалық материлдар мен көрнекіліктер орын таппай сіресіп тұр. Бір өзі бірнеше зерттеу инсти­ту­тының жұмысын атқарып келе жат­қан Қанипаның атын аңызға айнал­дырған да осы ерекше еңбекқорлығы деп түйіндер едік. Біртуар ұстаз еңбек етіп жатқан Жамбыл атындағы дарынды бала­лар­ға арналған облыстық гимна­зия-интернатқа 90 жыл толып отыр. Осы бір ғасырға жуық еңбек етіп жатқан білім ордасынан ірі қоғам қайрат­керлері де, ғұлама ға­лымдар да, әлемді аузына қарат­қан спорт шеберлері де, ақын-жа­зу­шылар да шықты. Бұрынғы шәкірт, бүгінгі ұстаз, тәр­биешілер қан­шама?! Бір қызығы, ең тамаша үлгі алатын қасиет бүгінгі ұжым­ның ішінде өз түлектерінің бұ­рын­ғы ұстаз, тәр­биешілерімен иық­­таса еңбек етуі. Тарихи қара шаңы­рақ­тың тек Шығыс өңірінде ғана емес, байтақ еліміздің білім беру жү­йесіне қос­қан еңбегін ерекше қо­мақты деп айтуға болады. Жариялылық нұры, Тәуелсіздік алуымыз алтын орданың да жұмы­сын заман талабына сай, жаңаша құруына мұрындық болды. Өске­мен­де қазақ тілі мұғалімдерінің жетіспеуі Қанипа ұстаздың авторлық сы­нып­тарын бітірушілерді бірден пе­дагогикалық колледжге (қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі) қабылдау ту­ралы салалық министрлік ұсыныс жа­сады. Кішкене интернаттан қан­шама тамаша тіл мамандары шықты, бәрін айтпағанда бүгінде респуб­ликаға танымал болып отырған шә­кірттері қаншама?! Ауыл қарадомалақтары оқып жат­­қан осы шағын интернат елімізді былай қойып, Одақтың білім беру жүйесінде жоқ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бітібаеваның респуб­ликалық ғылыми-әдістемелік атаулы мектебінің базасы болды. Респуб­ли­калық семинарлар, ғылы­ми-прак­ти­ка­лық конференциялар да осы ша­ғын мектепте өтіп, оның тыныс-тір­шілігін байтақ елімізге та­ратып жатты. Аңыз ұстаз еңбегінің салмақты бір жағы қазақ тілі мұғалімдерін да­йындау, кадр мәселесін шешуге ат салысуы дер едік. Енді зертхана ашып, әсіресе жас ұстаздарды зерттеуші, ізденуші, эксперимен­татор дең­гейіне көтеру ісіне ара­ласып отыр. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен қаласы.