САЙЛАУ-2011
Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге кедергісіз сайлауалды үгіт жүргізу құқығына кепілдік береді.
Сайлауалды үгiт – сайлаушылардың Қазақстан Республикасы Президенттігіне белгiлi бiр кандидатты (бұдан әрі – кандидат) жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабының 1-тармағы (бұдан әрі – сайлау туралы Конституциялық заң). Бұқаралық ақпарат құралдарындағы сайлауалды үгiт деп: 1) кандидаттарды жақтап немесе қарсы дауыс беруге шақырған үндеулерді; 2) сайлаушының қандай да бiр кандидаттарға қатысты артықшылық жасауын, соның ішінде, кандидаттардың қайсысына дауыс беру керектігін көрсетуді; 3) кандидаттардың сайлану немесе сайланбауының мүмкiн деген салдарларын сипаттауды қамтитын бұқаралық ақпарат құралдары материалдарын шығару (эфирге шығару) жөніндегі қызмет танылады. Мыналарға: 1) мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, сондай-ақ қызметтік мiндеттерiн орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына; 2) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызметшiлерiне, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьяларға; 3) сайлау комиссияларының мүшелерiне; 4) діни бiрлестiктерге сайлауалды үгiт жүргiзуге, кез келген сайлауалды үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады (сайлау туралы Конституциялық заңның 27-бабының 4-тармағы). Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары болып табылатын кандидаттарға өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалануға тыйым салынады. Мыналар: 1) бағынышты немесе басқа да қызмет жағынан тәуелдi адамдарды, аталған адамдар кандидаттың сенiм бiлдiрген адамдары ретiнде үгіттi жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, сайлауалды үгіт жүргiзуге тарту; 2) кандидаттың сайлануына септiгiн тигiзетiн қызметтi жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк органдар орналасқан үй-жайларды пайдалану, егер өзге кандидаттарға аталған үй-жайларды осындай шарттармен пайдалануға кепiлдiк берілмесе, лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалану деп ұғынылады (сайлау туралы Конституциялық заңның 27-бабының 5-тармағы). Барлық Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың үгіт материалдары бұқаралық ақпарат құралдарында тек 2011 жылғы 3 наурыздан бастап 1 сәуір күнгі 24.00-ге дейін орналастырыла алады (сайлау туралы Конституциялық заңның 27-бабының 2-тармағы). Тыйым салынған кезеңде сайлауалды үгіт жүргізу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 99-бабы бойынша жауапкершілік жүктейді, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатты тіркеуден бас тартуға немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға (сайлау туралы Конституциялық заңнаң 59-бабының 7-тармағы 3)-тармақшасы), сондай-ақ сайланған тұлғаны тіркеуден бас тартуға (сайлау туралы Конституциялық заңның 66-бабының 2-тармағы 2)-тармақшасы) негіз болады. Кандидаттардың сайлауалды үгiт жүргiзуi үшiн бұқаралық ақпарат құралдарына бірдей қолжетімділігіне кепiлдiк берiледi (сайлау туралы Конституциялық заңның 28-бабының 2-тармағы). Сайлау күнi және оның қарсаңындағы күнi үгiт материалдарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға (эфирге шығаруға) тыйым салынады (сайлау туралы Конституциялық заңның 27-бабының 2-тармағы). Сайлауалды үгiт кезеңiнде кандидаттардың сайлауалды үгiтiне байланысты мерзімді баспа басылымының таралымы барлық кандидаттар үшін бірдей болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын, егер олар Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiру, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрiлген құрылымдар құру идеяларын уағыздайтын болса, жариялаудан (эфирге шығарудан) бас тартады (сайлау туралы Конституциялық заңның 29-бабының 1-тармағы). Бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының лауазымды тұлғалары кандидаттардың олардың сайлау алдындағы науқан барысында айтқандары үшiн, Конституциялық заңның 29-бабында көрсетiлген материалдарды жариялау жағдайларын қоспағанда, жауап бермейдi. Қандай да бiр адамның бейнесiн – оның жазбаша келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерiнiң жазбаша келiсiмiнсiз пайдалану арқылы сайлауалды үгiт жүргiзуге тыйым салынады (сайлау туралы Конституциялық заңның 27-бабының 10-тармағы). Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу болмаса осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлауалды жөнсiз үгіт деп саналады. Сайлауалды жөнсiз үгіт жүргiзуге тыйым салынады. Сайлау тағайындалған кезден бастап, кандидаттарға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдап кeз келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорттық iс-шараларын ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық iс-шараларын өткiзуге тыйым салынады (сайлау туралы Конституциялық заңның 27-бабының 9-тармағы). Сайлауалды үгіт жүргізу құқығына кедергі келтіргені және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлауалды үгіт жүргізу шарттарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген (Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 99-1, 105-баптары).Кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларымен сөз сөйлеуі үшін мемлекет қаржыландыратын эфир уақыты мен баспасөз бетiнен орын беру шарттары
Мемлекет кандидаттарға өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен Қазақстан Республикасы аумағын қамтитын теле- және радиокомпаниялардың эфирінде, он бес минөт көлемінде (алдын ала жазып алынған) – теледидардан, он минөт көлемінде – радиодан сөз сөйлеуіне бiрдей қаражат бөлiнуіне кепiлдiк бередi. Мемлекет кандидаттарға мерзімді баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екi мақала жариялауына бiрдей қаражат бөлiнуiне кепiлдiк бередi. Баспа табақ деп форматы 60х90 см, көлемi 5400 см қағаз бетiн түсiну керек. Көлемi 0,1 баспа табақ 540 см2 көлемге тең болады, яғни А-2 форматындағы газет бетiнiң 1/4 құрайды (сайлау туралы Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағы) . Кандидаттарға өз бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшiн эфир уақытын және мерзiмдi баспа басылымдар бетiнен орын беру үшін кандидаттың куәлiгi мен шығуын (эфирге шығуын) жүзеге асыратын бұқаралық ақпарат құралы басшысының атына жеке жазбаша өтiнiшi не кандидат уәкілдік берген заңды немесе жеке тұлғаның растайтын қажетті құжаттарды қоса берілген өтініші негiз болып табылады.Тіркелген кандидаттарға шарттық негізде
эфир уақыты мен баспа басылымынан орын беру тәртібі
Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары тiркелген кандидаттарға шарттық негiзде эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бередi. Бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын беру туралы шарттың талаптары белгiлi бiр кандидатқа артықшылық туғызбауға тиiс. Эфирден және баспасөзден орын беру төлемiнiң мөлшерi, шарттары мен тәртiбi туралы мәлiметтердi тиiстi телерадиохабарларын тарату ұйымы, мерзiмдi баспа басылымының редакциясы сайлаудың тағайындалғаны туралы шешiм ресми жарияланғаннан кейiнгi оныншы күннен кешiктiрмей хабарлауға және жариялауға тиiс, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Орталық және облыстық сайлау комиссияларына беруі керек. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы кандидаттардың бiрiне эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге берген келiсiмi басқа да кандидаттарға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге келiсiм беруi болып табылады. Кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығуының кезектiлiгi жазбаша өтiнiштердiң келiп түсу ретiмен не егер өтiнiштер бiр мезгiлде келiп түссе, жеребе бойынша белгiленедi. Кандидаттар жазбаша өтiнiштерiнде өздерiнiң сөйлеуiнiң болжаулы күнiн, уақытын көрсетедi. Осы ұсыныстардың негiзiнде бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары кандидаттардың сөз сөйлеуі үшін эфир уақыты мен баспа орындарын беру кестесiн белгiлейдi. Кандидаттардың теледидар мен радиода сөйлеп жатқан сөздерiн бөлуге және сөйлеген сөздерiне дәл сол күнi iле-шала, сондай-ақ, мерзімді баспа басылымдарындағы сөздерiне сол нөмiрде түсiнiктеме жасауға тыйым салынады (сайлау туралы Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағы). Мерзiмдi баспа басылымдарының, теле- және радио хабарларын тарататын ұйымның кандидаттардың сайлау алдындағы үгiтi мазмұндалған барлық жарияланымдары қаржыландырудың көздерi туралы ақпаратты қамтуға тиiс. Хабарландыру тәсiлiн бұқаралық ақпарат құралы редакциясының өзi белгiлейдi. Кандидаттардың үгіт материалдарының шығу (эфирге шығу) құны кандидаттың сайлау қорының қаражатынан төленедi. Құны кандидаттың сайлау қорынан өзге қаражат есебінен төленген кандидаттардың үгіт материалдарын шығаруға (эфирге шығуға) жол берілмейді (сайлау туралы Конституциялық заңның 28-бабының 7-тармағы).Сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық қамтамасыз ету
Сайлауды ақпараттық қамтамасыз етудi мемлекеттiк билiк органдары, сайлау комиссиялары, бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың мерзімді баспа басылымдарының редакциялары тиiстi сайлау комиссияларына сайлау науқанының барысы туралы ақпаратты және сайлау туралы заңмен белгiленген хабарларды кiдiрiссiз жариялауға мүмкiндiк туғызады (сайлау туралы Конституциялық заңның 27-бабының 7-тармағы). Осы хабарлар мемлекеттiк емес бұқаралық ақпарат құралдарында, олардың редакциялары келiсiмiн берсе, жариялануы мүмкiн. Бұл жағдайда жариялау тиiстi сайлау комиссиясы берген көлемде жүзеге асырылады. Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары кандидаттардың сайлау науқанын объективтi түрде жариялауды жүзеге асырады; кандидаттың ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрiнеу нұқсан келтiретiн үгiт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болады; өтiнiш келiп түскеннен кейiн мерзімді баспа басылымының таяудағы нөмiрiнде сол бетте, сондай көлемде және сол қарiппен немесе теледидар не радио хабарларында жиырма төрт сағат iшiнде сондай уақытта аталған адамдарға ар-намысын, қадiр-қасиетiн және iскерлiк беделiн қорғауы үшiн терiске шығаруды тегiн жариялауына мүмкiндiк береді (сайлау туралы Конституциялық заңның 27-бабының 7-тармағы). Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары кандидаттың сайлау науқанын жария еткен кезде кандидаттардың қызметi туралы жариялауда олардың ешқайсысына артықшылық туғызбай, теңдiк және тепе-теңдiк принциптерiн басшылыққа алады. Бұқаралық ақпарат құралдары барлық кандидаттарды ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетінде, эфир уақытының көлемі бойынша бірдей таратуға міндетті (сайлау туралы Конституциялық заңның 27-бабының 7-тармағы). Кандидаттар не олардың сенiм бiлдiрген адамдары болып тiркелген журналистердiң, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары лауазымды адамдарының сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетуге қатысуына құқығы жоқ (сайлау туралы Конституциялық заңның 27-бабының 6-тармағы). Сайлаумен байланысты қоғамдық пiкiрге сұрау салу нәтижелерiн жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргiзуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзiлген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесiнiң қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi. Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пiкiрге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi дауыс берiлетiн күн алдындағы бес күн iшiнде және дауыс берiлетiн күнi жариялауға жол берiлмейдi (сайлау туралы Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағы). Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы.