• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2017

Міндетті тіркеу: шетелдік тәжірибе қандай?

664 рет
көрсетілді

Соңғы күндері ең көп талқыланған мәселенің бірі азаматтарды міндетті түрде уақытша тіркеу нормасы болғаны белгілі. Осыған орай egemen.kz назарларыңызға аталған жүйенің алыс-жақын шетелдердегі тәжірибесін ұсынады.

Қырғызстанда уақытша тіркеу 2000 жылы енгізілген

Қырғыз Республикасының «Ішкі миграция» заңы бойынша азаматтарға тұрғылықты мекен-жайы, уақытша мекен-жайы бойынша және шетелге кетерде тіркелу міндеттелген. Яғни, елде уақытша және міндетті тіркеу жүйесі бар. Ал тіркеуге тұрмағандарға 50-100 сом (шамамен 215-430 теңге) аралығында айыппұл қарастырылған. Қызметке тіркеуде жоқ адамды алған жұмыс берушілер 200-300 сом төлейді. Қырғызстан қалаларына 45 күннен астам уақытқа барған адамдар тұрақты тіркеуден шықпай, 5 күн ішінде уақытша тіркеуге тұруы керек. Ал мекен-жай ауыстыратындар 10 күн ішінде тіркеуге тұруға міндетті. Бір айта кетерлігі, аталған заңды Қырғызстан 2000 жылы 23 маусымда қабылдаған.

Өзбекстан астанасы - "жабық қала"

Өзбекстанда Ташкент қаласы «жабық қала» саналады. Себебі, Өзбекстанның басқа қаласында тұратындар арнайы үкіметтік комитеттің рұқсатымен ғана астанада тұруға құқылы. 2016 жылы 28 маусымда елдің ІІМ жаңа заң қабылдап, уақытша тіркеуге байланысты бірқатар ережелер енгізді. Жаңа ереже бойынша, бас қалада 5 күннен астам жүргендер уақытша тіркеуге тұру керек. Оның мерзімі 5 күннен 6 айға дейінгі аралықты қамтиды. Ал студенттер оқу уақытына тіркеледі. Шетел азаматтары 3 күн ішінде тіркелуі керек.

Беларусь Республикасы уақытша тіркеуді 2008 жылы енгізді

Бұл елде уақытша тіркеу де, тұрақты тіркеу де бар. 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап елде «Азаматтарды тұрғылықты мекен-жайы мен уақытша мекен-жайына тіркеу жүйесін жетілдіру» туралы Президент жарлығы шықты. Сол кезден бастап республикада барлық азаматтарға бірыңғай тіркеу жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, азаматтардың тұрақты тіркеуде болуы міндетті. Басқа қалаларға барған азаматтар уақытша тіркеуге тұруы керек.

Ресейдегі тіркеу жүйесі қандай?

Ресейде мекен-жай ауыстырған кезде міндетті түрде тіркелу керек. Consultant.ru порталының ақпаратына сүйенсек, жаңа жерге ауысқан соң азаматтар 7 күн ішінде тіркеуге тұруға міндеттелген. Ал Ресейге 90 күннен астам уақытқа барған азаматтар уақытша тіркеуге тұрады. Тіркелмегендерге 2 мың рубль (шамамен 11 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Украинада уақытша тіркеу 2003 жылдан бастап бар

2003 жылы Украинада "Тұрғылықты мекен-жайды еркін таңдау және орын ауыстыру туралы" заң қабылданып, тұрақты тіркеумен қатар уақытша тіркеу де енгізілді. Украиналықтар 30 күннен астам уақытқа барған жаңа орында тіркелмесе, айыппұл төлейді. Тіркелу үшін үй иесі мен тіркелушінің жеке құжаттары мен әскери билеттері қажет етіледі.

АҚШ-та мекен-жай ауыстырғандар ақпарат бермейді

АҚШ азаматтары мекен-жайын ауыстырған кезде есеп беруге міндетті емес. Бірақ бұл елде азаматтардың мекен-жайы туралы ақпарат жоқ деген сөз емес. Әсіресе, автокөлігі барлар, қару ұстайтындар мен салық төлейтіндер міндетті түрде тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелуі керек. Сонымен қатар, 2001 жылдың 11 қыркүйегінен кейін сол кездері "Аль-Каида" лаңкестері тараған 25 мемлекеттің азаматтарына тұрғылықты мекен-жай бойынша міндетті тіркеу енгізілді. АҚШ-та тіркелу ережелері әр штатта әртүрлі. Басым бөлігінде азаматтар мекен-жайын өзгертсе, 10 күн ішінде тіркеуге тұруы қажет. Бұл санатқа кірмейтіндер: дипломаттар, халықаралық ұйымдардың ресми өкілдері, АҚШ-қа бір ай уақытқа барғандар.

Германияда отбасы мүшелерінің барлығына бір тіркеу құжаты беріледі

Германияда тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркелу шетелдіктер үшін де, жергілікті тұрғындар үшін де бірдей. Бір ғана ерекшелігі - шетел азаматтары Германияда тұруға рұқсаты бар екендігін растайтын құжат көрсетуі керек. Бұл елде азаматтар мекен-жайын ауыстырғанда бір апта ішінде жауапты органдарға хабарлауы керек. Елдің заңында "Германия ішінде жаңа орынға көшкен сайын немесе мекен-жай ауыстырғанда тіркелу міндетті", делінген. Сол арқылы билік адам санын ғана емес, түсетін салықты да есептеп отырады. Себебі, жұмыс істейтін азаматтардың салығы сол тіркелген қала бюджетіне түседі екен. Бір ерекшелігі, отбасы мүшелерінің барлығына бір тіркеу құжаты беріледі. Уақытша тіркеу үшін жалдап тұрып жатқан пәтердің иесімен келісімшарт талап етіледі немесе үй иесі олардың сол үйге көшкенін растайтын құжат беруі керек. Ал жылжымайтын мүлік өзіне тиесілі болса, үй құжаттарын көрсетеді. Азаматтардың мекен-жайы мәліметтер базасына енгізіледі. Оны мемлекеттік органдар қолдана алады. Тіркелу кез келген тіркеу кеңсесінде тегін жүргізіледі. Immowelt.de порталының хабарлауынша, тұрғындар мен пәтерді жалға берушілер тіркеу уақытын өткізіп алса, ол үшін 1000 еуро айыппұл белгіленген.

Нидерланд елінде пәтер жалдаушылар келісімшарт ұсынуы керек

Амстердамда мекен-жай ауыстырғандар азаматтық істер бойынша бөлімнің кеңселеріне барып, 5 күн ішінде тіркеуге тұру керек. Тіркеу онлайн жүргізіледі немесе азамат өзі барып құжат тапсыра алады. Бір ерекшелігі, бұл елде тіркеу мекен-жайы тексеріледі. Ақпарат расталмаса, тергеу жүргізіледі. Тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркелмегендер айыппұл төлейді. Дұрыс тіркелмеген азаматтар салық, студенттік жеңілдіктер мен жәрдемақыдан айырылуы мүмкін. Тіркеуге тұру барысында үйдің құжаты немесе жалдап тұратын пәтер иесімен екіжақты келісімшарт талап етіледі. Тіркеуге кеш тұрғандар мен құжаттарды толық тапсырмағандарға 325 еуро (шамамен 115 мың теңге) айыппұл төлейді.

Сингапурде тіркелмегендер 5 жылға қамауға алынуы мүмкін

Сингапурдің миграциялық билігінің ресми сайтында "Мекен-жайын ауыстырған азаматтар 28 күннің ішінде хабарламаса немесе жалған ақпарат берсе, 5 мың доллар айыппұл төлейді немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады", деп хабарланған. Сонымен қатар, тіркелу барысында азамат сол жерде тұратынын растау керек.

Тіркеуді тексерудің ерекше жолдары 

Кейбір елдер тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеуге алудың басқа жолдарын енгізіпті. Мысалы, Австралияда федералды сайлауға қатыспаған азаматтарға айыппұл салынады. Ал сайлауға қатысу үшін міндетті түрде тіркеу қажет етіледі. Ал Ұлыбританияда көлігі барлар мекен-жай ауыстырғанын хабарламаса, 1200 доллар айыппұл төлейді.

Италияда Еуропа азаматтары жауапты органға барып уақытша тіркеледі. Италия азматтары өз өміріне қатысты басқа да ақпараттарды қоса беріп отыруға міндеттелген. Мысалы, мекен-жайы өзгерсе, отбасын құрса, балалы болса, ажырасса, азаматтығын ауыстырар болса, бұл туралы хабарлап отыруы керек.

Дайындаған Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"