• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2017

«Хат қоржын»

390 рет
көрсетілді

Оқырман ...ризашылығын білдірді Балалар үйіне компьютер сыйлады Алматыдағы №1 балалар үйіндегі 130 баланың алпысы 3-11 жас аралығындағы жеткіншектер болса, қалғаны 12-18 жастағы жасөспірімдер. Балалар үйі басшылығының қолға алып жатқан тың бастамаларының бірі – корпоративтік тәлімгерлік. Қалада шоғырланған ірілі-ұсақты кәсіпорындармен қоян-қолтық жұмыс жасау барысында тәрбиеленушілерге кәсіби бағдар беру шеңберінде мамандар ақыл-кеңесімен бөліседі, балалардың бойындағы кәсіптік дағдыларды оятуға түрткі болады. Кәнігі мамандармен ашық-жарқын әңгімелескен балалардың кәсіп иесі атануға деген құштарлығы анағұрлым арта түседі. Өткен Құрбан айт мерекесі қарсаңында №1 балалар үйінің балдырғандарына «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС қайырымдылық бағдарламасына сәйкес 15 компьютер жиынтығын сыйға тартты. Балалар үйінің директоры А.Шатаева компания өкілдеріне ризашылығын білдіріп, қаладағы кәсіпорындар балаларға кәсіби бағдар беру ісіне белсенді түрде атсалысса екен деген ниетін жеткізді. Кәмшат ТАСБОЛАТ АЛМАТЫ   ...батасын береді Жұмыла көтеріліп көпір жөндеді Жаңақорған ауданындағы Жаңауыл елді мекенінің тұрғындары қашанда ынтымағы жарасқан, ырысқа кенелген қауым. Аға буын өкіл­дерінің өнегелі жолын бүгінгі ауыл жастары ардақ тұтып, елдік­тің­ үлгі­сін паш етіп келеді. Ұйымшылдықтары талайға үлгі ауыл тұр­ғын­да­рының ауыз толтырып айтарлықтай жарқын істері де көпке үлгі. Жаңауылда өткен бір жиында ауыл жастары өзара пікірлесе отырып, «көпірді өз күшімізбен асарлатып, жөндеуден өткізейік» деп бастама көтерді. Ауыл іргесінен өтіп жатқан каналға салынған көне көпірдің әбден тозығы жеткен болатын. Осылайша, айтылған ұсынысты ауыл жастары қызу қуаттап, ортақ мәмілеге келіп, өздері қалталарынан қаржы шығарып, ортақтасып осы көпірді ретке келтіруді жөн санапты. Иә, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, аталмыш көпірді қайта жаңғыртуға Берік Оспанов, Мейрамбек Әлиев, Ержан Қасенұлы сынды азаматтар белсене атсалысып, жүк көліктерімен қажетті қиыршық тас әкелді. Ал ауыл жастарынан жиналған қаржыға арматуралар мен бетон арасына салуға арналған сым-торлар, 4 тонна цемент алынды. Көпір басындағы қайнаған қызу еңбек­тің ортасында қолына кетпен, күрегін ұстаған ауыл белсенділерінен бас­тап жастардың көбі қатысты. Өткелді жөндеп қариялардан батасын алған жаңауылдық жастардың осындай өнегелі істері өзгелерге де үлгі-өнеге. Нұрмахан НАЗЫМХАНҰЛЫ  Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы   ...үлгі тұтады Табысқа кенелуге барлық жағдай жасалған Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Новомарковка селосының тұрғыны Төлеухан Ромбай бұл күндері кәсібін дөңгелетіп, келешекке сеніммен қарауда. «2007 жылы Моңғолиядан атажұртқа қоныс аударған едік. Әрине, бастапқы кезде қиындықтар болды. Дегенмен, жергілікті әкімдік пен ондағы мамандардың көмегінің арқасында бар қиындықты артқа тастап, қазір шаруамыз өрге жүзе бастады. Алғаш келген кезімде ауыл әкімі Григорий Самойленкоға барып, көмек, ақыл-кеңес сұраған едім. Білікті әрі адамгершілігі мол әкім менің жағдайымды, көп балалы екенімді бірден түсініп, қолдан келгенше ақыл-кеңесін айтты. Тіпті, 50 гектар шабындық жер алуымды ұсынды. Кейін көп ұзамай осы азаматтың шарапатымен мал шаруашылығын қолға алдым», деп кәсіпкер өз кәсібінен хабардар етті. Оның айтуынша, ауылдық жерде шағын жəне орта бизнеске жұр­т­шы­лықтың ынтасы жыл санап артып келеді. Әсіресе, ауыл тұрғындары үшін бизнесін өркендетуге негізінен мал шаруашылығымен айналысу қо­лайлы саналады. «Шаруа қожалығымызда 30-дан астам жылқы, 20-дан астам ірі қара күтіп-бағылуда. Елімізде дені сау, ерінбеген адамға мал асырап, табысқа кенелу үшін барлық жағдай жасалған. Шаруашылығымызда бес адам еңбек етеді. Олардың айлығын уақытылы төлеп тұру – менің мін­детім. Мұнымен қатар, келешекте қой шаруашылығын қолға алып, жұ­мысшыларымызға баспана салу да жоспарда бар», дейді келешекке зор сеніммен қараған Т.Ромбай. Аслан ОСПАНОВ Ақмола облысы   ...жақсылығын жеткізеді Ауылымыз ажарлы, тірлігіміз базарлы Мен өзім өмір сүріп жатқан Панфилов ауданында бұрынғы соқпа тамдардың орнына сәулетті үйлер салынуда. Техникалық машиналарды есепке алмағанда, жеңіл көлігі жоқ отбасы кездеспейді. Той-думан, жас­тардың түрлі мерекелерін өткізетін арнайы мәдени орындар да жет­кілікті. 2015 жылы ауданымызда жаңа бір мектеп, 8 балалар бақшасы ашыл­са, 2016 жылы жастар үшін спорт нысаны пайдалануға берілді. Жаңа талапқа сай мешіт ашылып, Х.Хамраев атындағы ескі мектеп орнына жаңасы са­лынуда. Қалада және ауылдық жерлерде жолдар асфальтталып, көлік көп жүретін көшелерде бағдаршам, электр жарығы қойылды. «Нұрлы жол» жобасына байланысты өзім туып-өскен Пенжім ауылының қасында Нұр­кент қаласы мен Алтынкөл темір жол бекеті салынып, көптеген адам жұ­мыспен қамтылды. Жастар баспаналы болып, олардың алаңсыз еңбек ету­лері үшін барлық жағдай жасалған. Осындай ауылы ажарлы, тірлігі базарлы біздің аудандағы көп ұлтты еңбексүйгіш халқымыздың достығы мен бірлігі ғасырлар бойы сақталып келеді. Келешекте жас ұрпаққа айтатыным – осы қағидамызды сақтап, жеткен табыстарымызды одан әрі молайтып, елімізге адал еңбек ете берейік. Майминам ИМӘРОВА, еңбек ардагері, ағарту ісінің үздігі Алматы облысы, Панфилов ауданы   ...сақтандырады Құмар ойын құрдымға құлатады Кезiнде карта ойнап отырғанымызды көрген әжелерiмiз: «Тәйт, шошқаның iшегiн аршымай! Құмар ойынның күнәсi ауыр» деп зекiп тастау­шы едi. Нашақорлық, iшiмдiкке салыну дертiнен кем түспейтiн құмар ойын ойнау қанымызға сiңiп бара жатқандай. Ойынның бұл түрi ауырдың үстімен, жеңiлдiң астымен жүруге бейiмделген жастарымыздың санасын улап жатыр. Қазiр елiмiздiң қай өңiрiне барсаң да «Кено» ойындары мен «Бук­ме­кер­лiк кеңсе» деген қаптап кеттi. Ойын автоматтарының жанынан өтiп, букмекерлiк кеңсеге кiрiп қалсаң, жас демей, кәрi демей бәс тiгiп жа­тады. Әр ойынның өз ерекшелiгi болады екен. Ал ойынға араласқан адам­ның мақсаты – жеңу. Жеңiлiс тапқандар ашу-ызаға булығып, түрлi арам ойларға ерiк берiп жатады. «Жығылған күреске тоймайды» демекшi, ұты­лған ақшасын қайтару үшiн қайта-қайта үдете ойнап, бiр айлық жа­ла­қысының басына су құйғандар қаншама?! 2007 жылы «Ойын бизнесi туралы» заң күшiне енiп, казинолар жойылған сияқты едi. Сөйтсек, барлық құмар ойын мекемелерi Қапшағайға көшiрiлiптi. Ол аздай, қазiр оңай жолмен ақша тауып үйренгендер заңмен рұқсат етiлген «Кено автоматтарын», «букмекерлiк кеңселер» ашып, өз iстерiн дөңгелетуде. Осы орайда құмар ойынға құмартып, күнәға батыратын кеңселердi жабатын, адамдарды азғындықтан қорғайтын заң керек деп ойлаймын. Нұрлан ТОБАҒАБЫЛ Оңтүстiк Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы