• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2017

Әлемдік тәжірибеге сәйкеседі

429 рет
көрсетілді

Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу талабы әлемдік тәжірибеде бар. Сон­дықтан тіркеу институты халықаралық тәжірибеге сай келгендіктен, ешкім­нің де еркін жүріп-тұру құқығын шектемейді. Мұндай тіркеу барысы көп­теген елдерде  бұрыннан жүргізіледі, өйткені, бұған экономикалық және әлеуметтік саясатты жоспарлаудың тікелей қатысы бар. Мәселен, Ресей, Латвия, Литва, Молдова, Эстония және Грузия секілді елдерде тұрғын­дардың бірыңғай тіркелімі қалыпты түрде іске асырылады. ГФР-де муни­ципалдық қызметтер тіркеуді мекенжайға келгеннен кейін екі апта ішінде жүр­гізеді. Егер келгені, кеткені жөнінде уақтылы хабар бермесе немесе біреу­дің мекенжайын пайдаланса, онда бірден 50 мың еуро мөлшерінде айыппұл төлетеді. Сол сияқты, Австрияда тіркеуге тұру үшін полицияға жеке куәлігін, үйді жалға беру немесе сатып алу туралы келісім­шартты ұсынады. Ал Израильде полиция азаматтарға жеке куәлігінің ішіне қосып, оның тұрғылықты мекенжайы көрсетілген қосымша парақша береді. Бельгияда да тұрғылықты мекенжай жеке куәлікке енгізіледі. Осындай тәртіптер бұдан басқа елдерде де бар. Оңтүстік Кореяда жер­гілікті билік органдарына тіркелу білім алуға, мемлекеттік қызметке қол жеткізу үшін аса қажет. Демек, жалпы алғанда, біздің елде азамат­тарды мекенжай бойынша жүргі­зіліп жатқан тіркеу барысы әлемдік стан­дарттарға сай келеді. Оның үстіне, Қазақ­станда мекенжай және уақытша тұрғылықты жері бойынша есепке алу о баста-ақ заңмен қаралған. Бұл бүгін ғана айтылып отырған жай емес. Мәселен, бұл орайда, Қазақстан Республикасындағы паспорт жүйесі туралы ережені (Үкі­меттің 05.04.1993 жылғы қаулысы), Халық­ты тіркеу мен құжат беру ережесін (Үкіметтің 10.07.2000 жылғы қаулысы), Ішкі көші-қонды тіркеу ережесін (Үкіметтің 01.12.2011 жылғы қаулысы) айтуға болады. Демек, қазіргі қолданыстағы заң азаматтардың мекенжай бойынша міндетті тіркелуін көздейді. Мұндай міндет «Халықтың көші-қоны туралы» Заңда да (51-бап, 2-тармағының 1-тар­мақшасы) қаралған. Ал тіркелмей тұр­ғаны үшін әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған (2001 жылғы ӘкҚБК 377-бап, және жаңа ӘкҚБК 492-бабы). Әри­не, бұған дейін пәтер иелері үйін­де тұ­р­ған адамдарды тіркеуге міндеттел­мей­тіні рас еді. Соның салдарынан пәтер жалдаушылар – солардың арасын­да студенттер, басқа өңірлер­ден жұмыс істеуге келген адамдар, тіпті, өз­дері қалағанның өзінде нақты тұрып жатқан жері бойынша тіркеуге тұра алма­ды. Мұның кері әсері сол, олардың мем­ле­кеттік қызметтерді, медицина­лық қызмет көрсетулерді, басқалай әлеумет­тік игіліктерді пайдалануға қолдары жетпеді. Сондықтан, заңды бұзбас үшін олар іс жүзінде өздері тұрмайтын мекенжайлар бойынша жалған тіркеулерді жүргізу жолдарын іздеді. Көбінесе мұндай мекенжайларда он шақты, тіпті жүздеген адам тіркеуде тұрды. Ал олардың бәрі нақты қайда тұратынын іс жүзінде ешкім білмеді. Осындай жағдайларды криминалдық элементтер сәтімен пайдаланды, оны іс жүзінде Ақтөбе мен Алматыдағы экстремистік ағымды ұстанушылардың әрекеті көрсетіп берді. Міне, енді түсінікті болып отырғандай, осы жағдайларға байланысты 2016 жыл­дың соңында қабылданған «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен біз айтып келе жатқан бірқатар қосымша шаралар қабылдауға мүмкіндік туды. Осылайша, аталған заң енді бір­қатар кемшіліктің орнын толтырып, келеңсіздіктердің алдын алып отыр. Осыған орай, пәтер иелеріне үйлерінде тіркеусіз тұрған азаматтар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Мұндай амал бір пәтерге үймелетіп адамдарды тіркей беру мәселесін ғана емес, сонымен қатар, тіркеусіз тұру жағдайын да азайтпақ. Оған қоса, тіркеусіз тұрудың мерзімі үш айдан бір айға қысқарып отыр. Себебі, бұрынғы ішкі көші-қонды тіркеу ережесі бойынша үш айдан астам мерзімге уақытша тұруға келгендер ішкі істер органдары арқылы уақытша тұрғылықты жері бойынша есепке алынатын. Демек, уақытша келген азаматтарды есепке алу жүргізілгенімен, азаматтарды тұр­ғылықты жері бойынша заңды тіркеу бекітілмеген еді. Енді аталған заң ар­қылы «Көші-қон туралы» Заңдағы құқықтық ағаттықтың орнын толтыру мақсатында «уақытша келу (тұру) орны» түсінігі енгізіліп, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 51-бабына сай уақытша келген тұрғылықты жері бойынша тіркелу міндеттеліп отыр. Бүгінде бұл мәселеге байыппен қарағандар уақытша келген тұрғылықты жері бойынша тіркеліп жатыр. Оған мысал ретінде Астана қаласын алуға болады. Елордамызда бұл заң талаптарын жүзеге асыру бірқалыпты жүруде. Астана қаласы ІІД Көші-қон полициясының қызметкерлері Халыққа қызмет көр­сету орталықтарында азаматтарды қабылдауда. Онда келушілерге қолайлы жағдай туғызу және тіркеуден тез өту үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарында көші-қон полициясының жұмыс орны қала ауданы бойынша және халықтың санына орай төрттен алты орынға дейін ұлғайтылды. Бұл орайда, азаматтардың назарына тағы бір саларымыз, уақытша тіркелу үшін үй иесінің келісімі, оның жеке куәлігі болуы қажет. Есте ұстайтын тағы бір жайт, үй иесі міндетті түрде бірге еріп баруы тиіс немесе оның сенім білдірілген адамы болуы керек. Ал тіркеуге тұратын адамнан жеке куәлігі мен тұрғылықты орны бойынша тіркелуі үшін 226,9 теңге көлемінде мемлекеттік бажды төлегендігі туралы түбіртек қажет. Тіркеудің тәртібі мен шарттарын жеңілдету мақсатында әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған адамдарға қолайлы болу үшін тіркеу өтініш келіп түскен күні ресімделеді, бұрынғы тұрғылықты орнынан алдын ала тіркеу есебінен шығып кету талап етілмейді. Өйткені, бұрынғы мекенжайдан шығу бірден автоматты түрде жүзеге асырылады, белгілі бір мекені жоқтар үшін әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталықтарында тіркелу қарастырылған, жеке куәлігі болмаған, жоғалған немесе жарамсыз болып қалған жағдайда уақытша берілетін жеке куәлік бойынша тіркеу көзделген. Заң талаптары орындалуы үшін мұның бәрі ескерілуі қажет. Жалпы алғанда, біздің еліміздегі тұрғылықты немесе уақытша мекенжай бойынша тіркеу туралы заң талабына енгізілген өзгерістер азаматтардың мүд­десін барынша тиімді қорғауға, сон­дай-ақ, ішкі көші-қонды бақылауды жақ­сартуға мүмкіндік береді. Серік САЙЫНОВ, Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы департаментінің бастығы