• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2017

Жолдар салынбай, көңіл жайланбайды-ау...

391 рет
көрсетілді

Атырауда да жол мәселесі өткір тұр. Жолдың қадірін атыраулықтар өзгелерден жақсырақ білетін шығар. Өйткені, мұнайлы өңірдің орталығы саналатын Атырау қаласына аздаған ылғал түссе, табаныңа желімдей жабысар балшығымен жүру мұңға айналады. Оның үстіне қаланың ауқымы шағын аудандармен кеңейіп келеді. Жаңадан бой көтерген шағын аудандарда инженерлік инфрақұрылымдар жүргізілгенмен, жол салу толық шешімін тапты деуге болмайды. Бұл мәселе тұрғындар тарапынан әсіресе, әкімдердің жыл сайынғы есеп беруінде оқтын-оқтын көтеріледі. Жолдың қажеттігі Атырау қаласының әкімшілік бөлісіне қарайтын елді мекендердің барлығында дерлік байқалады. Мәселен, өткен жылы мұнайлы қала мен оған таяу орналасқан округтерде 95 шақырымға созылған жол салыныпты. Соның ішінде Жұмыскер және Жұмыскер-2 ауылдарының 19 көшесіне 8,9 шақырымды құраған жол төселген. Мұндай жұмыс Еркінқала, Құрсай, Ракуша ауылдарында, «Балауса» және «Самал» шағын аудандарының 30-дан астам көшесінде жүргізіліпті. Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкеновтің мәлім етуінше, биыл бұл жұмыстың жалғасуы қаржының бөлінуіне байланысты болмақ. Қазірдің өзінде қала іргесіндегі 30 елді мекеннің 311 көшесіне жол төселетіндігі жоспарланыпты. Жобалық-сметалық құжаты дайындалған жолдың ұзындығы 250 шақырымды құрайды. Бірақ, мұнымен бұл елді мекендердің бәрінде тақтайдай тегіс жолмен толық қамтылады деуге болмайды. Өйткені... – Бірнеше елді мекендерде жол құрылысын жүргізу үшін әлі де жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау қажет. Қазір Құрсай, Еркінқала секілді қалалық әкімдікке қарасты өзге де елді мекендерге жол төсеу үшін осындай жұмыстар жасалуда, –дейді қала әкімі Серік Шәпкенов. Рас, жол салу жұмыстары әкім мысалға келтірген елді мекендермен ғана шектелмейді. Өйткені, «Жұлдыз», «Көктем», «Бірлік-2» секілді шағын аудандар тұрғындары да жолдың азабын тартып келеді. Бұл шағын аудандардың бәрінде де жеке иеліктегі тұрғын үйлер салған тұрғындардың әсіресе, көктем, күз айларында қатынауының қиындығын басқа бермесін деңіз. Сонымен бірге, олар үшін «жедел жәрдем» қызметін шақыру да оңай емес. Ал «Көкарна» шағын ауданының бір көшесін мекен еткен тұрғындардың өз күштерімен жолға құрылыс қалдықтарын төккеніне куә болғанымыз бар. Енді өткен жылдың күзі­нен бері «Береке» аталатын тағы бір ша­ғын ауданда да тұрғын үй құры­лы­сы жандана бастады. Жоба бойынша мұн­да 11 көп қабатты тұрғын үй бой көтере­ді. Демек, дәл осы тұрғын алабы­ның өзі­не де жол құрылысы салынуы қажет. Қалай дегенде де, жаяу жүргіншілерге арналған жолақты айтпағанның өзінде көлік жүретін жолдың жыры бұл өңірде де әзірге біте қояр түрі көрінбейді. Мамандардың пікірінше, жол құрылысы қаражатты молынан қажет ететінге ұқсайды. Әрине, қаржы табылғанмен, жол дегеніңіз бірден салына қоймайды. Оның алдын-ала жасалатын жобалық-сметалық құжаттамасының өзіне қыруар қаржының жұмсалатынын айтады. Бірақ, бәрібір жол болмай тұрғындар көңілі жай таппайтыны да бесенеден белгілі. Атырау қаласының іргесіндегі елді мекендер мен шағын аудандарға жол төселсе, бұл алдымен тұрғындардың тұрмысына оң әсер ететіні даусыз. Сонда олар өздері тұратын көшелерде шаштараз, дүкен, кафе секілді шағын және орта бизнестің өркендеуіне үлес қосар нысандар ашар ма еді? Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» Атырау облысы