• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2017

«Диагнозды» дөп қоятын қаламгер

461 рет
көрсетілді

Қостанай өңіріндегі асылдардың ізін жалғап келе жатқан тегеурінді топтың бел омыртқасындай болып жүрген жазушы Ғұмар Ахметчиннің есімі әркез құрметпен аталады.  Ол қазақ әдебиетіндегі сатира жанрының жандануына  үлес қосумен келеді. Ертелі-кеш шыққан «Қолды болған қораз», «Көзілдіріктің кесірі», «Көзі сынық тебен», «Ұмытшақтық зобалаңы» және «Күндіз жұлдыз көрінсе» атты кітаптарын  оқырманы жылы қабылдаған. Ғұмар аға сатира жанрын таңдағанымен, жеңіл күлкіні нысана еткен емес. Әр шығармасын оқырман оқығанда күліп отырып, қабақ түйеді, қабағын шыта отырып, езу тартады. «Ұмытшақтық зобалаңы» деген әңгімесінде жазушы бала тәрбиесінің босаңсуын сын садағына алады.  Өзінің істеген ісіне ар алдында ешқашан есеп беріп көрмеген кейіпкері Тұрпан бала кезінде ұрлықтан бастайды, сабаққа баруды «ұмытады», мұғалімдерінің ескертпесін есінде сақтауды «ұмытады», өсе келе ата-ананы сыйлауды «ұмытады». Жал­ғыз ұл не істесе де әке-шеше оны бетінен қақпай жақтайды. Тұрпан   келе-келе  ішімдікті бас­тайды, қылмыс та жасайды. Ақырында жалғыз ұл қит етсе бәйек бола кететін ата-анасына қартайғанда  қарамай кетеді. Бәрін «ұмытып» сайранды салған ол алпысқа келмей жатып мүгедек болып қалады да, көп әйелінің бірінен туған ұлы оны қарттар үйіне тапсырады. Жазушының кейіпкері өзінің «ұмытшақтығын» баяндағанда еріксіз езу тартасыз, бірақ езу тартып отырып, ащы мысқылдан жаның түршігіп, ішің жылап отырады.  Қоғамдағы дертті ол  осылай жеткізе біледі. Ғұмар Ахметчиннің  шығар­машылығы сатира жанрын зерт­теуші, сыншы, белгілі ғалым ұс­таз Темірбек Қожакеевтің де на­зарына іліккен екен. Сын айт­қан­­да ешкімнің беті-жүзіне қара­май­тын Темкеңнің іш тартуы Ахметчин сатирасының деңгейін білдіргендей.  «Ғ.Ахметчиннің Әбігер есімді мақтаншақ, даңғаза кейіпкері бар. «Әбігер аға, сіздің етігіңізден су өте ме, өтпей ме?» десе, ол: «Әрине, өтпейді, нан­ба­саң міне, көр» деп, тізеден келе­тін суды кешіп жүріп алады екен. Артынан оңашалау жерде, тасалау жерге барып,  малман­дай болған шұлғауын сығып алып жатқанының үстінен түссең, «Мана таңертең осы су қалпында киіп алып едім» деп жеңістік бермейтін көрінеді. Осыны оқы­ғанда қаттырақ күлеміз. Ден­сау­лық­қа зиянды ақымақтық пен есер­лікке, өтірікшілдікке ызаланып, ашуланыңқырап күлеміз. Әрі оның «етігімнен су өтеді» деп айтқаннан гөрі, тоңып қалуға бар намысқойлығына ішіміз жылып, аяушылықпен күлеміз...» деп жазған екен сатира сардары  Темірбек Қожакеев. Ғұмар ағаның алғашқы шығар­масынан бастап, барлық кейіпкері де шығармашылық шеберлікпен образға көтерілген ауылдастары, айналасындағылар болатын. Шұрайлы тілдің, көркем ойдың, тамаша дәстүрдің, мейірім мен адамгершіліктің  қайнар бұлағындай еді қазақ ауылы. Қазақ ауылы демекші, Ресейдің  Златоуст қаласындағы әскери зауытта істеген Ғарифолла Ахмет­шіұлы  соғыс аяқталған соң орыс-орманның арасында қалғысы келмейді. Жұрттың барлығын титықтатқан ауыр жылдары Қазан­ға қайту балалы-шағалы үлкен отбасына оңай тимесе керек. Мұсылманша сауаты терең Ғарифолла атай  балаларының болашағын ойлап,  қазақ достарымен ілесіп, Қостанайдың Әулиекөл ауданына келіп қоныс тебеді. Үш қызын, жалғыз ұлын осындағы қазақ мектебіне береді. Ғұмар қазақ ауылындағы кітапханада бар кітаптың бәрін тауысып оқи­ды, Әулиекөл жеріндегі көкпен талас­қан қарағай арасындағы қазақ ауылының бүкіл нәрін бойына сіңіріп өседі. Жүрегінде шоғы бар баланың сөз өнерімен «ауыруына» да қазақ ауылындағы шешендіктің, ақындықтың, әншіліктің,  бір ауыз сөзге тоқтайтын мәрттіктің «желі» тигені анық. Зиялы татар отбасын  қазақ ауылы да жақсы қарсы алып, құрметпен қарайды. – Әкем де, анам да діндар, медреседен білім алған кісілер болды. Партияның қылышынан қаны тамған Кеңес Одағы кезінде де олар ауылды имандылыққа ұйытты. Ораза кезінде  тарауих намазына  жиналған кісілер үйге сыймай кететін.  Әкем діни уағыз айтқанда үлкен кісілер көзіне жас алып отырушы еді.  Қазір Арқалық мешітіне есімін берген Әлмағамбет, Қостанай мешітіне есімі берілген Аймағамбет молдалар әкеме жиі келіп, ұзақ әңгімелесетін, – дейді Ғұмар аға балалық шақтан  айтқан есте­лігінде. Ғарифолла ақсақалдың үйел­мелі-сүйелмелі бойжеткен үш қызына қазақтар құда түседі. Ғұмар да қазақ ауылының  Күн­жамал атты сұлуын таңдайды. Көңілі толған шәкіртін тілімен шым­шып жақсы көретін ұстазы  Темірбек Қожакеев Ғұмар ағаның студент кезінде оған: «Әй, сенің қазақтың қызында нең бар?» депті. Шәкірт те ұстаз әзілінен сөзін алып қалмапты. «Қазақтар ме­нің үш апамды алып кетті, мен де қазақтың үш қызын аламын» дегенде ұстазы қарқ-қарқ күліпті. – Сөзімді періштелер әумин деген екен, екі ұлым да қазақтың қызына үйленді, сонда қазақтың үш қызын аламын дегенім дұрыс емес пе? – деп күлдіреді Ғұмекең. Айтса айтқандай, немерелер өсіп жатыр, Ахметчиндер қазір үлкен әулетке айналған. Ғұмар аға сонау 70-80-ші жылдары  Қостанай өңірінде  айтыс өнерінің қайта жаңғыруына  көп үлес қосқан қаламгер. Содан бері өңірде өткен ірілі-уақты  айтыстардың қазылар алқасы Ғұмарсыз құралған  емес. Жас кезінде айтысқа өзі де қатысып жүрді. Қазақ тілінің, әдебиетінің, өнерінің жанашыры  екенін және биік азаматтығы мен зиялы тұлғасын оған жазған жылы лебіздер айтып тұрғандай. «...Хатың арқылы сенімен, Ғұмар­жан, танысып, сенің  твор­чес­тво­лық жұмысқа қабілетің бар екені қатты-қатты қуантты. Көп жаса, балам, халыққа барыңды аямай бере бер, адамға одан артық бақыт жоқ» депті жас Ғұмарға Мәскеуден жазған хатының бірінде   мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов.  «Ғұмар! Мынау тар да кең дүниеде танысып, табысқанымызға бір­та­лай жылдар өтсе де, шынайы дос, сыр­лас ретінде енді ғана жан дү­ниеміз жарасқандай. Лайым ұза­ғынан сүйіндірсін» дейді сырлас досы Оралхан Бөкеев. Ғұмар Ахмет­чин сатиралық шы­ға­рмашылығының сыртында көп жылдар бойы облыс­тық «Қостанай таңы» газетінде тілшіліктен, басылым басшылығына дейін қызметте болды. Көп уақыт облыс әкімінің баспасөз хатшысы, аудармашы қызметтерін атқарды.  Оның сыртында, 2002 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының филиалын басқарады, облыстық Ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі, осы ұйым шығарған Ұлы Отан соғысы, Тың игеру туралы кітаптарды қазақша сөйлеткен де Ғұмекең. Жазушының қалам қарымы қайт­қан жоқ, ізденіс үстінде жү­реді. ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің  дамуына елеулі үлес қосқан,  соның ішін­де «Социалистік Қазақстан» («Еге­мен Қазақстан») газетінде жемісті еңбек еткен, көптеген өлең-поэмалардың, фельетон, әңгіме, очерктердің авторы  Аманғали Сегізбаев туралы зерттеу мақала жазды. – Аманғалидың қазақ баспа­сөзінде, жалпы журналистика­сын­да орны бар адам, қазақ жур­на­листерінің қай буыны да үй­ренетін  тұсы көп, шығармалары керемет. Би-ағаның – Бейімбет Майлиннің жақын досы болған кісі. Ол туралы жазғанда үлкен жа­ңалық ашайын деген жоқпын,  ала­сапыран уақытта көп дүние бітіріп, өзі  Ұлы Отан соғысында қыршын кеткен азаматтың ескеру­сіз, ұмытылып бара жатқаны жаныма батады. Туған жері Денисов ауданынан бір көшенің аты берілсе деген ниетпен соңынан қалмай жүрген жай бар, бірсыпыра есікті қақтым, үмітімді үзбеймін, – дейді Ғұмар аға. Ұрпаққа керек рухани дүниеге жоқшы болу да жақсының қолынан келсе керек. Бұл енді Ғұмар Ахметчиннің азаматтық тұл­­ғасының бір қыры. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ