• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2017

Қосылудан қол ұзарса жақсы ғой...

402 рет
көрсетілді

Семей қаласындағы наркологиялық диспансер директоры Павел Брыжахиннің айтуынша, наркологиялық қызметтің өз ерекшеліктері бар. Оны психиатриялық емдеу мекемесінің бөлімі етіп оңтайландыру – медицина саласындағы үлкен олқылық. – Наркологиялық жұмыс­ты санмен емес, сапамен өл­шей­ді, – дейді директор Павел Брыжахин. – Бұл сырқатқа ұшы­ра­ғандар бір жеті ауырып, ем алған соң жазылып кететіндер санатынан емес. Пси­хиатриялық және нар­ко­ло­гиялық қызметті қосу қаржы үнем­деу деп түсіндіреді де, керісінше, бізге отбасылық дәрі­герлік амбулаториялар­дан он кабинет ашуды ұсынады. Оған да бәрібір қаражат кетеді ғой. Отбасылық дәрігерлік амбулаторияларда ашылған кабинеттерге есірткі дертімен ауыратындар өз еркімен қа­был­дауға келеді дейсіз бе? Кел­мейді. Өйткені, олар қаланың орталығында орна­ласқан нар­­кологиялық диспансерге көп­т­ің көзіне түспей, жасырын әрі ерікті түрде келуге үйренген. Бізді Алматымен са­лыстыруға болмайды, оларда наркологиялық қызмет ме­ке­­месіне жету қиын шығар, үлкен қала. Ал Семейде кез келген шеткі ауданнан автобуспен біздің мекемеге келуге болады. Мәселен, Павлодарда отбасылық дәрігерлік амбулаторияларда қанатқақты жоба ретінде нашақорлық дертіне ұшырағандарды қабылдау үшін қабинет ашып қойды. Павлодар да Семеймен шамалас қала ғой. Күніне бір-екі ауру ғана келеді екен. Сонымен бітті. Жарты жыл болды дәрігерлері жұмыссыз отыр. «Балтық жағалауы елдерінде отбасылық дәрігерлік амбулаторияларға есірткімен ауыратындар қап­тап келеді ғой», дейді. Бі­рақ, ол, кешіріңіз, Балтық жаға­лауы, ал біз – Қазақстан. «Мен нашақормын» деп кім ашық айтып келеді, біз Батыс елдері емеспіз ғой, біздің менталитет басқа екендігін 40 жыл бойғы тәжірибемнен байқап, көріп келе жатырмын. Айта кету керек, Семейдегі наркологиялық диспансер 36 жыл бойы есірткі мен алкогольге, темекіге тәуелділерді емдеп келеді. Былтыр еліміз бойынша «Сала үздігі-2016» байқауында бас бәйгені еншіледі. Есірткі мен маскүнемдіктен арылуға ниеттенгендерге кейде төсек те жетпей қалады екен. Павел Брыжахиннің айтуынша, Семейдегі диспансерде нашақорлықтан емделушілер үшін 70 орын бар, өткен жыл­дың шілде айынан бастап қо­сымша тағы 10 төсек қойған. Ішім­діктен мәжбүрлеп емдеуге арналған 90 төсек бар. – Бірақ, осы орынға көшеде қаңғып жүрген, мекен-тұрағы жоқтарды әкеп тықпалайды, онсыз да өзімізге орын жетпей жатса. Мәжбүрлеп емдеуге арналған төсектерден бөлек, өз еркімен ауыр дертінен арыламын деп келгендерге арналған 60 төсек және күндізгі бөлімге арналған 50 төсек бар. Бұл жерде жыл сайын 1500-2000 адам емделеді, орын да керек қосымша, материалдық-техникалық базамызды да нығайтуымыз керек, – дейді диспансер директоры. «Наркодиспансер жабылады» дегенді естіп, есептегі тіркелімде тұрған аурулардың туыстары мен ата-аналары қатты абыржып қалыпты. Қала тұрғыны Бекен Тұрап­баев темекіге тәуел­ді­­­лік­тен арылу үшін осы дис­­пан­­серге келген. Ол бір укол­­мен ғана темекіге деген әуестікті қойдыратын фран­цуздық тәсілді естіп, со­ған жүгінеді. Нәтижесінде, те­мекі тар­туды мүлде қойған. Нар­ко­диспансердің директоры Па­вел Брыжахиннің айтуынша, осы француздық тәсілді мең­геру үшін алыс-жақын шет елдерден, көрші Ресейден көп­теген ғалым-дәрігерлер келген. Семейдегі наркологиялық диспансер темекіге тәуел­ді­ліктен емдеуде озық тәжі­ри­беге ие. Олардың емдеу әдіс­терін қазақстандық нарколог­тар толық меңгерді. Енді Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Ресей елде­рімен қатар, Германиядан ке­ліп тәжірибе үйреніп жат­қан­дар бар. – Қазір темекі, спиртті ішім­дік пен есірткіге тәуел­ді­лік көрсеткіштері әлі күн­ге жо­ғары күйінде қалып отыр. Оның үстіне жаңа син­те­ти­ка­лық есірткілердің пай­да бо­лу­ына байланысты нар­ко­логиялық қызметтің жұмы­сын оң­тай­ландырғаннан гөрі же­­тіл­ді­ру қажет, – дейді диспансер дәрігерлері. Осы мекемеде Любовь Трубочеваға жолығып қалдық. Ба­ласы ішкілікке салынып, ем­дету үшін наркодиспансер дәрігерлеріне жүгінген. Олар­дың жұмысына дән риза­шылығын білдірген Трубочева оңтайландыруға байланысты да ойын айтып қалды. – Наркологиялық дис­пан­серді қысқартып, неге пси­хи­атриялық емдеу мекемесіне қарату керек? Керісінше, бұл диспансердің жұмысын кеңейту керек, – дейді Трубочева. – Есірткіге тәуелділер де осы қоғамның мүшесі. Оларға қол­дан келер көмегімізді жа­сау­ға тиіс­тіміз. Ал, тұрақты ме­кенжайы жоқ адамдарды біздің мекемеге әкеліп тық­палай бергенше, арнайы орын ашып, оларды еңбек етуге жұ­мыл­дыру керек. Бұл туралы айтып келе жатқаныма он жылдай болды, – дейді Павел Бры­жахин болса. – Біздің нарко­диспансерде емделуге 30-40 адам кезекте тұр. Олар – есірткі мен ішімдікке, темекіге тәуелді адам­дар. Біздің міндетіміз – осын­дай науқастарды емдеу. Ал тұрақты мекенжайы жоқ­тардың мәселесімен біз емес, басқа мекеме айналысуы тиіс. Психиатриялық және нар­ко­­­логиялық қызметтерді бірік­ті­руге қатысты жұртшы­лық пікірі міне, осындай. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист  СЕМЕЙ