• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2017

Жол қиылысы қажет

527 рет
көрсетілді

Желтоқсан айында Ақмола облысы әкімі С.Кула­гин Ереймен өңіріне жұмыс сапары­­м­ен келді. Үмбетей жырау атын­дағы мә­де­ниет үйінде өткен жиналыста әлеу­­­мет­­тік-эко­но­м­икалық мәселелер тал­қы­ла­н­ып, соңында жиылған қауымның та­лап-тілек­­теріне ауызша жауаптар бе­рілді. Сауал қоюшылардың бірі болған соң, өзім қоз­ғаған тақырыпты кеңірек қамту үшін қолыма қалам алып отырмын. Бұл әкім­­дерге айтылып, тиісті орындарға жазы­­лып, әбден жауыр болған мәселе – жол қаты­­насы. Анығырақ айтқанда – құры­­лы­­сы аяқталуға жақын қалған Аста­на-Өске­­мен бағытындағы тас жолдан Ажы ауы­лына бұрылу үшін жол қиылысын салу. Ауылымыз облыс орталығы Көкше­тау қаласынан 500 шақырымнан асатын қашықтықта орналасқан. Географиялық орналасуы Өлеңті өзе­ні­нің оң жағасында, яғни Павлодар об­лы­сының дәл шек­арасында. Қазіргі таң­да ауылда 400-ге жуық тұрғын өмір сүру­де. Арамызда бесіктегі баладан бас­тап, алды сексенді еңсерген зейнеткерлер, Ауған соғысының ардагері де бар. Ауыл маңайының жер бедері төрт түлік мал­ды өсіруге ыңғайлы болғандықтан ел іші негізінен мал шаруашылығымен айналысады. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» демекші, көктемде суландыру жүйесі арқылы су шабындыққа молы­нан жайылып, өлең-шөп бітік өседі. Табындап мал өсір­ген шаруа қожалық­тары ауданның мем­лекетке ет тапсыру жоспарының 53 па­йызын орындап отыр. Астанадан Павлодарға қарай сапар­ла­ған адамдар біледі, бұл бағытта тас жол 205 шақырымда өзеннің үстінде көпір арқылы жалғасады. Көпірден Ажыға тура қатынайтын арақашықтығы он жеті шақырымдық дала жолы бар. Осы дала жолына салынып жатқан Орта­лық-Шығыс бағытындағы Астана-Өскемен тас жолынан жол бұрылысы қарас­тырылмапты. Негізі жобада Ажы және Қойтас ауылдарына қатынасу үшін 197-ша­қырымда Қойтас ауылы арқылы өтетін жол айырығы бар екен. Бірақ көк­тем­де қар еріп, Өлеңті өзені арнасы­нан асып тасығанда сол жақ бетіндегі Қой­тас ауылы мен оң жағалаудағы Ажы ауылы­ның арасында көпірдің жоқтығынан ара­қатынас наурыздың басынан мамыр айы­ның соңына дейін үзіліп қалады. Бұл кезде ешқандай көлік тасыған өзеннен өте алмайды. Биыл мұндай жағдай нөсерлеп жауған жаңбырдан соң, 28 шілдеден тамыз айының соңына дейін жалғасты. Осындай кездері ажылықтар дала жолымен 205 шақырымдағы көпір арқылы сыртқы дүниемен байланысып жүр. Боранды-шашынды, қары қалың қысты күндері де ауыл адамдары осы жолмен қатынайды. Төрт жыл болды ауылдағы білім ордасы «бала саны жетпейді» деген желеу­мен орта мектептен негізгіге қыс­қарды. Көршілес Қойтас ауылында мектеп жабылды. Оқушы балалар өзен тасығанда жаңағы дала жолымен 205 шақырымдағы көпір арқылы тасымалданып, Ажы мектебінде оқытылады. Іргесі 1981 жылы қаланған Қойтаста зират та жоқ. Жаман айтпай, жақсы жоқ! Жайшылықта тып-тыныш ағатын өзен көктемде тасып дарияға айналған­да қайтыс болған адамың­­ды Ажыдағы қорым­ға жеткізу де мұң. Жаза берсек, мұн­дай мұңлы мысал­дар жеткілікті. Сондық­тан, ауылдан тас жол­дағы көпірге тура қаты­най­тын дала жолы ажылықтар үшін өмір жолы іспеттес, оны сөзбұйдаға салмай салу қажет. Облыс әкімі осы түйткілді мәселені шешуді жауапты адамдарға тапсырды. Олар болса, келер жылы жобалау құжаттарына өзгерістер енгізіп, туындаған мәселені шешеміз деп уәде берді. Дегенмен де, бұл шығарыпсалма жауап емес пе екен деген көңілде күдік бар. Себебі, ауыл тұрғындарынан аудан әкіміне, Мәжіліс депутаты Е.Барлыбаев арқылы «Қазақавтожол» АҚ-қа, облыс әкіміне бірнеше мәрте хат жаздық. Берілген жауаптарға қанағаттанбаймыз, өйткені дала жолы тұсында ешқандай жұмыстардың атқарылмауы, былайша айтқанда, «өлі тыныштық» көңілімізді күпті етіп тұр. Ел іші болған соң әртүрлі көзқарас­тағы адамдар болатыны рас. Бәзбір ағаларымыз жол қиылысының қажеті жоқ, екі ауылдың арасына көпір салу жөн деп есептейді. Осы арада тағы да өткен күннен сөз қозғаймыз. Өлеңті өзенінің арғы бетінде Ажымен қатар Бозтал ауылы бар. Бозталдықтар Кеңес өкіметі кезін­де көпір салғызып алды. Ал біздің ауыл­дың сол кездегі атқамінер­лері ай қара­ған ғой, зардабын бүгін біз көріп отыр­мыз. Әрине, кеңшардың күші­мен өз бет­т­ерін­ше көпірсымақтар салмақ­шы бол­ған. Нәтижесі белгілі, су астын­дағы табаны­на табиғи тас төселген «Тасөткел» атты өткелдің түбіне жеттік. Көпір салу ерік­кеннің ермегі емес, ол – страте­гия­лық нысан, жауапкершілігі аса зор, эконо­микалық тұрғыдан көп қаржыны талап ететін шаруа. Ажы – 160 жылдық тарихы бар ауыл. Енді, өркениет дамуының күретамыры – жол екенін ескеріп, тас жолдан Ажыға тура қатынайтын дала жолына жол қиылысын қарастыруды ойластырайық деген тілек бар. Жұмабек РАХЫМБЕКҰЛЫ Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Ажы ауылы