2016 жылы Қазақстанда сәби өлімі 11,6%-ға, яғни 2015 жылы 1000 тірі туылған 9,6-дан 2016 жылы 8,6-ға дейін төмендеді, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Көп жағдайда сәби өліміне перинаталдық кезеңнің асқынуы себеп болады. Сонымен бірге, 1 жасқа дейінгі балалар дамудың туабітті ақаулары, тыныс алу және қан айналым органдарының сырқаттануы себепті де қайтыс болады.
Республикада күн сайын 1 мыңнан астам, жыл сайын 400 мыңнан аса сәби дүниеге келеді. Туу көрсеткіші соңғы 5 жылда 3%-ға өсті. Елімізде сәби өлімін азайтуға бағытталған шаралардың нәтижесінде салмағы 500 грамм және одан асатын шала туған балалар өмір сүруге мүмкіндік алды. 5 жылда салмағы 1500 граммға дейінгі санаттағы балалардың тіршілікке қабілеттілігі 30%-ға өсіп, 60%-ға жуық көрсеткішті құрап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 ж. арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстанда негізгі әлеуметтік мәні бар, елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар 5 негізгі нозология (миокардтың жіті инфаркті, мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), қатерлі ісік аурулары, сынықтар, жүктілік және босандыру) бойынша медициналық көмек көрсетудің біріктірілген үлгісі кезең кезеңімен енгізіліп келеді.