• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2017

Өңір өмірі – өсіп-өнудің көрінісі

312 рет
көрсетілді

Жуырда Парламент депутаттары өңірлерге шығып, онда сайлаушылармен кездесіп, олардың көптеген мәселелерін тыңдап, шешілуіне депутаттық сауалдар арқылы атсалысуға, жаңадан қабылданатын заң жобаларында олардың алаңдаушылықтарын ескеруге уәде беріп қайтты. Біз депутаттардың арасынан Сенат Төрағасының орынбасары Бектас БЕКНАЗАРОВҚА жолығып, барған сапары жөнінде айтып беруін өтінген едік. – Халықпен тікелей кездесіп, көтеріліп жатқан мәселелерді олар­дың өз ауыздарынан естіп, қай­тып келген соң олардың бәрін жүйелеп, тиісті ұсыныстар беру – Пар­ламент депутаттары жұмы­сы­ның басты бағыттарының бірі. Мен Оңтүстік Қазақстан өңірі­нен сайланған сенатор Әли Бек­таевпен бірге түстікке сапар шек­тім. Халық өте тығыз қоныстанып, көп мәселелер туындайтын өңірді өзім таңдап алдым. – Ат басын алдымен қайда тіредіңіздер? – Алдымен облыс әкімі Жан­сейіт Түймебаев пен облыстық мәслихаттың жаңадан сайланған хатшысы Қайрат Балабиевпен кездестік. Кездесу барысында об­лыстағы жалпы экономика­лық, әлеуметтік және құқықтық сала­­лар­­дың жағдайы туралы жан-жақты сөз болды. Ерек­ше тоқ­талған мәселелер қатарын­да ауыл шаруашылығы инфра­құры­лымдарын дамыту, фермерлер мен шаруа қожалықтарына бері­летін көмек мәселесін жақсарту, мал басын көбейтуге қолайлы жағдай туғызатын жайылымдар мәселесін шешу туралы әңгімелер айтылды. – Айрықша көзіңізге түсіп, жақсарған дүниелер бар ма екен Оңтүстікте? – Бар екен. Соның ең басты­сы – қай бағытқа жүрсеңіз де жар­қырап жатқан, заулатып жүруге мүмкіндік беретін тас жол­дар болды. Бұрын жолдар үлкен про­блемалар тудырып жата­тын еді ғой. Мысалы, осыдан 3-4 жыл бұрын Түркістан мен Шымкенттің арасындағы жолдың қиыншылығын өз басымнан кешіп едім. Қазір жағдай мүлдем өзгеше. Осы жолы жарқырап жатқан кең жолдарға тап болып, әбден риза болдым. Қазір біздің экономикалық жағдайымыз­дың жақсара түскендігінің бір көрі­ні­сі. Сонымен қатар, жол үстіндегі көліктің өте көп екендігі көзге түсті. Бұл – халықтың тыным ал­май, өз шаруаларымен, өз тір­лігін күйттеп, үнемі қозғалыста жүргендігінің белгісі. – Халықпен болған кездесу­лерден не түйдіңіз? – Кездесулерден халық көңіл-күйінің оптимистік рай­да екендігі көрініп тұрды. Түркі­стан қаласындағы кездесу­ге ақсақалдар, аудандық мәсли­хат депутаттары, шаруа қожа­лық­тарының басшылары келді. Қазығұрт, Төле би және Сайрам аудандарындағы кездесулерде де сондай, халықтың белсенді тобының өкілдері көп болды. Солар­дың бәрінде халықтың жаса­лып жатқан оң істерге қуа­нып, қолдап отырғандығы бір­ден көзге түсті. Бұрынғы қиын­дық­тардың бәрі артта қалған. Ағылшынның ғұламасы Вольтер: «Ұлы қиындықтарсыз – ұлы жеңістерге жете алмайсың» деген екен. Сол айтпақшы, біз үл­кен қиын­дықтардан өтіп, енді ұлы жеңістердің даңғыл жолына түс­кен сияқтымыз. – Дегенмен проблемалар да бар шығар, мысалы қан­дай мә­се­лелер халықты толғантады? – Әрине, проблемалар жоқ емес. Мәселен, Түркістан қаласында ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылғасын Әзірет­бергенов өңірде мал ұрлығының тыншы­май тұрғанын айтты. Поли­ция тарапынан оны тыю­ға жасалып жатқан шара­лар ық­палсыз, заңның жұмсақ­тығы­нан олар күдікті деген адамдардың үйіне, мал қораларына тінту жа­сай алмайды. Күш қолданып аула­ларға кіруге заң рұқсат бер­мей­ді. Ұрлығы үшін ұсталып, сот­та­лып жатқандарға берілетін жа­за­лар өте жеңіл деген пікірлер айтты. Сонымен қатар, осы ақсақал білім саласындағы проблемаларды да айтты. Ақсақал үш тілділікке ешкімнің қарсы еместігін айтты, алайда оны үйретуді ептеп, үл­кен дайындықпен бастау керек еді ғой. Қазір химия, био­ло­гия, информатика деген пән­дер ағылшын тілінде оқытыла бас­тады. Ал оны сапалы деңгейде оқы­татын мұғалім жоқ, екіншіден жаңа тілді бала бірден меңгеріп кете алмайды. Үшіншіден, тарих пәнін орыс тілінде оқыту туралы шешім қабылданғанын түсінбей дал болып отырмыз, дейді ақсақал. Мұны естіп мен де таң қалдым. Бәріміз де бұрын тарихты қазақ мектептерінде ана тілдерімізде оқыған едік қой. Мен мұны қазір анықтап жатырмын, халыққа осылай жеткен шешімнің қай­дан шыққанын, неге шыққанын бәріміз де білуіміз керек. Сонымен бірге, халық ана тілімізді қолдап, дамыту мәселелеріне қатты алаң­даушылық білдірді. Жалпы, қай мәселеде де «ат тұм­сығы жарға тірелген емес», шешуге болатын дүние­лер. Мы­салы, ауылдағы мемле­кет­­тік қызметшілердің жалақы­сын өсіріп, оларды басқа да мем­ле­кет­тік компаниялар мен ұжым­дардікіне жақындату – толға­ғы жеткен мәселе екендігі рас. Қазы­ғұрт ауданында Аманбай Омаров деген ақсақал, Өрісбай Көпеев, Бекзат Сәбетханқызы сияқ­ты азаматтар, Төле би ауда­нында Құдайберген Оңғаров, Сайрам ауданында Әлібек Бай­назаров деген ақсақалдар кадр даярлау мәселесінің сапасы нашар екендігін айтты. Аудандағы м­аман­­дар дайындайтын кол­ледж­­­дің материалдық базасы төмен, оқушыларды үйрететін құрал-сай­мандардың жоқтығы тілге тиек етілді. Сонымен қатар, шаруа қожалықтарына жеңіл­детіл­ген бағамен берілетін жанар-жағармайларды сатып алу­дың тендерлері наурыз-сәуір айын­да өтетіндігі айтылды. Ал бұл уақыт­та Оңтүстіктегі егіс нау­қаны аяқталып та қалады екен. Соны қаңтар айында өткізуге бола­ды ғой деген тілектің неге орын­дал­майтынына таңғаласың. – Жұмыс күші артық оңтүс­тіктен солтүстік облыстарға қоныс аудару мәселесі туралы халық не айтады? – Бұл мәселені біз халықпен де, облыс әкімімен де қозғап, тал­қыладық. Жалпы, халық сол­түс­тікке көшуге қарсы емес. Бірақ барған жерлерінде жұмыс орындары болмаса, тұратын мекен­жай табылмаса, осындай мәсе­ле­лерге жоғарғы өкімет назар аударып, арнайы бағдарлама дайындап, қаражат бөлмесе қайдан барамыз деген сұрақтар қойылды. Кейбір жеке азаматтар барып, іскерлік танытып жатқандар да бар екен. Сонымен бірге, үлкен топ бо­лып, тұтас ауыл болып бұрын­ғы тұ­р­­ғындары тастап кеткен жері бос, елді мекендерге көшіп баруды қа­лай­­тындар да бар екен. Бұл біздің аға­­йын­шыл, туысшыл екеніміздің көрінісі ғой, әрине, бұл мәселе мемлекет тарапынан қолдау тапса шешіліп те қалар еді деп ойлаймын. Халық та соны айтып отыр. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»