• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2017

Қорғаныс қарымы артып келеді

322 рет
көрсетілді

Бүгінде еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қарулы Күштеріміздің қорғаныс қабілеті күннен-күнге артып келеді. Жауынгерлік дайындық та сол талапқа сай жүргізілуде. Мәселен, өткен жылдың сегіз айында «Айбалта-2016» оқу-жаттығуына 5000-ға жуық әскери қызметші тартылса, оған қоса, 1500 бірліктен аса техника, 30 бірлік авиациялық техника жұмылдырылды. Сол сияқты «Қаратау-2016» оқу-жаттығуына 7000-нан аса әскери қызметші қатысса, 2500 бірлікке жуық техника мен 70-тен аса авиациялық техника қолданылған. Бұған қоса, өткен төрт айда 950-ден аса оқу-жаттығу ұйым­дастырылыпты. Әрине, мұның бәрі еліміз әскерінің дайындығы талапқа сай екендігін және кез келген тапсырманы орын­дауға қашанда сақадай-сай тұратындығын білдіреді. Осы арада әскери қызметті жақсы атқару үшін көптеген өзгерістер болып жатқанын айта кеткен жөн. Соның бірі ретінде, мәселен, еліміздің Қарулы Күштерінде және басқа әскерлері мен әскери құрылымдарындағы Саптық жарлыққа жаңа өзге­рістер енгізілген болатын. Мысалы, бұрын сапта жүргенде адым ұзындығы 70-80 см болатын болса, енді ол 60-70-тен аспайды. Сол сияқты адым жылдамдығының жиілігі азайып, аяқты көтеру биіктігі де азайтылды. Ал біле-білсек, бұл жаңадан енгізілген өзгерістер әскери қызметшілердің сүйек пен бұлшық ет жүйесіне түсетін жүктемені азайтады. Сарбаздар саптық жаттығу жасап жүргенде шаршап қалмайды. Сонымен қатар, сап қатарында анағұрлым нақты түзелуді қамтамасыз етеді екен. Мұның бәрі негізгі жауынгерлік қызметті атқаруға көп септігін тигізеді. Әскери дайындық талап­тарының негізі Әскери доктринамызда да нақты көрініс тапқан. Еліміздің Әскери доктринасы мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қарулы жанжалдарды болдырмауға, әскери ұйымды дамытуға арналған. Әрине, қазіргі кезде бұрын айқындалған бағыттарды іске асыру аясында әскери қауіп­сіздікті қамтамасыз ету, мем­лекеттің әскери ұйы­мын же­тілдіру, шағын, бірақ тех­никалық тұрғыдан жарақтандырылған және ұтқырлығы жоғары Қарулы Күштерді құру мақсатында назарға алынған іс-шаралардың елеулі ауқымы орындалды деп айта аламыз. Қазіргі уақытта Қазақстанда Құрлық әскерлерінен, Әуе қорғанысы күштерінен және Әскери-теңіз күштерінен тұратын Қарулы Күштердің оңтайлы құрылымы құрылды. Құрлық әскерлерінің құрамына төрт өңірлік қолбас­шылықтың әскерлері, сондай-ақ, Аэроұтқыр әскерлері, Зымыран әскерлері мен артиллерия кірді. Бұл орайда жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық, өзге де заңға қарсы қол сұғу­шылықтан қорғауға арналған ұтқыр, кәсіби даяр­ланған әскер қатары артты. Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жоюдың мемлекеттік жүйесін жетілдіру және нығайту процесі, оның ішінде дүлей зілзалаларға, апаттарға қарсы іс-қимыл инфрақұрылымын және олардың тәуекелдерін басқару жүйесін дамыту, шұғыл ден қою күштерін қажетті авария­лық-құтқару техникасымен жабдықтау, мониторинг пен болжаудың тиімді жүйесімен қамтамасыз ету жалғастырылуда. Осылайша, Әскери доктри­наға сай, бүгінде Қарулы Күш­терді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды даярлау жан-жақты жүргізілуде. Алайда, әлемдегі және өңірдегі әскери-саяси жағдайдың шиеленісуі, техникалық прогресс, қарулы күрес жүргізудің нысандары мен тәсілдерін жетілдіру аясында әскери қауіпсіздіктің қазіргі заманғы қатерлеріне қарсы іс-қимыл таныту үшін мемлекеттің әскери ұйымының тиімділігін ұдайы арттырып отыру қажет. Өйткені, ол мемлекеттің әскери саясаты мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін одан әрі дамытуды талап ететіндігін естен шығармаған жөн. Бұл міндеттер Әскери доктринада жан-жақты көрсетіліп, бәрі де талапқа сай атқарылып жатқандықтан, еліміздің қорғаныс қабілетінің алдағы уақытта одан әрі арта беретініне сенім мол. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»