Жаңа басшылықтың жаңалығы
Зейнетақы қорының тізгінін таяуда ғана ұстаған Нұрбибі Наурызбаева алдағы уақытта тиісті заңнамаға өзгеріс енгізілуі мүмкін екендігін айтты. Яғни, соның арқасында қазақстандықтарға зейнетақы қорындағы қаржысының бір бөлігін білім алуға, ипотека арқылы баспана алуға, не болмаса емделуге жұмсауға жағдай жасалуы мүмкін екен. Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу мәселесі әлі талқыланып жатыр, ол туралы Ұлттық банк төрағасы да айтты. Егер оған заң жүзінде рұқсат берілсе – ол қаражат бірінші кезектегі қажеттіліктерге, яғни білім алуға, емделуге немесе ипотекаға жұмсалатын болады, – деген-ді Н.Наурызбаева. Дәл қазір зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын аламыз деп кесіп айтуға әлі ерте. Не болмаса, қордағы қаражаттың күйі не болатынын, оны қартайғанша сарсылып күтеміз-ау деп уайым жеудің де реті жоқ. Себебі, айтып өткеніміздей, бұл мәселе әлі талқыланып жатыр. Дегенмен, оның қандай пайдалы немесе теріс жақтары бар екеніне қазірден көз жүгірте бергеннің артықтығы болмас деген ойдамыз. Экономика ғылымдарының кандидаты, Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер институтының директоры Жангелді Шымшықов бұл туралы былай деп өз пікірін білдірді: – Негізгі мәселе қордағы жиналған қаражаттың көлеміне және оны қалай тиімді кәдеге жаратуға келіп тіреледі. Абайдың бір өлеңіндегі «Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай...» деген жолдар есіме түсіп тұр. Себебі, бұл да шаруашылықтағы тәжірибенің, экономикалық сауаттылықтың бір көрінісі. Жерінің шөбін үнемдеген бай сияқты, қордағы қаражатын тиімді пайдалану үшін қарапайым азаматтардың жауапкершілігі, қаржылай сауаты болуы керек. «Тәбетін» тежей алмай, ақшам бар екен деп оны ретті-ретсіз жұмсай беруге тағы болмайды. Біздің азаматтардың арасында қолындағы қаражатын қартайғанда керек болады деп жинауға қабілетсіздер болуы мүмкін. Демек, талқыланып жатқан мәселенің әлеуметтік астарына да үңілген артықтық етпейді. Қаржыны жинап, көбейтумен айналысуды білікті қаржыгер мамандарға, тиісті мекемелерге жүктеу дәстүрі осыған байланысты қалыптасқан. Екінші жағынан, қорға да толық сеніммен қарау қиын. Жасыратыны жоқ, бірқатар жауапты адамдар істі болып жатыр, сондықтан өз ақшасын алып, өзі жұмсағысы келетін адамдарға да түсіністік танытқан дұрыс сияқты.Бұрынғы һәм бүгінгі ереже
Жалпы, зейнет жасына жетпесе де, жақын қалған азаматтарға қордағы қаражаттың бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік беретін тетік осыдан бірнеше жыл бұрын болғанын айта кету керек. Ол жүйе бойынша жасы 55-ке толған азаматтарға зейнетақы қорындағы қаражатын жеке сақтандыру компанияларына аударуға мүмкіндік берілетін. Қаражаттың көлемі тиісті сақтандыру компаниясы белгілеген мөлшерден, мәселен, орташа есеп бойынша 3 миллионнан асқан жағдайда азаматтарға ол ақшаның белгілі бір бөлігін алуға мүмкіндік жасалатын. Қалған қаражатты иесі зейнетақы жасына жеткенше сақтау және пайыздық үстемемен көбейтіп отыру компанияның міндеті саналады. Осы жүйе бойынша жасы 55-тен асқан азаматтардың біразы бейнетінің зейнетін ертерек көріп, біршама қомақты қаражатқа кенеліп қалған-ды. Алайда, қазіргі ереже басқаша. Заң бойынша, әйелдер 58 жасқа, ерлер 63 жасқа толғанша зейнетақы қорындағы қаржының мұртын бұзуға да мүмкіндігі жоқ. Иә, қазір зейнеткерлік аннуитет бар, онымен айналысатындардың жұмысы қызып тұр. Біз сондай компаниялардың бірнешеуіне хабарласып, жиылған аз-мұз ақшамызды қалай алуға болатынын сұрастырған едік. Жарнама болмас үшін олардың атауын құпия қалдырдық. Сонымен, жеке компаниялардан сұрап білгеніміз мыналар: – 63 жасқа толған ер-азаматтар тиісті өтінішін жазып, өз қорындағы қаражатты қандай да бір аннуитеттік компанияға аударуын сұрайды. Қаражаттың бір бөлігін алу үшін оның сомасы 6 млн теңгеден асуға тиіс. Әйелдердің жас мөлшері төмен болғанымен, есесіне жиылған қаржы көлемі көбірек – 8 млн-нан жоғары болуы керек. Ең төменгі мөлшері 9 млн-ға жуықтайтын да компаниялар бар. Олар зейнет жасына жеткен азаматқа бастапқыда бұл қаржының шағын бір бөлігін аударады. Қалған қаржыны жыл сайын орта есеппен 5 пайыз көлемінде көбейтіп отыруға кепілдік береді. Ал сіз зейнетақыны ай сайын алып отырасыз. Не болмаса, ай сайын емес, тоқсан сайын немесе бір жылда бір мәрте алып отыруыңызға да болады, ол үшін компанияның тиісті бонусы және бар.Биыл болатын игіліктер
Зейнетақы жырына байланысты ел күтіп отырған екі өзгеріс бар. Оның біреуі биыл міндетті түрде болатын, шешіліп қойылған игілікті жаңалық. Мемлекет басшысының тапсырмасы бо- йынша, биылғы жылдың шілде айынан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы көлемі 20 пайызға көбейетіні белгілі. Ынтымақты зейнетақы биылғы жылдың 1 қаңтарынан 9 пайызға ұлғайтылса, шілдеде тағы 11 пайызға көбейіп, 49 мың теңгеге жуықтайды. Базалық зейнетақы да биылғы қаңтар мен шілде айындағы өзгерістерді қоса алғанда 20 пайызға өседі. Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, еліміздегі зейнеткерлердің жалпы саны 2 млн 100 мыңнан асады екен. Зейнетақы мөлшерін арттыру мақсатында республикалық бюджеттен қо- сымша 79,8 млрд теңге қаражат бөлінбек. Ел құлағын түріп отырған екінші жаңалық туралы жоғарыда айтып өттік. Ол әзірге талқылану кезеңінде. Жалпы, жинақтаушы зейнетақы жүйесі әлем елдерінің көпшілігіне тән. Оны қарапайым тілмен баяндар болсақ, депозитте ақша сақтауға ұқсайды. Шамаң жеткенше табыс табасың, оның бір бөлігін банкіге саласың. Кім көп салса – соның зейнетақысы да көп. Еңбегіңнің зейнетін көру үшін көбірек күтуге тура келетіні түсінікті, есесіне қарттығыңды алаңсыз өткізу мүмкіндігің жалқауларға қарағанда жоғары болмақ. Қарттық қуаныш емес, әрине. Дегенмен, бақуатты қарттыққа да дайындалу керек. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»